Сайлау ЖЫЛҚАЙДАРОВ, геолог-мұнайшы: Кез келген мекемені сол саланың қазанында қайнап шыққан маман басқаруы керек

28 июля 2017, 09:11
2 1

Сайлау Есжанұлы ЖЫЛҚАЙДАРОВ, Ардагер геолог-мұнайшы, Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, ҚР Құрметті жер қойнауын барлаушысы:

– Сайлау аға, мұнай өнеркәсібінің өркендеуі барысындағы алуан оқиғалардың куәсі болған ардагер геолог-мұнайшы ретінде осы саланың өткені мен бүгінін салыстыра отырып, жеткен жетістігіміз бен жіберген ағаттықтарымыз жайында әңгімелеп өтсеңіз?

– Тәуелсіздік алған жиырма жылдан астам уақыттың ішінде мұнай саласында еліміздің қол жеткізген жетістіктері ұшан теңіз, ол жайында барлығын қамтып айту өте ұзақ әңгіме. Еліміз әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуда орасан жетістіктерге қол жеткізіп, әлемнің мойындауы мен құрметіне ие болды. Бүгінгі таңда Қазақстан мұнай қорының көлемі бойынша әлем елдерінің алғашқы ондығына және ең ірі жиырма мұнайөндіруші мемлекеттерінің қатарына кірді.
Кеңес дәуірінде Қазақстан қаншама мұнай өндірсе де барлығына Мәскеу қожалық ететін еді. Ал содан бізге бөлінетін қаржы өте мардымсыз болатын. Әйтеуір өлместің күнін көруге болатындай ғана. Қазір құдайға шүкір Тәуелсіздіктің арқасында өз байлығымызға өзіміз ие болып, қарыштап дами бастадық. Дамудың айқын көрнісі ретінде бір ғана мысал, мұнайлы өлкелер Маңғыстау мен Атырау облысындағы әлеуметтік жағдайды өткенімен салыстыра отырып қарасаңыз жеткілікті. Жиырма жыл бұрын сол өңірлерден көшіп кеткен адам қазір келіп көрсе өркендеген өлкені танымай қалар еді.
Мен қарт мұнайшы ретінде бір проблеманы айтып өткім келеді. Кеңес заманында мамандарды жоғарғы оқу орнын бітірген соң өндірісте дайындау әр мекеменің міндетіне кіруші еді. Университет пен институтты тәмамдаған жас маман оқу орнында берілген арнайы жолдамамен белгілі бір мекемеге келіп міндетті түрде үш жыл қызмет ететін. Сол үш жылдың ішінде тәжірибе жинақтап, ысылып шығатын және көпшілігі сол мекемеде, сол мамандықтың білгірі болып қалыптасып жұмысын ары қарай жалғастырып әкететін. Міне осылайшы қажетті маман өндірісте дайындалатын еді. Сонымен қатар кәсіби-техникалық училищелерде де жұмысшы мамандар дайындау үрдісін тәуелсіздік жылдарында жойып алған сияқтымыз. Оператор, моторист, бұрғышы сияқты түрлі жұмысшы мамандар училищелерде дайындалатын. Бұл жергілікті жастарды мамандыққа баулудың ұтымды жолдары еді. Мұнай өнеркәсібіндегі білікті мамандар мен басшылардың көпшілігі осындай өндірістегі маман дайындау мектебінен өткендер деп ауыз толтырып айтуға болады. Сол тәжірибені пайдаланып кадр дайындау үрдісін жандандырсақ одан мұнай өнеркәсібі көп нәрсені ұтар еді. Бүгінгі таңда өндіріс басшылығына кездейсоқ адамдар келіп жатса, сол өндірістегі маман дайындау үрдісінің жоғалғаны деп түсінуіміз керек. Кез келген мекемені сол саланың қазанында қайнап шыққан маман басқаруы керек.
Ұлттық кадрларымызды дайындау мәселесінде тағы бір байқағаным ауылдан шыққан қазақ тілді балалардың көпшілігі қиындыққа тап болып жатырма деп аландаймын. Бұлай деуімнің себебі мен 2007 жылға дейін 2-3 жылдай ҚазҰТУ-дың мұнай институтында, мұнай-газ геологиясы кафедрасы дайындайтын мұнайшы-инженер-геолог мамандығы бойынша мемлекеттік емтихан комисиясының төрағасы болдым. Сонда қазақ тілді студенттердің емтиханға қалай дайындалатынын байқаған едім. Дипломдық жобаларын қазақ тілінде жазып, өте жақсы қорғаған студенттердің көпшілігінен «осы салаға қатысты материалдарды қайдан алдын және қандай техникалық басылымдарды пайдаландың?» деп сұрадым. Олар орыс тілінде шығатын техникалық журналдар мен кітаптар арқылы дайындалдық деп жауап берді. Ал қазақ бөлімдеріне сабақ беретін ұстаздар қазақ тіліндегі оқулықтар мен басқа да дәріс беруге керекті материалдар жоқтың қасы екендігін айтып, мемлекеттік тілде маман дайындаудың өзіндік қиындықтары жайлы толғанып, қынжылатын еді.
