Ерден ҚАЖЫБЕК: «Қазақ мектебі» деген атау болмауы керек

13 августа 2017, 23:06
0 1

  Ерден Қажыбекті көзіқарақты оқырман жақсы таниды. Ол қазір А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры. Ерден мырза Қажыбек журналист Оралхан Дәуітпен ашық сұқбат кұрып, латын әліпбиіне қатысты мәселенің түп-төркінін ашып берді. Сонымен әңгіме әліпбиден басталды...

Латын әліпбиіне өту – құлдық санадан арылу.

– Латын әліпбиіне өту мәселесі баяғыда-ақ пісіп-жетілген. Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап күн тәртібінде тұрған мәселе. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «тәуекел» деп латынға ауысып алғанда тіптен жақсы болар ма еді? Бірақ, шындықты айту керек, ол кезде еліміздің жағдайы мүлдем басқаша болды. Былайша айтқанда, ешқандай мүмкіндігіміз болған жоқ. Ол кезде қазақ ұлтының үлес салмағы аз еді. Тәуелсіз еліміз енді-енді ғана тәй-тәй басып, экономикамыз еңсесін көтере алмай жатты. Қаржы жоқ. Екі бүйірімізді қысып екі алпауыт ел жатыр. Осы жағдайлар латынға бірден өтіп кетуге мүмкіндік бермеді. Президентіміз ең алдымен экономика деген саясат ұстанды. Алдымен аяққа тұрып алайық деді. Енді, міне, саяси тұрғыдан алғанда қазір латын әліпбиіне өтуге ең ыңғайлы кезең. Экономикамыз тұрақты, демографиялық жағдайымыз жақсарып келеді. Сондықтан қазір үлкен мүмкіншілік туып отыр. Яғни бұл бастама бойынша дер кезінде шешім қабылдап, іске асыру қажет. Латын әліпбиіне өтуді көп адам тек тілдік мәселе деп ойлайды. Тек жазу, әріп ауыстыру деген сияқты. Мүлдем олай емес. Бұл – өркениеттік таңдау. Бұл – бағытты өзгерту. Құлдық санадан арылу. Өз басым латын әліпбиіне көшу мәселесі Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында көтерілгенін жақсы ырымға баладым. Аруақтар қолдап жатыр. Рас, еліміздегі ұлттық мәселелер бәрімізді алаңдатып отыр. Президенттің соңғы мақаласы еліміздегі ұлттық саясатты 180 градусқа бұрып жіберді. Бұрын көпұлттылық мәселесі көбірек айтылатын. Қазір ұлттың мәселесі көп айтылып жүр. Қазақстан сияқты кез келген ел көпұлтты. Германия, Франция, Англия – оларда да көптеген ұлттар тұрады. Бірақ барлық елде мемлекет құраушы ұлт болады. Менің ойымша, латын әліпбиіне көшу арқылы қазақ тілі шын мәнінде мемлекеттік тілге айналуға бастама алады. Біз көне ел, көне мемлекетпіз. Латын әліпбиіне көшу – тілдік мәселелердің бәрін өз қолымызға алу деген сөз.

