Палтөре ЫҚТИЯР, (PhD) ф.ғ.д: «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнін міндетті пәндер қатарына қосу мәселесін тездетіп шешуіміз қажет

02 августа 2017, 15:27
0 1

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» деген болатын. Бұл ең алдымен қазіргі діни жағдайды саралап, діни сауаттылықтың деңгейін айқындауды қажет етеді. Осы орайда шығыстанушы Палтөре Ықтияр мырза журналсит Ермахан Шайхыұлына берген сұхбатында өз ұсыныстарымен бөлісті.
– Соңғы жылдары араб елдеріндегі ты¬ныштық пен бейбітшілік мәселесі күн өткен сайын күрделеніп барады. Ислам діні алғаш тарап, насихатталған осы араб елдерінде не¬ліктен мұндай қиын жағдай туындап отыр? Мұның дінмен байланысы бар ма?
– Иә, өкінішке қарай қазіргі таңда араб әлеміндегі тыныштық мәселесі, әсіресе, ұзақ жылға созылған Сириядағы ішкі азаматтық соғысты тоқтатып, елдегі ынтымақ-бірлікті орнату – күрмеуі қиын өте күрделі мәселе. Мұның алғашқы легі араб көктемінен бастау алса, енді бір ұшы Ирактағы саяси тұрақсыздықпен, ондағы Ислам халифатын құруға талпынған «ИШИМ», «ДАИШ», «ИГИЛ» сияқты бір¬неше атаулармен аталып жүрген ұйымның діни түсініктерімен, өмірлік ұста¬нымдарымен астарласып, мәселе ушы¬ғып кетті. Түйіндеп бір сөзбен айт¬қанда, араб елдеріндегі ішкі және сыртқы күштердің саяси мүдделері тоғысып, бір-бірімен қақтығысып жатыр деуге болады. Енді сіздің «Мұның дінмен байланысы бар ма?» деген сұрағыңызға жауап ретінде, иә, әрине, адамға жігер беретін рухани күш, адамның өлімнен қорықпай, жан¬кештілікке баруына міндетті түрде адам бойындағы шынайы сенім негіз болатыны ақиқат. Ислам дінінде дін жолында, азаттық үшін, ар-намысты сақтап қалу жо¬лында шейт болу, құрбан болу өте мәр¬тебелі, дәріптелетін дәреже. Десек те, қазіргі араб елдерінде болып жатқан саяси тұрақсыздық пен қақтығыстың басты мә¬селесі бұған тірелмейді. Кімде болса да өз елінің, отбасының ар-намысын, аман¬ды¬ғын, тыныштығын сақтап қалу жолында барын салады. Тіпті әрбір азамат өз елінің ынтымақ-бірлігіне, тыныштығы мен тәуел¬сіздігінің баянды болуына үлес қосуы – оның азаматтық міндеті.
– Осы біз білетін ислам діні әу бастан-ақ барша адамзатты бейбітшілікке, та¬ту¬лыққа, өзара ынтымақ-бірлікке шақыра¬ты¬ны баршаға аян емес пе? Неге дін төңі¬¬ре¬гінде көптеген түсініспеушіліктер бар?
