Ақтау полициясы 15 жасында отау құрғандардың жағдайы не болатынын айтты

09 сентября, 20:17
0 1

Ақтау полициясы 15 жаста отау құрған жас жұбайлардың видеосын тексеруге кірісті, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Облыстық полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, жас жұбайлардың кім екені анықталды. Қазіргі кезде кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша арнайы бөлім мамандары видеоны зерделеп жатыр.

"Жасөспірімдердің аты-жөні анықталды. Алдағы уақытта бөлім мамандары тиісті ақпаратты Ақтау қалалық әкімдіктің кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтарын қорғау бөліміне жібереді. Сол жерде жас жұбайларды есепке қою мәселесі қаралуы мүмкін", - дейді құқық қорғаушылар.

Ал Ақтау қалалық әкімдігі жас жұбайлардың өз некесін тіркемегенін хабарлады. Себебі заң бойынша некеге тұратын жасқа толмаған.

Жасөспірімдер қалай үйленді?
Жақында Ақтауда 15 жастағы жасөспірімдердің үйлену тойы өткен болатын. Осы той желіде қызу талқыланып жатыр. Қыз бен жігіттің екеуі де колледжде оқиды. Қалыңдық әлеуметтік желіде екеуінің қалай қосылғанын баяндады.

"Біз екеуіміз де 2004 жылы тудық, он бес жастамыз. Ата-енеммен бірге Ақтауда тұрамын. Біз үш-төрт ай кездестік. Кейін үйленеміз деп шештік. Ата-анамыз басында, әрине, қарсы болды. Мені алып қашты. Қайтып келген қыз жаман дегендей және бір-бірімізді сүйгендіктен, қаламын деп шештім", - деп жазды қыз.

Қалыңдық үйлену тойының суреттерімен желідегі парақшасында бөлісті. Той осы жылдың шілде айында болған көрінеді. Желі қолданушылары мешітте неке қиылғанмен, ресми куәлік жоқ болуы мүмкін деген болжам айтып отыр.

Айта кетейік, Қазақстанда тек 18 жастан бастап неке қиюға болады. Кейбір себептерге байланысты некені тіркеуші орган бұл шекті екі жылға төмендете алады. 18 жасқа толмағандар арасындағы неке ата-аналарының жазбаша түрдегі келісімімен ғана рұқсат етіледі.