Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті

31 мая, 19:39
0 1

2019 жылғы 31 мамырда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, оған саяси партиялар мен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ТМД миссияларының өкілдері қатысты. Отырыста мынадай мәселелер қаралды:

1. «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуды ұйымдастырудың қорытындылары туралы»

2. «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің өзге кестесін айқындау туралы»

3. «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйым байқаушысын аккредиттеудің күшін жою туралы»»

4. «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы»

«2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуды ұйымдастырудың қорытындылары туралы»

ҚР ОСК облыстар, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық шеңберінде сайлау науқанын жариялаған сәттен қазіргі уақытқа дейін оқытылғандар:

барлық деңгейдегі аумақтық сайлау комиссияларының 1 624 мүшесі, АСК жалпы құрамынан 100% құрайды;

учаскелік сайлау комиссияларының 65 мыңнан астам мүшесі, УСК жалпы құрамынан 94% құрайды.

Өткізілген оқыту шараларына талдауды ҚР ОСК хатшысы С.С.Мұстафина ұсынды. Ақтөбе, Жамбыл облыстарының және Алматы қ. аумақтық сайлау комиссияларының төрайымдары өңірлерде оқытуды ұйымдастыру мен өткізу тәжірибелерімен бөлісті.

ОСК хатшысы атап өткендей республиканың сайлау комиссияларында сайлауды ұйымдастырушыларды оқыту а.ж. 15 сәуірде Орталық сайлау комиссиясының отырысында бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру Жоспарына сәйкес жүйелі түрде жүргізілді.

Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту ҚР ОСК дайындаған «Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу кезіндегі сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» оқу бағдарламасы мен оқу-әдістемелік кешені бойынша жүргізілді.

Электораттық оқыту алты бағыт бойынша жүргізілді:

1. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалдары базасында сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту;

2. Жергілікті жерлерде төмен тұрған сайлау комиссияларының мүшелерін каскадтық әдіспен оқыту;

3. Қашықтан оқыту мен тестілеу;

4. ҚР ОСК мүшелері мен аппарат қызметкерлері өңірлерде өткізген көшпелі оқыту семинарлары;

5. Бейнеконференцбайланыс арқылы өңірлермен өткізілген семинарлар;

6. Сайлау процесінің басқа да қатысушыларына арналған оқыту іс-шаралары.

Жалпы, республика бойынша сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларын электораттық оқыту 118 112 адамды қамтыды.

«2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің өзге кестесін айқындау туралы»

Аумақтық сайлау комиссиялары кейбір сайлау учаскелерінде дауыс беру уақытын таңғы сағат 6.00-ден бастап белгілеу туралы заңнамаға сәйкес қабылданған шешімдер туралы баяндады. Әскер бөлiмдерiнде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында құрылған сайлау учаскелерінде егер тiзiмге енгiзiлген сайлаушылардың бәрi дауыс берсе, учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс берудi кез келген уақытта аяқталды деп жариялай алады.

«2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйым байқаушысын аккредиттеудің күшін жою туралы»

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 2019 жылғы23 мамырдағы № 14-3/1918 ұсынымының негізінде түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің байқаушысы Джейхун Шахвердиевті аккредиттеудің күшін жою және куәлігін кері қайтарып алу туралы мәселе шығарылды.

Осыған орай «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 21 мамырдағы № 35/270 қаулысына тиісті өзгеріс енгізілген:

Аталған қаулымен бекітілген, 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының жанында аккредиттелген халықаралық ұйымдар байқаушыларының тізімінде: «3. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» бөлімінде реттік нөмірі 41 «5. Jeyhun Shahverdiyev» деген жол алынып тасталған.

«2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы»

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Хамитқызы Баймолдина өз баяндамасында Сыртқы істер министрлігінен бірқатар Миссиялардың байқаушыларын аккредиттеуге ұсыныстар келіп түскенін хабарлады:

2019 жылғы 23 және 30 мамырда Сыртқы істер министрлігінен бірқатар Миссиялардың байқаушыларын аккредиттеуге ұсыныстар келіп түсті:

- 323 байқаушы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан байқаушылар Миссиясының құрамында;

- 15 байқаушы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан;

- 263 байқаушы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы Миссиясының құрамында;

- 18 байқаушы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясынан;

- 9 байқаушы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінен;

- 1 байқаушы Шанхай ынтымақтастық ұйымынан байқаушылар Миссиясының құрамында.

Сонымен қатар 31 шет мемлекеттен 91 байқаушы ұсынылып отыр, олардың қатарында Үндістан, Индонезия, Қырғызстан, Румыния, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының өкілдері. Бүгінгі күні аккредиттеуге барлығы 720 байқаушыны шығарды.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Ортсайлауком 2019 жылғы 3 маусым күнгі сағат 18.00-ге дейін жүзеге асырады.

Халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден байқаушылар саны 31 мамырға 967 адамды құрады.

election.gov.kz