 Әліпбидегі әріп санын ретке келтіру керек

– Негізі, тілімізде 28 дыбыс бар. Бірақ қазіргі әліпбиімізге тілімізде жоқ әріптерді кіргізгенбіз. «Ё», «я», «ю», «ц» деген сияқты әріптерді... Сондықтан әріп санын ретке келтіру керек. Бәлкім, «ф», «ч» деген сияқты кейбір әріптер қалуы мүмкін. Бұл әріптер араб-парсы және басқа тілдерде бар ғой. Ал тілімізде араб-парсыдан енген сөздер көп. Дегенмен мәселе әріпте де емес. Қазір жазу ережелеріміз қазақша емес. Яғни ережелеріміз қазақша-орысша. Біз «съезд» «университет», «факультет» деген сөздерді қалай жазамыз? Әрине, орысша жазамыз. Яғни ережелеріміз орысша-қазақша аралас. Содан барып тіліміз де аралас болды. Сондықтан ең алдымен емлемізді жөндеуіміз керек. Сөздерді қазақша жазып, қазақша айту қажет. Мысалы, «шіркеу» қазақтың сөзі сияқты. Бірақ кезінде біздің қазақтар «церковь» деген сөзді «шіркеу» деп қабылдаған. «Бөкебай» дейміз. Қандай әдемі сөз. Бұл «пуховой» деген сөздің қазақша баламасы екенін екінің бірі біле бермейді. Бөтен сөздерді өзімізге енгізгенде өзіміздің тілдік ережелерге сыйғызып жібереміз. Бөтен сөздер өз сөзіміз сияқты боп қалады. Тіпті қазақ тілінің қоры өте бай екенінің бір дәлелі болар, шетелдің бір сөзінен бірнеше сөз жасап аламыз. Мысалы, «әбдәсте» деген сөз парсы тілінен «сулық орамал» деп аударылады. Содан «дәс» (беторамал), «дес» (теңдік, қол ұшын беру), «әбдест» (дәрет), «әбдесте» (орамал) деген сөздер туындаған. Сондай-ақ арабтың «тағам» сөзінен біздің тілде екі сөз пайда болды: «дәм» және «тағам». Ал бұл екеуі араб тілінде бір-ақ сөз. Бір сөзді екі фонетикалық вариантқа бөліп, екі бөлек сөз жасап алған. Және бұлар тіліміздің заңдылықтарына байланысты тілімізге сіңген. Сол сияқты «бөрене» сөзінің түп-тамыры «бревно».

Қазіргі инновациялар мен технологиялардың негізгі тілі – латынша

– Қарап отырсаңыз, қазір дүние кішірейді. Ұшаққа отырасың да, Жер шарының басқа бір бөлігіне жетіп бара қаласың. Бұрынғыдай шекара жоқ. Қаншама адам шетелді еш кедергісіз аралап, шаруаларын тындырып жүр. Қазір бизнестің барлығы ғаламторда. Заман өзгерді. Алдағы уақытта компьютер біздің кітабымыз да, газетіміз де, телевизорымыз да болады. Қазіргі инновациялар мен технологиялардың негізгі тілі – латынша. Мысалы, қытайдың өз иероглифтері бар, бірақ IT, компьютерлік бағдарламаларын латынша жасайды. Жапон мен кәрістер де солай. Яғни бағдарламалау, кодтау, ғаламтор арқылы байланыстың тілі негізінен латынша. Сарапшылардың айтуына қарағанда, енді 20 жылдан кейін жағдай түбегейлі өзгереді. Соған ілесуіміз керек. Шаң қауып артта қала беруге болмайды. Дамыған елдердің алдыңғы қатарынан көріну үшін осындай қадамдарға батыл баруымыз қажет.

Қазақтың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихы түркі дүниесінің ең көрнекі әрі сүбелі бөлігі