– Жұмыр жер бетіндегі қай елде бол¬масын, әлемнің төрт бұрышынан қасиетті Мекке қаласындағы қара тас тұрған Кағбаға қарап, азан шақырып, на¬мазға жығылған барша мұсылман қауым күллі жер бетінде тыныштық, амандық бол¬са екен деп тілейтіні хақ. Өйткені өзіңіз айт¬қандай-ақ, ислам діні күллі адам¬зат ба¬ласын жақсылыққа, ынтымақ-бірлікке, татулыққа шақырады. Бұған көптеген аят-хадистерді дәлел ретінде келтіруге болады. Енді «неліктен дін төңі¬регінде түсініспеушіліктер көп?» деген сұра¬ғыңызға келсек, басты мәселе ислам дінінің негізгі қайнарбұлағы саналатын қасиетті Құран аяттарын, Мұхаммед пай¬ғам¬барымыздың хадис шәріптерін қалай түсінумен және оны көпшілікке қай бағытта түсіндірумен тікелей байланысты деуге болады. Басқаша айтқанда, кім не¬месе қандай дін ғалымы қасиетті Құран аят¬тары мен пайғамбарымыздың хадис¬терін бүгінгі жаһандану заманында қалай түсіндіреді, қандай тәсілдер бойынша ин¬терпретациялайды. Бар мәселе осы тұс¬тан шығады. Бүгінгі таңда ислам ді¬нінің ұстанымдарымен байланысатын сан түрлі діни ағымдар пайда болды. Шын¬туайтқа келгенде, ислам дінінің түсінік¬тері¬мен байланысатын сан түрлі ағым¬дардың пайда болуы саяси оқиғалардың, яки саяси-діни реформалардың, қоғам¬дағы діни ой-сананың қалып¬тасуы¬мен біте қайнасып жатыр. Бұл бір сұхбат барысында баяндап бере салатын шаруа емес. Ислам діні пайда болғалы ғасырлар бойы қалыптасып, күні бүгін жаңа кейіпте көрініс тауып отыр. Зайырлы қоғамдағы БАҚ беттерінде көп талқыға түсіп жүрген «әл-Қаида», «Бока Харам», «Талибан», «ИШИМ», «ДАИШ», «ИГИЛ», «әш-Ша¬баб» сияқты т.б. радикалды діни топтар¬дың дүниетанымын түсіну үшін әлқисса¬ны ең алдымен «Харижиттерден» бас¬¬¬тауға тура келеді. Бүгін діни экстре¬мис¬тік ұйымдар мен радикалды ағым¬дардың мән-жайын, діни дүниетанымын түсіну үшін «Харижиттер деген кімдер?», «Олар қашан және қандай себептерге байланысты пайда болды?», «Олардың діни көзқарастары немен ерекшеленеді?» деген сияқты сұрақтарға жауап беру қа¬жет. Осы орайда, «Біз кімбіз сонда?» деген орынды сұрақ көкейге келеді. Осы сұхбат мүмкіндігін пайдалана отырып, әрбір өзін мұсылман санаған азаматтың діни сауаттылығын көтеруін өтінер едім. Өзі¬нің мұсылмандығы жайындағы бағыт-бағдарын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни ұстанымдарымен сәйкестендіріп, бір бүтін етіп алғаны жөн. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді атам қазақ. Біз бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Себебі, мұсылман-араб елдеріндегі діни ағым¬дардың артынан ерген жамағаттың көпшілігінің діни сауаттылық деңгейі төмен. Осы діни сауаттылықтың төмен¬дігінен әртүрлі діни топтардың соңынан еріп кеткендігін байқамайды. Басына таяқ болып тигенде ғана кеш түсі¬неді. Мемлекеттік саяси билік жүйесіне қарсы бас көтеру, халифаттық билікті құруды насихаттайтын діни топтардың құрығына түсіп қалудан сақтау – әрбір азаматтың өз жеке міндеті. Бүгінде мем¬лекет тарапынан зайырлылық талаптары негізінде діни экстремистік ұйымдар мен радикалды ағымдардан сақтандыру іс-шаралары жоспарлы түрде жүргізілуде. Қазақстан мұ¬сылмандары діни басқар¬масы тара¬пынан да атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес.
– Елімізде діни экстремистік ұйымдар мен радикалды ағымдардың қатарына мүше болып кіріп кетіп, соңғы жылдары жүйелі түрде жасалып жатқан іс-шаралардың нә¬ти¬жесінде өз қателіктерін түсініп, тәубесіне келіп жатқандар да бар емес пе?