Тек қана ол салада ғана емес, күнделікті өмірде естіп, көріп жүргеніміздей тіл мәселесі әлі де көңілімді көншітпейді. Қазақ баласының ана тілінде жеткілікті білім алуына толық мүмкіндік жасалмай жатып тіл дамиды деу бос әурешілік. Өз тілінде қажетті білім ала-алмаған бала керегін өзге тілден тапса, ана тіліміз күнделікті тұрмыстық қажеттілікке ғана жарамды жарымжан тілге айналып кетеді ғой. Сол үшін жанталасып тілімізді қоғамның, ғылымның барлық саласында түбегейлі дамытуға бет бұруымыз керек.
– Әңгіме ауаны тілге қарай ойысып кеткен сияқты аға. Әрине тілдің жағдайы қазақпын деген әрбір азаматты мазалайтын мәселе ғой. Атқарылып жатқан істер де аз емес. Біртіндеп алға басып келе жатқан сияқты.
– Әрине атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Қазақ тілінің қазіргі жағдайы жөнінде республикамыздың ақпарат көздерінде, соның ішінде тілге жаны ашитын басылымдарда көптеп жарияланып жатыр. Бұл ұлтты, елді ойлайтын тұлғалардың жан айқайы, азаматтық борышы. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы әлі көз алдымызда. Ол әлі Кеңестік Одақтың тарамаған кезі. Қазақстанның Жоғарғы кеңесінің сессиясында үлкен талқылау болды, жоғарғы кеңестің депутаттарының басым көпшілігі қарсы болды. Сол сессияда біздің елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мінбеге шығып, бұрынғы аузы дуалы билерідің салтымен «немістің тілі – Германияда, француз тілі – Францияда, орыстың тілі – Ресейде, поляктың тілі – Полшада өмір сүріп жатыр. Ал қазақтың тілі жер бетінде қалай өмір сүруі қажет, егер Қазақстанда ол мемлекетік тіл деген статусқа ие болмаса» деп төрелігін айтты. Осындай киелі сөзден кейін, әділ сөзге тоқтайтын депутаттар саны көбейіп, біздің ана тіліміз – мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бұл қазақ тілін, яғни ана тілін ардақтап, пір тұтатын азаматтар үшін өте үлкен жеңіс еді.
Бірақ, өкінішке орай, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алу жеңісі ары қарай құлашын кеңге жайып кете алмай қалған сияқты. Менің ойымша тіліміздің мемлекеттік статус алғанымен, көсіліп кете алмай отырғаны билік басында отырғандардың көпшілігі орыс тілді болғандықтан. Олар тек орысша ойланып, орысша жазатындықтан, қазақ тілінің өрісін кеңейтуге, оны әрі қарай дамытуға мемлекеттік іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге құлықсыз. Себебі оларға ешкім қатаң талап қойып отырған жоқ. Олардың көпшілігі орыс мектебін бітіргендер, сондықтан орыс тілінде ойланып орыс тілінде жазады. Осы орайда студент кезімде куә болған бір жағдай есіме түседі. 1959 жылы бүкілодақтық санақ жүріп жатқан кез. Қазіргі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университет (ҚазҰТУ) ол кезде Қазақтың таукен-металлургиялық институты (КазГМИ) деп аталатын. Санақ жүргізушіге таукен факультетінің бір студенті анкета толтырып жатып ұлты қазақ бола тұра «родной язык» деген сұраққа «русский» деп жазды. Маған бұл жауап түсініксіз әрі біртүрлі жиркенішті көрінгендіктен, оған: «сен өзің қазақсың, ал ана тілің қалай русский болады» – деп тарпа бас салғанымда оның маған айтқаны: – «мен орыс мектебін бітірдім, орысша жазамын, орысша ойланамын, сондықтанда менің ана тілім русский болады» – деп жауап берді. Міне осындай өз тілін менсінбейтін көркеуделердің кесірінен тіліміз әлі де пұшайман халде. Егер шын мәнісінде ден қойып қарасақ тілді дамытудың жолдары көп қой.