Мұхтар Шаханов өте таза адам. Кез келген мәселеге елдік тұрғыдан, халықтың көзқарасымен қарайды. Ел үшін жүрегі ауырады. Ол кісінің уәждерін жақсы түсінемін. Құдай қаласа, алдағы уақытта үш-төрт жігіт Мұхаңа барып, асықпай әңгімелесіп, ақылдасып қайтамыз деген жоспарымыз бар. Дәлелдерімізді айтып, Мұхаңның бетін бері қаратуға әбден болады. Өйткені Мұхаң бұл әліпби халыққа шын мәнінде қажет дүние екенін түсінсе, біздің бастамамызды толық қолдайды деп ойлаймын. Және солай болатынына сенімдімін. Негізі, кез келген мәселеде пікір алуандығы керек. Ал миллиондаған кітаптардан, әдебиетімізден қол үзіп қаламыз деу бүгінгідей дамыған технология заманында адам сенетін нәрсе емес. Қазір кітапханалар барлық кітаптарды сандықтап, цифрлап жатыр. Әдеби қорымыздың біраз бөлігін қазір ғаламтордан табуға болады. Қазір әріптерді бір әліпбиден екінші әліпбиге ауыстырып бере салатын небір технологиялар бар. Сонымен айналысатын фирмалар да көп. Латын әліпбиіне көшкен алғашқы жылдарда кез келген оқырман ғаламторға кіріп, өзіне қажетті дүниелерді кез келген әліпбиде тегін жүктеп ала алады. Тіпті оны өзіне керекті әліпбиге ауыстырып та алуына болады. Әрине, бұл бағытта шығындар болатыны рас. Алғашқы кезде классикалық шығармаларды көптеген тиражбен шығару қажет. Оны тегін, болмаса өте арзан бағамен сату керек шығар. Одан бөлек, мектеп, орта және жоғары оқу орындарының кітаптары бар. Сөздіктерді көптеп шығару керек. Бұған көп қаржы керек болады. Бірақ тілдің қорғаныс механизмі бар. Тіл біздің жағдайымызды қиындатуы мүмкін. Немесе, керісінше, жол ашып, ыңғайлы жағдай тудыруы мүмкін. Дәл қазіргі тіліміздің әріптік құрамы, ережелер жиынтығы – үлкен бір кедергі. Қазақ тілінің дамуына, үйретуге, үйренуге деген үлкен кедергілердің бірі. Біздің тілдік грамматикалық көп дүниеміз орыс тілінің көшірмесі сияқты. Жоғарыда айтқандай, жазу мен айту принциптеріміз қазақша емес. Дүниежүзі басылымдарында бір-екі қате жіберу бұл үлкен мәселе. Еуропаның газеттерінде бір-екі орфографиялық қате кетсе, ел үлкен мәселе етіп дабыл қағып талқылап жатады. Ал біздің газеттеріміз әрқайсысы өзінше жазады. Неге? Бұл халық сауатсыз болғандықтан емес немесе ғалымдарымыз ештеңе істей алмай отырғандықтан емес, әріптер мен ережелеріміздің олқылығы. Біз мұнымен алысқа бара алмаймыз. Біздің қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең бай және ең көне тіл. 15 томдық түсіндірме сөздік шығардық. Тіпті 30 том шығаруға да болар еді. Тіліміз өте бай. Түркия өте дамыған ел. Олардың түсіндірме сөздіктері 4-ақ том. Яғни қазақтың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихы түркі дүниесінің ең көрнекі әрі сүбелі бөлігі.

Қазақ тілі тек қазақ халқының ғана тілі емес, бұл осы мемлекеттің тілі

Біз бұл жерде қазақ тілінің реформасын жасап отырмыз ғой. Мысалы, қытай, ағылшын, орыс тілдері біз үшін шет тілдер. Латын әліпбиі қазақ тілін оқитын, үйренетін, осы тілде сабаққа қатысатындарға қатысты. Білім және ғылым министрлігінің жоспарына сәйкес, орыс мектептерінде де кейбір пәндер қазақша жүргізіледі. Бұл қазақша үйренудің сапасын жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймын. Әрине, олар бұл пәндерді латынша оқитын болады. Орыс тілі – көрші мемлекеттің мемлекеттік тілі. Әрине, біздің елде орысша сөйлейтіндер көп. Менің ойымша, біздің елде орыс-қазақша мектеп дегенді доғаруымыз керек. Биылғы жылдан бастап министрлік «қазақ мектеп» деген атауды алып тастап отыр. Қазақстанда «қазақ мектебі» деп жазудың өзі ұят қой. Ресейде орыс мектебі жоқ. Англияда ағылшын, Қытайда қытай мектебі деп жазылмайды. Қазақстандағы мектептердің барлығы қазақ мектебі болуы керек. Орыс мектеп деген де болмауы керек. Бәлкім, орыс тілін тереңдетіп оқытатын, қытай тілін тереңдетіп, екінші тіл ретінде оқытатын мектептер болуы мүмкін. Жасыратыны жоқ, біз қазақ тіліне тек қазақ халқының тілі деп қарап келдік қой. Бұл КСРО-дан қалған ұғым. Қазіргі кезде қазақ тілі тек қазақ халқының ғана тілі емес, бұл осы мемлекеттің тілі. Қазақтың мәдениеті тек қазақ халқының ғана мәдениеті емес, ол да осы мемлекеттің мәдениеті. Өйткені біз мемлекет құраушы ұлтпыз. Неге біз ағылшыншаны тықпалап жатырмыз? Мемлекеттік деңгейде білек сыбанып кірісіп жатырмыз. Өйткені біз орыс тілінде алып отырған ақпараттың 90 пайызы ағылшын тілінің аудармасы. Ал неге біз тікелей нұсқадан алмаймыз? Орыс тілінің бізге әсерін азайту үшін ағылшыншаны кіргізіп отырмыз. Біз бұдан ұтылмаймыз.