– Иә, әрине бар. Бірақ жасалып жат¬қан іс-шаралардың нәтижесін тез арада көру мүмкін емес. Бұған біраз уақыт қа¬жет. Адамның ішкі сезімі, сенімі өте нә¬зік, оның үстіне біраз уақыттан бері қа¬лыптасқан діни түсініктерден бір күнде бас тартып, басқа адам болып шыға келу ақылға қонымсыз. «Көш жүре түзеледі» де¬мекші, ең бастысы, халыққа ұдайы дін жай¬лы дұрыс мәліметтерді тоқтаусыз жет¬кі¬зіп отыруға міндеттіміз
– Жалпы, осы «салаф» дегеніміз не? Ол қандай мән-мағына береді?
– «Салаф» сөзінің араб тіліндегі тілдік ма¬ғынасы «бұрыңғылар», «әуелгілер» де¬генді аңғартады. Діни терминдік мағынада Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өмір сүрген кезеңі мен одан кейінгі үш ғасырда өмір сүрген мұсылмандарға айтылады. Біз осы аралықта өмір сүргендердің барлығын бір ауыз сөзбен «салафус-салихин», яғни, мұсылмандардың «әуелгі, ізгі жақсылары» деген айдар тағып, оларды мұсылман¬шы¬лық іс-әрекетімізде үлгі-өнеге тұтамыз. Бірақ осы тұста бір мәселені шатас¬тыр¬мауымыз қажет. Бір кісінің «мен салафи ұстанымындамын» деуі – «салафус-сали¬хин» қазақша айтқанда, «мұсылмандардың алғашқы ізгі жақсыларының жолын ұс¬танушыларданмын» деген түсінікке саяды. Бірақ осы сөзді айтушының іс-әре¬кетінің қаншалықты «салафус-сали¬хинге» сай келетіндігі өз алдына бөлек әңгіме. Мұның үстіне осы атты пайдала¬нып, кейбір діни топтар өздерінің діни-сая¬си ұстанымдарын насихаттап, өз қа¬тар¬ларының санын арттыруға талынып бағуда.
– Осы бізде «салафилік», «уаһһабилік» де¬ген діни топтардың өкілдері жиі сынға ұшы¬райды. Бұл діни топ өкілдерінің ұста¬нымдары біздің қоғам үшін қауіпті ме?
– Сұрағыңыз өте орынды. Бірақ бұл сұ¬рағыңызға қысқаша жауап беру қиын¬дау. Көптеген діни мәселелерді ретімен тү¬сіндіргенде ғана сұрағыңыздың тұшым¬ды жауабы ортаға шығады. Десек те, ең алдымен, қазіргі кезде елімізде «салафи¬лік», «уаһабилік» атауымен байланысты діни ұйымдар Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынған діни ұйымдар қатарына жатпайтындығын айтуға тиіс¬піз. Бірақ осы ұстанымдардың негізінде пайда болған «Әт-Такфир уәл-Хижра» (ел аза¬маттары діни сенімсіздікте айыптап, өз дінін сақтап қалу мақсатында басқа елге қоныс аудару) діни дүниетаны¬мын¬да¬ғы топ 2014 жылдың 18 тамызында Ас¬та¬на қаласының Сарыарқа аудандық со¬ты¬ның шешімі бойынша экстремистік топ деп танылып, оның қызметіне Қазақ¬стан Республикасының аумағында тыйым салынған.
