Абаев жас журналистерге ақыл-кеңесін айтты

12 октября, 14:45
0 1

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Жас қалам» форумының ашылуында жас журналистерге кәсіби маман болудың қыр-сырымен бөлісті,  Baq.kz тілшісі.

«Елбасы биылғы Жолдауында «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастару керек. Келесі жылы «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын» деген болатын. Сондықтан болашағын қаламмен байланыстырып, медиа саласына арнауға бел буған сіздер үшін де көптеген мүмкіндіктерге жол ашылары сөзсіз. Қаламның иесі болу, мықты журналистке айналу айтуға ғана оңай шаруа. Ол үшін көп ізденіс, тәжірибе қажет. Сондықтан бүгінгі форумның сіздерге берері көп болмақ. Осындай пікір алмасу алаңдары қанаттарыңызды қатайтады, талаптарыңызды шыңдайды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жастарға әрі журналистикаға байланысты бастамаларды қолдауға әзір»,- деп мәлімдеді Абаев.

Министр отандық медиа нарықтың жаһандық коммуникациялық революцияның негізгі трендтерімен бірге дамып жатқанын атап өтті.

«Осындай өзгерістерде журналистік шеберхананың дәстүрлерін, құндылықтарын сақтап қалуымыз керек. Бүгінгі форум осы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, бірлесе тиімді шешімдер табатын алаңға айналатынына сенемін. Дариға Назарбаева жас журналистерге кәсіби маман болу туралы өте маңызды үндеу айтты. Егер сіздер сұрақты дұрыс қоя білсеңіздер соған сай дұрыс және мардымды жауап ала аласыздар», - деді Ақпарат және коммуникациялар министрі.

Айта кетсек, бүгінгі форум 14 пен 29 жас аралығындағы 100-ден астам адамның басын қосып отыр. Сондай-ақ, форум барысында жас журналистерге арнап БАҚ саласындағы танымал тұлғалар мен кәсіби мамандар тәжірибелерімен бөлісетін болады.