Орыс сыныптары қазақша өтетін пәндерді латынша оқиды

– Өз тілдері деген қай тіл ол? Орыс тілі кириллше бола береді. Қазір орыс тілін өзгерте бастасақ дау-дамай болуы мүмкін. Бұл – қазақ тілінің реформасы. Бұл мәселеге терең ойланып қарау қажет. Мұндағы мақсат – орысша оқитындардың санын азайту. Әрине, орыс тілін білгеннен біз ұтылмаймыз. Бірақ өз тілімізді білмей, басқа тілде сайрай берген де дұрыс емес.

Қайталап айтайын, біз қазақ тілін латынға көшіріп отырмыз. Бұл – мемлекеттік тілге жасалып отырған реформа. Қазақша оқитын мектептер латыншаға көшеді. Орыс сыныптары қазақша өтетін пәндерді латынша оқиды. Ал орыс тілін немесе сол тілдегі басқа да пәндерді кириллицамен оқи береді. Олай етпеуге біздің құқымыз да жоқ. Меніңше, бұдан қазақ тіліне деген ұмтылыс күшейеді. Дүниежүзінде біздің әліпбиімізден сорақы әліпби жоқ. Оны мойындауымыз керек. Жазу-сызуда, орфографиялық ережелерді бұзуда қазақтан өткен сауатсыз халық жоқ. Кей сөздерді, терминдерді әр басылым әртүрлі жазады. Мұның бәріне бір кездегі солақай саясат кінәлі.

«Латынға көшу – қазақ халқының таңдауы емес, саяси биліктің тапсырмасы»

– Әрине, әр елдің өз саясаты бар. Қырғыз бен қазақтың достығына ешкім нұқсан келтіре алмайды. Дегенмен де қызметте жүрген лауазымды тұлғалар сөйлеген сөздеріне мұқият болғандары дұрыс қой деймін. Ресейдің білім және ғылым министрі ғаламторда «Бұрынғы КСРО-ның құрамында болған кейбір елдер латынға көшті, олар орыс әліпбиіне қайтып оралуы керек. Ал басқа әліпбиге көшемін дегендері бұл мәселені тоқтату керек» деп айтты. Бірақ мұндай пікірлер басталып кеткен тірліктерге кері әсерін тигізуі мүмкін емес. Қырғыз үкіметінің өзі латынға көшу туралы шешім қабылдаған. Одан кейін Қырғызстан парламенті бұл шешімді ратификациялады. Енді осыдан кейін олардың бұлай сөйлеп жатқандарына таңым бар... Меніңше, бұл – жеке бастың пікірі ғана. Ал латын әліпбиіне көшкен дұрыс па, жоқ, кириллицада қала бергеніміз дұрыс па деген сұраққа бір-ақ жауап – міндетті түрде тезірек көшуіміз керек. Өткен тарихқа үңілсек, латынға көшуді 1920-30 жылдары Кеңес өкіметінің өзі бастаған. Әрине, әзірбайжандар бір ғасырдай уақыт бұрын бастап қойған болатын. 1917 жылы Кеңес өкіметі билікке келгеннен кейін Ленин бұл мәселені көтеріп, «КСРО құрамындағы елдер тез арада латыншаға көшу керек, бұл революцияның тілі болады» деп айтты. 1918 жылы сол кездегі білім министрі Луначарский латын тілінде кітап шығарып, 10 жылдың ішінде КСРО құрамындағы 50 халық латыншаға көшеді. Бірақ Ленин қайтыс болғаннан кейін Сталин саясатты қайтып өзгертіп жіберді. Неге өзгертті? Ол кезде Түркістан Республикасы бар. Ол да Ресей сияқты үлкен федерация болатын. Басында Ленин мен Сталин Түркістан Республикасын қолдады. Түркістанды Екінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін ғана екіге бөлді ғой. Түркістанның жартысын Қытайға сыйлады. Жалпы, Түркістан өте үлкен аумақты алып жатқан федерация сынды мемлекет болды. Бұл Қытайдың жартысы мен Орта Азияны алып жатты. Және Ресейдегі 15 республика, яғни татар, ноғай, башқұрт, шуваш, алтай, тува, хакас, қараша-балқар, якут, қырымтатар және тағы басқалары, Түркия мен Әзірбайжан – бәрі Түркістанмен тығыз байланыста еді. Қосыламыз деген ниеттері болған. Олар бізге қосылса, Ресей тіптен кішірейіп кетер еді. Меніңше, КСРО-дағы түркі халықтарының үлесін азайту үшін Түркістанды екіге бөлді. Қазақ тіл білімінің дүниеге келуі мен оның қалыптасуына бар өмірін, күш-жігерін жұмсаған Құдайберген Жұбановтың сол кезде «Латынға көшу – қазақ халқының таңдауы емес, саяси биліктің тапсырмасы» деп айтқаны бар. Сондықтан бұған Ахмет Байтұрсынов қарсы болды. Шынында, түркі халықтарының барлығы бір әліпбиде болса қандай керемет болар еді!? Төте жазуымыз да өте жақсы болды. Ахаңдар басында қарсы болса да, жұрт латыншаға белсенді түрде көшкен соң, өзі бұл іске араласып жап-жақсы әліпбиіміз жасалды. Бұл 1928 жылдар еді. 1938 жылдары Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбанов сынды ұлт арыстары атылып кетті. Одан кейінгі бір-екі жылда біздің латыншамызды адам көргісіз қылды. Орыс әріптерін төкті, ережелерін енгізді. Одан кейін кириллицаға ауыстырды. Арада тағы 10 жыл өткенде, яғни 1950 жылдары «орыс сөздерін өзгертуге болмайды» деген бұйрық шығарды. Өйткені ол кездегі мемлекеттік саясат болашақта орыс тіліне көшуімізге алып келе жатты. Орыс тілі мен орыс мәдениетінің негізінде құралған Кеңес деген ел болуымыз керек еді. Әліпбиді ауыстыру соған жетуді тездете бастады. Қазақтың жағдайын, болашағын ешкім ойлаған жоқ.

