Дания Еспаеваның үгіт тобы Солтүстік Қазақстан облысында кездесу өткізді

29 мая, 13:04
0 1

ҚР Президенттігіне «Ақ жол» партиясынан үміткер Дания Еспаеваның үгіт тобы халықпен кездесуін Солтүстік Қазақстан облысында да өткізді. Кездесу барсында үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасын Петропавл ауыр машина жасау зауытының ұжымына таныстырды.

Бұл өнеркәсіп мұнай-газ, қорғаныс, энергетика салаларына арналған жабдықтарды даярлайды.

Кәсіпорын тарихы өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастау алады. Сол кезде ол зымыран, зымыран кешені, су асты қайықтарының снарядтарын жинаған-тын. Бүгінгі таңда зауыт өз бағытын кеңейтіп, тек ҚР Қорғаныс министрлігінің ғана емес, мұнай және теміржол компанияларының тапсырыстарын орындап жүр. Жұмыстың жалпы ауқымы өте кең, өнімнің жүзден аса түрін өндіреді. Қазіргі уақытта өнеркәсіпті қайта жаңғыртуға 4,5 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп отыр. Жоба 2020 жылға дейін, яғни үш жылға жоспарланған. Осы қайта жаңғыру процесінің нәтижесінде өнеркәсіп аумағын ұлғайтып, жаңа өнімдерді шығаратын болады. 

Былтыр зауыт 3,5 млрд теңге көлеміндегі жабдықтарды шығарса, биыл оның қаражатын 5-6 млрд теңгеге ұлғайту жоспарланған. Отандық кәсіпорын шетел компанияларының тендерлеріне де қатысады. Басшылардың айтуына қарағанда, келіссөздер барысында тапсырманың көлемі мен уақытына байланысты сұрақтар көп туындайды.

Дания Еспаеваның отандық кәсіпорындарды салықтық жеңілдіктер мен басқа да шаралар арқылы қолдау туралы ұсынысы бизнесмендер тарапынан қолдау тапты.

«Менің бағдарламамда мемлекеттік тапсырыстарды жетілдіру, оны кәсіпкерлер үшін барынша ашық қылу туралы ұсыныстар бар. Бұл шетелдік компаниялармен байланыстағы кәсіпорындарға да қатысты. Осы жайттардың барлығын заңнамалық тұрғыда қарастырған дұрыс», – деп атап өтті ҚР Президенттігіне үміткер Д. Еспаева.

Зауытта мыңнан аса адам жұмыс істейді. «Ақ жол» партиясының үміткері еңбек шартымен танысып, өнеркәсіп ұжымына қазақстандық кәсіпорындарды, олардың жұмыскерлерін қолдау туралы ұсыныстарын айтып берді.

Дания Еспаеваның сайлауалды үгіт науқаны жалғасуда.

«Ақ жол» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы.

28 мамыр 2019 жыл.