Салафилік ұстаным күні бүгінге дейін араб әлемінің тарихында бірнеше кезең¬нен өтіп, өз атауын өзгертіп, іштей бір¬не¬ше топқа бөлініп кеткен жайы бар. Біз бұл атаумен тәуелсіздік жылдарынан кейін ғана таныс бола бастадық. Қысқаша айтар болсақ, салафилік ұстаным сонау Х ға¬сырда имам Ахмад ибн Ханбал мәзһабы негізінде қалыптасты. ХІІІ ғасырда Ибн Тәймия тарапынан қайта жаңғыртылып, дәріптелген салафи ағымының ұстаным¬дары араб елдерінде тарала бастайды. Ал XVIII ғасырда бұл ағымның ұстанымдары Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың белсенді¬лігімен қайта жанданады. Осы уақыттан бастап оның соңынан ерушілер кейде «уаһ¬һабшылдар» деген атаумен де атала бас¬тайды. Міне, бұл араб әлемінде он ға¬сырдан аса уақытқа созылып жатқан ұста¬ным. Негізі, біздің елімізде ислам ді¬нін ұстануға ешбір кедергі жоқ. Тек діни түсініктер саяси астар алып, мемлекетке қарсы іс-әрекет жасамауы керек. Осы орай¬да, біз сөз етіп отырған «салафи», «уаһһаби» ұстанымы 1990 жылдары саяси мә¬селелермен араласып, іштей тар¬мақ¬талып бөлініп кеткен жайы бар.
– Неге бұлай болды? Қысқаша бір ауыз сөз¬бен айта кетсеңіз…
– Бұған басты себеп, сол кездегі Ирак¬тың президенті Саддам Хусейн Кувейтті ба¬сып алғанда, Сауд Арабиясының пат¬шалығы Саддам Хусейннің өзіне қар¬сы әскери шабуылынан қауіптеніп, АҚШ-пен қауіпсіздік саласында келісімге келуі себеп болады. Осы саяси оқиғаларға орай салафи, уаһһаби ағымын ұстанушылар арасында пікір қарама-қайшылығы негізінде Мадхалилер (мадхализм) және Сурурилер (суруризм) болып бөлініп кетті. Сауд Арабиясының патша шешімін дұрыс деп мақұлдағандар, яғни, діни басшысы Раби ибн Хади ибн Мұхаммед әл-Мадхалидің соңынан ергендер «Мад¬халилер» болып, ал бұл шешімге түбегейлі қарсы шыққан топты Мухаммад ас-Сурур Зейнул-Абидин деген діни тұлға басқар¬ғандықтан, оның соңынан ергендер «сурурилер» деп аталып кетті. Шыны керек, бұл ағымдардың діни-саяси көзқа¬рас¬тары әртүрлі болғанымен, негізгі діни сенімдік ұстанымдары бір. Сондықтан салафи, уаһһаби, мадхали, сурури яки тәкфири болсын, түптің түбінде біздің бүгінгі зайырлы қоғам үшін қауіпті. Сондықтан мұндай ағымдардан, діни ұстанымдардан сақтану әрі жастарды олардың жетегіне жібермей, ислам дінінің ұлттық құндылықтарымызбен біте қай¬насқан, ата-бабаларымыз ұстанған сара жолды насихаттау – әрбірімізге жүкте¬летін міндет. Әсіресе, өздерінен басқаның бәрін мұсылман санамайтын, баршаны кәпірге балайтын «тәкфир» (такфиризм), «һижра жамағаты» ағымынан сақтану – өте маңызды.

«Біз, тегіміз – түрік, дініміз – ислам екенін ұмытпауымыз керек, ол үшін қасиетті кітап – Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек. Дінімізді, тілімізді сақтау – ұлттығымызды, мемлекеттігімізді сақтайды»


– Осы «салафи» мен «уаһһаби» ағымы ара¬сында айтарлықтай айырмашылық бар ма?
– Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың діни көзқарасы Ибн Тәймия мен Ибн Қаййумның діни ұстанымдарына негіз¬деліп, шариғатта Ахмад ибн Ханбалдың мәзһабын негізге алды. Сондықтан бұл екі атау бір-біріне синоним сөз ретінде қол¬даныла беретіндігін ескерген жөн. Не¬гізі, бұл діни ағым араб әлемінде салафи (бұрынғы ізгі жақсылардың) ұста¬нымы ретінде дәріптеліп, белгілі деңгейде қолдау тапқан. Тіпті осы арада салафи ағымы – Сауд Арабиясы сияқты тағы бас¬қа бірнеше араб елдерінің діни саясаты, негізі діни ұстанымы деуге болады. Біз Сауд Арабиясы бастаған Кувейт, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірлігі, Қатар сияқты т.б. араб елдерімен дип¬ломатиялық, мәдени, экономикалық байланыстарды дамыта отырып, достық қарым-қатынасты ны¬ғайта беруге мүд¬деліміз. Сондықтан бұл елдердің діни ұстанымдарының қай-қайсысына болса да үлкен құрметпен қа¬раймыз. Бірақ бұл осы салафилік діни ұстанымдарды елі¬мізде насихаттау дегенді аңғартпайды. Се¬бебі, салафилік ұстаным араб қо¬ға¬мында қауіпті болмаса да, біз үшін, жалпы Орта Азия мұсылман ха¬лықтары үшін қауіпті. Себебі, Орта Азия елдерінің мұсылмандық дүниетанымы әу баста сопылық бағытта насихатталып, кө¬біне адамның өзін-өзі тәрбиелеуі, та¬ғат-құлшылықтарды рухани кемелдікке жету жолында өте мұқияттылықпен орындауға басты назар аударуға негізделді. Ең әуелде мұсылман адамның этикалық құндылықтары басшылыққа алынып, ол уақыт өткен сайын ұлттық санамен, салт-дәстүрмен, әдет-ғұрыппен астарласып, біте-қайнасып кетті. Сондықтан да біз оны соңғы кездері «Дәстүрлі ислам» деп те атап жүрміз. Яғни, біз саясаттан ұзақ, ұлт¬тық құндылықтар мен салт-дәстүр жо¬ралғыларымен біте қайнасқан ислами тү¬сініктерді ұстануға шақырып жүрміз. Салафи, уаһһаби ұстанымы сопылық дү¬ниетанымға, исламның салт-дәстүрмен сабақтасып, астарласып кеткен түсінік¬теріне тікелей қарсы, керағар бағытта. Бас¬қаша айтқанда, бұл ағым ұстанымдары біздің ұлттық һәм діни құндылықтардың көбін мансұқтап, оны жоққа шығарады. Бұл діни ұстаным ислам діні ешбір қос¬пасыз таза болу керек деген пікірді алға тартады. Түркі халықтарының этномә¬дени, тарихи, жағрафиялық, әлеуметтік, тілдік ерекшеліктеріне сай исламның алғашында болмаған, кейіннен енген кез келген түсінігі мен жол-жоралғысына қарсы күреседі. Бұған қоса, иман мәсе¬лесінде сенімге сай іс-әрекет етуді міндет деп санайды. Яғни, иман дегеніміз – тілмен айтып, оны шын жүректен растап, бекіту және осы исламның шарттарына сай іс-әрекет жасау, тағат-құлшылықтарды қазасыз орындау ұстанымдарын бас¬шылыққа алады. Түсініктірек айтқан¬да, иман келтіру мен тағат-құлшылық жасау бір-бірінен ажырамайтын ұғым деп тұжы¬рымдайды. Біздің ата-баларымыз ға¬сырлар бойы ұстанған Имам ағзам Әбу Ханифа мазһабында иман келтіру мен тағат-құлшылық жасау бірге қарастырыл¬майды. Яғни, кәлимәны тілімен айтып, оған шын жүректен сенген адам намаз оқымаса да, қандай да бір діни құлшылық жасамаса да ол «мұсылман» деп саналады. Оған мұсылмандық қарым-қатынас жа¬салады. Құлшылығына өз жеке басы жауапты болып табылады. Міне, осы сияқ¬ты өте маңызды мәселелерде діни ұста¬ным арасында қарама-қайшылықтар бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз, тегі¬міз – түрік, дініміз – ислам екенін ұмыт¬пауымыз керек, ол үшін қасиетті кітап – Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек. Дінімізді, тілімізді сақтау – ұлттығымызды, мемле¬кет¬тігімізді сақтайды» деген болатын. Біздің діни ұстанымымыз тіліміз бен ділі¬мізге, ұлттық құндылықтарымызға, мем¬лекеттік жүйемізге қарсы бағытта бол¬мауы керек. Керісінше, қоғаммен бі¬те-қайнасып, оған рухани күш беріп, елдің дамуына, халықтың ынтымақ-бір¬лігіне қызмет етуі тиіс. Бар мәселе дінді кім қалай, қандай мақсатта түсіндіреді? Осы орайда айтылатын бір маңызды мә¬селенің бірі, өкінішке қарай, біздің кейбір діни белсенді азаматтардың дін сауат¬тылығы жоғары болса да, саяси сауатты¬лығы төмен екендігі ащы шындық. Сон¬дықтан да көп жағдайда перде артындағы саяси сахнаны көре алмайды. Бізге бір күндік, тіпті бір жылдық емес, алдағы 10-15 жылдағы діни-саяси хал-ахуалға бағам жасай отырып, бағыт-бағдарымызды анық¬тап алуымыз керек. Рухани, діни түсі¬ніктер тұрғысынан бірізділікті сақтап, оны ұлттық құндылықтарымызбен са¬бақтастырып үлгеруіміз қажет. Өйткені қазіргі жаһандану заманында сан түрлі діни ақпарат, түсініктер ағыны толастар емес. Өскелең жас буын ақ-қараны ажы¬ра¬тып жатпайды. Алдына не келсе, соны алады.
– Ол үшін біз не істеуіміз керек?
– Жалпы, біздің алдымызда жастары¬мызға мектеп жасынан бастап-ақ ислам дініндегі «Отан», «ұлт», «жиһад» ұғымы, сон¬дай-ақ «халал мен харам», «күнә мен сауап», «дін мен дәстүр», «мемлекет пен дін» сияқты тақырыптар төңірегінде дұ¬рыс мәліметтер беріп, жан-жақты түсін¬діру міндеті тұр. Мектеп қабырғасында ерікті түрде оқытылатын «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнін міндетті пәндер қатарына қосу мәселесін де тез¬детіп шешуіміз қажет. Алдағы уақытта бұл пәнді ешбір діни ұстанымға басымдық бермей, жалпы діни құндылықтар, діни ұстанымдар жайында бейтарап ақпарат беру¬ді басшылыққа алатын «Діни құн¬ды¬лықтар әдебі» атауымен алмастыру мә¬селесін ұсынар едім. Себебі, түрлі діни се¬нім-нанымдар мен көзқарастарды бір жерде тоғыстыратын көпұлтты біздің елімізде, бүгінгі зайырлы қоғамда азамат¬тардың өзара түсіністігі мен татулығы, олардың бейбіт өмір сүру кепілдігі, елдің ынтымақ-бірлігіне, тыныштығына нұқ¬сан келтірмейтіндей етіп реттеу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өте өзекті мә¬селесі. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы қол созып, арман еткен ел тәуелсіз¬дігін сақтау, оның іргесін нығайту жолын¬да үлес қосу – әрбір азаматтың міндеті.Біз жастарды бүгінгі жаһандану зама¬нында зайырлы қоғамдағы түрлі көз¬қарас¬тар мен пікірлерді құрметтеп, олар¬мен сұхбаттасуға, сыйласуға сондай-ақ кез келген діни экстремистік, терроршыл іс-әрекетке қарсы тұруға шақырамыз. Дін исламның ұстанымдары әрқашан бар¬шаны ынтымақ-бірлікке, татулыққа, сый¬ластық пен түсіністікке, жоғары адам¬гершілікке үндейтіндігін жадымыздан шығармайық. Ең маңыздысы, діни һәм саяси сауатты болайық. Дінімізден бет бұ¬рып, одан теріс айналмайық, ағайын! Тек ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ұс¬тан¬ған діни бағыт-бағдарымыздан ай¬ны¬майық.
– Әңгімеңізге рақмет.