Латынға көшуді тездетуіміз қажет! 

Біз тілдің өз табиғатына сәйкес ережелерін жасауымыз қажет. Тілдің негізгі заңдылықтарына сәйкес бүкіл жазылым, айтылым ережелерін жөндеп алуымыз керек. Қазіргі жастардың көбісі, әсіресе қаланың балаларына қазақша текст беріп оқы десең, міндетті түрде орысша акцентпен оқиды.

Тез арада көшу керек деп айтып қалдым ғой... Бірақ бұл жерде тез көшу деген мәселе әліпбиімізді бекітіп, үкімет ресми жоспар құрып, жұмысты бастау деген сөз. Ал, жалпы, асығыстық жасамау керек. Кезінде түріктер асығыстық жасап жіберді. Ататүрік өз халқын латыншаға жарты жылда көшірді. Бірақ асығыстықтың салдарынан 3-4 дыбысты ұмытып кетті. Мысалы, ә, ң, қ деген дыбыстарды таңбалаған жоқ. Бұрын «Гөзәл» деп айтушы еді, қазір «гөзел» дейді. Түрікмендер де асығыстық жасады. 1993 жылы Түркияның президенті Түрікменстанға ресми сапармен келді. Соған сыйлық жасаймыз деп, үкіметтің қаулысын шығарып, «міне, біз латынға көштік» деді. Шынында, әліпбиді ауыстырды. Бірақ олар да кириллицаны қайталай салды да, бір-екі әріптерді ұмытып кетті. Өзбекстан да латынға көшкелі бері әліпбилеріне төрт мәрте өзгеріс енгізді. Енді латын әліпбиі дайын болғаннан кейін бірінші кезеңде мұғалімдерді дайындауымыз керек. Оқулықтар, сөздіктер шығару қажет. Ережелерді жазып, өңірлік көшпелі отырыстар, тренинг, семинарлар өткізу керек. Дайындық жұмыстарымен бір-екі жылды өткергеннен кейін жоспарлы түрде ең алдымен мектепке дейінгі мекемелерде, бастауыш сыныптардан бастауымыз қажет. Яғни дайындық кезеңі өте жүйелі, сапалы түрде өтуі тиіс. 25 жылдың ішінде бұл мәселе жан-жақты зерттелді. Қазір технология дамыған заман. Осының бәрі әліпбиімізді тезірек ауыстыруға өте ыңғайлы жағдай деп ойлаймын.

Оралхан ДӘУІТ