ІІМ митинг кезінде ұсталғандардың нақты санын жариялады

11 июня, 11:13
0 1

Ішкі істер министрлігі екі күннің ішінде ұсталған адамдардың нақты санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Митингілер болған бірінші күні 500 адам ұсталған еді. Оның ішінде 400-дей адам жауапкершілікке тартылды. Ал екінші күні шамамен 200 адам ішкі істер органдарына жеткізілді. Олардың арасында 150-ге тарта адам жауапкершілікке тартылды", - деді минстрліктің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында болған митингілерді "Қазақстанның демократиялық таңдауы" экстремистік ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған - агенттік ескерт.) жақтастары ұйымдастырған.

"Олар әлеуметтік желілер мен басқа да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қарапайым адамдарды шеруге шығарып, тәртіпбұзушылыққа итермеледі. Соның салдарынан біздің үш қызметкеріміз жарақат алды. Екеуіне тас тиді. Біреуінің көзіне газ балонын шашты”- деп атап көрсетті Ораз.

Митингілер кезінде ұсталған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттама рәсімделген. Ал кейбір адамдар профилактикалық шарадан кейін үйіне жіберіліпті.

Министрліктің ресми өкілі ұсталғандарды Қарағанды қаласына дейін апарып тастау мәселесін де түсіндірді.

"Енді, бұның барлығы ішкі істер органдарының құзіретінде, яғни соттың үкімімен шешілген. Заңды қарасаңыздар болады, ішкі істер органдары ұсталғандарды қай жерге орналастыратынын өздері шешеді”, - деді Ораз журналистерге берген сұхбатында.