– Тілді дамытудың жолдары көп дедіңіз, сонда нақты қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Билік басындағылардың тілі өзгермей қазақ тілінің құлаш жайып, кең өріске шығып кетуі екіталай сияқты болады да тұрады маған. Қазақ тілінде жақсы сөйлейтін шенеуніктеріміздің өзі шетелге іс-сапарға барғанда тілмашы орыс тілді болғандықтан амалсыздан орысша сөйлейді. 20 жылдан астам уақыт ішінде біз қазақша-ағылшынша, қазақша-немісше, қазақша-французша, қазақша-арабша және тағы басқа да мемлекеттердің де тілінде тілмәштар дайындай алмадық, бұл сол билік аппаратындағылардың құлықсыздығынан-ау. Осы тұрғыда өзім куә болған бір оқиғаны айта кетуді жөн көріп отырмын. Еліміз егемендік алған соң, бұрын одақтық мұнай өнеркәсібі министрлігіне тікелей қарайтын қазақстандық мұнай-газ өндіруді басқаратын 5 бірлестіктің басын бір жерге қосу үшін республикамызда Энергетика және отын ресурстары министрлігі құрылып, соның аппаратында қызмет етуге Маңғыстау, Атырау сияқты мұнайлы өлкелерден мұнайшы мамандар шақырылды. Солардың бірі болып менде Алматыға келіп министрлік жұмысына араластым. 1992 жылдың соңғы айында болу керек, Францияның «Эльф-Акитен» деген мұнай компаниясы Ақтөбе облысында «Темір» блогы деп аталатын аймақта барлау жұмысын бастап, бірінші барлау скважинасының тұсаукесеріне әр министрліктен өкілдер шақырылды. Бұл жұмысқа біздің министрліктен мен бардым. Бәрін аралап, көріп танысып болған соң, кешке Ақтөбе қонақүйінің мейрамханасында «Эльф-Акитен» тұсаукесерге шақырылған қонақтарға қонақасы берді. Дастархан басында Мәскеуден арнайы шақырылған тілмаш зулатып орысшадан французшаға, французшадан орысшаға аударып тұрды. Бір мезгілде сөз Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісіне берілді. Сол кезде төменіректе отырған мәскеулік тілмаш орнынан тұрып елшіге қарай бара жатыр еді елші қолын көтеріп тоқтатып, сен орныңда отыра бер дегендей ишара білдірді де, Айгүл деп өзімен бірге ертіп келген тілмашын шақырды. Елші французша сөйледі Айгүл қолма-қол тікелей қазақшаға аударды. Ешкім елшінің сөзінің орысшасын сұраған жоқ, залда ешқандай бөтен құбылыс болған жоқ. Елшінің бұл үрдісі нағыз зиялы азаматтың қимылы болып көрінді, ұлтты силаудың көзге көрінбейтін тек жүрекпен ғана сезінетін сезімі еді. Мен өз басым осы көріністен үлкен ләззат алғандай болдым, елшінің бұл қимылына сүйсініп қасымдағы қазақ жігіттеріне бізде осылай тек қазақша сөйлеуге тырысуымыз керек дедім. Елшінің осы азаматтығы біздің билік басындағы азаматтарды ойландырса болар еді.
Әлемде техниканың әр саласы бойынша шығатын ғылыми басылымдардағы жаңалықтар мен жетістіктер ақпарат кеңістігіне шыққан бойда қазақ тіліне аударылып еліміздегі оқу орындарына сала-сала бойынша жеткілікті түрде таратылып немесе қазақша ғылыми сайттар ашылып соған салынып отырса. Жалпытехникалық және техниканың әр саласына байланысты орысша-қазақша, ағылшынша-қазақша тағы басқа да дамыған мемлекеттердің тілінде сөздіктер көптеп шығарылса тілдің дамуына үлкен септігі тиер еді.
Билік басындағылар міндетті түрде қазақша сөйлеп, Парламентте заңдарды қазақ тілінде қабылдап, іс қағаздар мен нұсқаулар тек қазақ тілінде жасалатын мезгіл жетті. Дүниедегі өркениетті дамыған елдердің бәрі дерлік көп ұлтты мемлекеттер, солардың ешқайсында өзге тілде мектептер ашылып сол тілдерді оқытуға бюджеттен қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бізде де солар сияқты өзге ұлт өкілдерінің тіліндегі мектептер мен соларға арнап оқулық шығару үшін бюджеттен қаржы бөлуді тоқтақан жөн болар.
Ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын тілі мен дәстүрі ғана ғой негізі. Ал біздің дәстүрімізде түбегейлі насихатталып жатқан жоқ. Оның есесіне қаптаған сериалдар арқылы басқа ұлттың салт-дәстүрі кеңінен насихатталып жатыр. Қазақтың кез келген дәстүрін алып қарасаңыз ғасырлар бойы сұрыпталып келген тәрбиелік мәні терең философиялық тұжырымы бар нәрселер. Қоғамдағы орын алып жатқан көптеген келеңсіздіктердің себебі ата-баба дәстүрінің күнделікті қолданыстан шығып қалуынан деп ойлаймын.
– Заман талабына қарай ұмыт қалып бара жатқан дәстүрлеріміздің барлығын қайтадан тірілтіп қолданысқа еңгізу қиын шығар. Бүгінгі таңда нақты қандай салт-дәстүрімізге қажеттілік бар. Сол жағын ашып айтасыз ба?
– Қазақтың кез-келген дәстүрінің тәрбиелік мәні терең. Соның ішінде жанұя құру барысында және отбасы, ошақ қасында айтылып жүрген ырым-тиымдары, әдет-ғұрыптары қазақ халқының сан жылдар бойында орнатқан салт дәстүрдің ең маңыздысы. Бұрын қазақта ажырасу деген болмаған, неке қиылғанда шаңырақты шайқалтпау үшін жанұяға түгелдей жауапкершілік ер адамның мойнына ілінген. Ажырасу терминінің орнында «талақ ету», «атқа теріс мінгізіп төркінге қайтару» дегендер болған. Бірақ бұл жағдай қазақ даласында өте сирек кездескен, себебі талақ етуге, атқа теріс мінгізуге ер адамның дау тудырмайтын дәлелі болу керек болған. Бұл заңдылық ер адамның жанұядағы рөлін өз орнында, биік дәрежесінде ұстаған.
Енді не болды?
Осыған себеп-салдар іздеп көрсек. Кешегі келмеске кеткір Кеңес заманында әйел теңдігі деген ұранмен қазақтың ғасырлар бойы жинақтаған әдет-ғұрып, заңдылықтарының түбіріне балта шапты. Сол әйел теңдігі біздің қазақтың отбасына түбегейлі орнап, үй иесі дейтін жанұядағы еркектің рөлін барынша төмендетіп, мүлдем жоққа жеткізді. Бұрынғы қазақтарда үй иесі, яғни отағасы жанұяға түгелдей жауапты болатын, сол жанұяның жалғыз асыраушысы, бағып қағушысы үкім қабылдап шығарып орындатушысы болатын. Ол дәстүрдің шет жағын бізде көредік. Ал әйел теңдігі не әкелді?
Осы жерде әкем, Есжанның Тәшкен маңында егістік жерде кетпенмен мақта шабықтап жүрген бір қазақ әйеліне айтқан бір шумақ өлеңін келтіре кетейін:
Дем алып сүйеніпсің кетпеніңе
Жас өмір осыменен өткенің бе?
Ілгергі әйел көрген жоқ бұл тірлікті
Риза бол, әйел теңдік жеткеніңе!

Әйелдер ерлермен қатар оқыды, ерлермен қатар билікке араласып жұмыс жасады, жанұядағы отбасылық билікті де коммунистік партияның арқасында түбегейлі қолдарына алды. Міне осындай жағдайлар жанұядағы еркектің рөлін барынша тежеді. Көпшілік жерлерде құқы шектелген ерлер жанұяда шаруасы болмай, азды-тозды, әйтеуір өзімен-өзі болып кетті. Сол кеңестік дәуірдің біздің ұлтымызға күштеп енгізген әйел теңдігінің жеткізген жетістігі қазақ отбасында дүниеге келген баланың, әсіресе ұлдардың ұрпаққа жауаптылығын, жеті атаға дейін бабаларын ажырата білу қабілетінен айырды.
Ер адамның ұрпақ алдындағы жауапкершілігін арттыратын салт-дәстүрінің бірі, кешегі кеңестік дәуірде жоқ болған әмеңгерлік еді.
Әмеңгерлік заңымен сол ауылдың басшылары немесе әулеттің ақсақалы қайтыс болған азаматтың жесірін аға-інілерінің біріне қосқан. Ал әмеңгер болса қайтыс болған туысының шаңырағына иелік етіп, артында қалған бала шағасын асырап өсірді. Соның арқасында балалар жетімдік көрмей өсіп, елден, ағайын-туыстан бөлек кетпеді.
