Дауыс беруге халық аз келсе, сайлау заңды болып санала ма?

08 июня, 00:43
0 1

Қолданыстағы заңнамада сайлаушылардың шекті көлемі көрсетілмеген. Бір күннен кейін, 9 маусымда қазақстандықтар мемлекет басшысын сайлайды. Заңда сайлаушылардың ең аз саны жазылған ба? Дауыс беруге халық аз келсе, сайлау заңды болып санала ма? Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген Еуропа құқығы және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Башимов осы сұрақтарға жауап берді.

Заңгердің айтуынша, конституция бойынша әрбір Қазақстан азаматы сайлау учаскесіне барып, дауыс беруге құқылы. Алайда сайлауға бармаса да, өз еркі.

"Сайлауға қанша адам келеді, сонша дауысты санайды. Біздің заңнамамызда сайлаушылардың ең аз саны жазылмаған. Адам аз келсе де, көп келсе де, сайлау өтті деп саналады", - дейді Башимов.

Айта кетейік, орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша жылдың басында сайлаушылар тізіміне 11 814 019 адам енгізілген болатын. Олардың барлығы дауыс бере алады. Бұл дегеніміз, адамдардың 99 проценті дауыс берсе де, 1 проценті келсе де, сайлау заңды түрде өтті деп есептеледі.

Осы жолғы сайлауға жеті кандидат қатысуда. Олардың ішінде бір әйел бар. Қазақстандағы президенттік сайлау тарихында әйел адам алғаш рет өз кандидатурасын ұсынып отыр.

Бюллетеньде барлық кандидат әліппенің тәртібімен орналасады. Атап айтқанда, алдымен Ахметбеков Жамбыл Аужанұлы, одан кейін Еспаева Дания Мәдиқызы, Қосанов Әміржан Сағидрахманұлы, Рақымбеков Төлеутай Сатайұлы, Таспихов Амангелді Сатыбалдыұлы, Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы және Түгел Сәдібек орналасады.