Әлкей Марғұлан: Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ететін мемлекеттік мекемелердің осы саладағы құзыретіне ерекше назар аудару керек!

22 августа 2017, 10:18
0 1

Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде әлемдегі күрделі түйіндерді шешуге атсалысуда. Осы орайда бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жасалып жатқан жұмыс жайлы халықаралық қатынастар саласының ссарапшы Әлкей Марғұланның ойлары мен ғаламды толғандырған тақырыптарға қатысты ұсыныстарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

БҰҰ Кеңесінде тұрақты емес мүшелігіне өту еліміз үшін маңызды
Халықаралық қатынас жүйесінде әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, халықаралық даму мәселесін шешуде Біріккен Ұлттар Ұйымының алатын орны зор. Егер де бастапқыда БҰҰ Екінші дүниежүзілік соғысты қайталамау мақсатында құрылса, қазіргі таңда күн тәртібіндегі мәселе мен қауіптің ауқымы кең әрі өзге сипатқа ие болуда. Сол себепті 2017-2018 жылдардағы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі жұмыс мекемесінің бірі Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақты емес мүшелігіне өтуі – еліміздің имидждік саясатын арттыру жолында ғана емес, сонымен қатар көпжақты дипломатиялық институтта жұмыс жасау тәжірибесіне өз үлесін қосады. Оған дейін аймақтық: Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен еліміз үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде мүшелікте болу – тарихи үрдістердің қатысушысы болуға өз септігін тигізеді. Қазіргі кезең бүкіл халықаралық қауымдастық үшін бірнеше сынмен күрделі. Бірінші кезекте – аймақтық соғыс. Оның ішінде Сирия мәселесін атап өту маңызды. Себебі Қазақстан Сириядағы соғыстың бейбіт жолмен шешіліп, аймақтағы қордаланған мәселенің түйінін тарқатуға мүдделі. Оның айқын мысалы ретінде, Астанада Сирия бойынша өткізіліп жатқан кездесуді айтуға болады. Екінші кезекте – Африка елдерінің мәселесі. Жаһандық гуманитарлық катастрофаға ұласқан кедейлік, аштық, климаттық өзгеріс және медициналық көптеген індеттің лабораториясына айналған Африка континенті – БҰҰ ерекше назарында болды. Үшінші кезекте – Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесіндегі мүшелігі географиялық тұрғыдан тек біздің ел үшін ғана емес, тұтастай Орталық Азия суб-аймағының мәселесін көтеруге мүмкіндік береді. Олардың қатарына: су қауіпсіздігі, экологиялық қауіп, гуманитарлық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруы ықтимал.

Ресей мен Түркияның еліміздің сыртқы саясатында алатын орны зор
Түркия мен Ресей Қазақстан үшін тек ұзақ жылдық тарихи байланысы бар жай мемлекеттер ғана емес, біреуі – Құдай қосқан солтүстік көршіміз, яғни ортақ шекарамыз бар Ресей. Ал екіншісі – түбіміз, бабамыз бір Түркия. Бұл бір ғана өркениеттік себеп. Екіншіден, еліміздің сыртқы экономикалық саясатында екі мемлекеттің алатын орны зор. Ресеймен Қазақстанның 2016 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 14 млрд долларды құраса, ал Түркиямен Қазақстан арасындағы сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Бір ғана көрсеткіш осыны меңзейді. Одан бөлек, Қазақстан Ресеймен Еуразия экономикалық одағы, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы секілді, ал Түркиямен Түркі тілдес мемлекеттер кеңесі, ТүркСОЙ секілді ұйым шеңберінде байланыс орнатқан. Осыған орай, еліміздің екі аймақтық держава арасындағы кикілжіңді шешу үшін жасалған дипломатиялық, кей жағдайда саяси қадамдары – еліміздің ішкі және сыртқы мүдделеріне толық келетін болды. Ал Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің арасындағы кикілжіңнің табиғаты мүлдем өзге сипатқа ие. Ол жердегі аймақтық көшбасшы Сауд Арабиясы мен Катар мемлекеті арасындағы текетірес көбінде Таяу Шығыстағы жүріп жатқан геосаяси және геоэкономикалық мүдделер қақтығысынан туындап отыр.

Астана процесі Сириядағы территориялық аймақтық державалармен бақылауға алынуына өз үлесін қосты
Сирия жөніндегі Астана кездесуін өткізу – 2016 жылдың желтоқсанында Ресей президенті В.Путин мен Түркия президенті Ердуанның ұсынысынан бастау алды. Оған дейінгі Сирия бойынша барлық келіссөз Батыстағы дипломатия астаналары – Женева Парижде өткізіліп жатты. Ал ендігі кезекте келіссөздер платформасы шығыстық әлемнің астаналарының біріне ауысты. Бұл жерде бір нюансты ескерген жөн. Астана кездесулері көбінде гуманитарлық, техникалық мәселелерді шешу, кей жағдайда өз мемлекетінде бас қоса алмай отырған көптеген саяси топтың бас қосуына өз септігін тигізді. Ақпан айында орын алған ең бірінші кездесу – Женевада өткізілген үлкен басқосудың алдындағы аралық келіссөздер болатын. Астана процесі қатысушылардың алуан түрлі мәселеге қатысты пікір алмасуға, Сириядағы территориялық аймақтық державалармен бақылауға алынуына өз үлесін қосты.

Шекаралық және есірткі трафигі мәселесінде әлі де болса, алдын алу механизмін күшейту жұмысын жүргізу қажет
Ауғанстан Ислам Республикасындағы радикалдық террористік топтардың тарапынан Орталық Азия елдеріне қауіп төнетіні анық. Көбінде саяси мақсатты діттеген лаңкестік топтардың ең бірінші мақсаты – қоғамда хаос тудыру. Оған қоса, Орталық Азия кей жағдайда бір біріне ұқсас, ел кей мәселелер бойынша мүлдем өзгеше дамып жатқан бес мемлекет. Ауғанстанға қатысты бес мемлекет Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ секілді ұйымдар шеңберінде бірлесіп жұмыс атқаруда. Бірақ шекаралық және есірткі трафигі мәселесінде әлі де болса, алдын алу механизмін күшейту жұмысын жүргізу қажет.

Біздегі киберқауіпсіздікті қамтамасыз ететін мемлекеттік мекемелердің осы саладағы құзыретіне ерекше назар аудару керек
Киберқауіпсіздік әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің стратегиялық бағдарламасындағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуші негізгі бес басымдықтың біреуі болып табылады. Қазақстан да осы жылы «Киберқалқан» бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Концептуалдық әрі практикалық мән мағынасы қалай боларын уақыт көрсетеді. Біздегі киберқауіпсіздікті қамтамасыз ететін мемлекеттік мекемелердің де осы саладағы құзыретіне ерекше назар аудару керек. Ал Америка, Батыс Еуропа, Ресей, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Сингапур секілді ақпараттық технология саласындағы мемлекеттер өзінің ақпараттық қауіпсіздігіне қатты мән береді. Олар арнайы технологиялық аумақ, стартап инкубаторлық арнайы зертхана ашқан. Яғни мамандандырылған инфрақұрылым, қажетті қаржыландыру мен ең негізгі компонент білімді әрі кәсіби адам ресурсы тартылады. Бұл тарапта еліміздің алға қойып отырғаны мақсаты анық. Тек оның орындалуының сапасына ерекше мән беру керек.

 

 Жазып алған Әбдіманап КЕҢЕС