Немесе атастыру салтын алайық. Баласының бақытты болуын қай ата-ана қаламайды дейсіз. Сол үшін балаларына жақсы жар таңдап, олардың өмірін арыдан ойлаған. Ал атастырылған қыздар атасқан күнінен бастап сол атасқан елінің (руының) адамы саналған. Осы жерде, әкелерімізден естіген бір әңгімені айта кетейін. Ертеде, сөзге шебер бір атақты шешеннен «Сізді өміріңізде сөзден тоқтатқан адам болды ма?» – деп сұрағанда, әлгі шешен: – «өмірімде бір күнде бір қыздан үш рет жеңілдім» – деген екен. Соның біріншісі, ел аралап келе жатып жайлаудағы бір ауыл сыртындағы құдық басында мал суарып тұрған бойжеткеннен шешен: «қай елдің адамысың» –деп сұраса қыз: «қай елдің адамы екенімді өзім де білмеймін» – деген екен, әрине, «қай елдің қызысың» деп сұрағанда жауап басқа болар еді. Бұл не деген сөз. Салт дәстүріміздің қаймағын кеңестік дәуір бүлдірмеген бұрынғы замандарда қыздар айттырылған жеріне бармай тұрып-ақ өзін сол елдің адамы санаған. Бұл ойымның дәлдігіне Қыз Жібек жырындағы Жібектің айтқан сөздері айғақ. Мысалы, Қыз Жібек пен Төлеген жырында мынадай жолдар бар: «Өлгені Төлегеннің рас болса.... Артымда жеткіншегім бар деуші еді....., жесірін іздеп келіп неге алмайды....» деп зарлаған Жібек сұлу. Бұл Жібектің Төлеген аулына келін болып бармай тұрып-ақ, өз үйінде отырып айтқан сөзі. Ал қыз айттырылған еліне барған соң өзін сол елдің түбегейлі заңды тұлғасы, ол елден тек өлім ғана ажырататын адам болып саналатын. Ал қазір не болды. Сол кеңестік заңдылықтар әкелген «әйел теңдігі» кез келген жағдайда әйелге келген жерінен кеткісі келсе болды ажырасамын деп жүре беретін құқық берді, әйелді де еркекті де отбасына деген жауапкершіліктен айырды. Ертеде ажырасу деген ұғым болмаған. Біздің ғасырлар бойы ешқандай қағазға жазылмай-ақ халық арасында жинақталып, сақталып келген әдет-ғұрыптарымыз отбасының шаңырағы шайқалмауының негізі еді. Ал енді не болды? Шетке бала сату, жетімдер үйі, некесіз бала табу, тастанды бала, ажырасу, алимент төлеу сияқты келеңсіз жайттар қазір кең етек алып бара жатқаны қабырғама қатты батады. Шетке сатылған кейбір балалардың тағдыры не болып жатқанын ақпарат көздерінен оқып, көріп, естіп жатырмыз. Қазақ үшін жас баланың елден, рудан басқа жаққа кетуі тіпті ойға келмейтін, тіпті болуы мүмкін емес жәйттар еді.
Осыған байланысты сол мәселелер Парламентте терең зерттеліп, заңдардың кейбір тұстары ұлтымыздың болмыс-бітіміне, қасиетіне қарай лайықталып отбасы шаңырағының шайқалмауына негіз боларлықтай қайтадан қабылданса қандай ғажап болар еді деп ойлаймын. Салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттау үшін жеке-жеке алып қарастырып, соның желісінде сценарийлер жазылып, мағыналы көркем фильмдер түсірсе керемет емеспе. Өйткені кино арқылы насихатталған дүниелер жеткіншектердің, яғни болашақ отбасы мүшелерінің, отбасы иелерінің саналарына тереңірек сіңеді.
Басылымдарда түйткілді мәселелер айтылып та жазылыпта жатыр. Бірақта көтерілген мәселе бойынша сараптамалар жасалып, билік органдарының жоғары-төмен сатыларында талқылана ма, талқыланса шешім қабылдана ма? Міне, осындай сұрақтар ойландырады, өйткені газет бетінде көтерілген сыни мақалалар талқыланып оның себебі анықталып, оларды түзетуге мынадай шаралар қабылданды деген ақпаратты оқыған да, естіген де емеспін.

Сұхбаттасқан Ерасыл Байжігітұлы