Украинада "Штайнмайер формуласына" қарсылық білдірді

03 октября, 10:38
0 1

2 қазанда Украинаның бірнеше қаласында "Штайнмайер формуласына" қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар Донбасқа ерекше мәртебе беретін құжатқа биліктің қол қоюына қарсылық білдіріп, мұны "Ресей ығына жығылу" деп атады. Донбастағы жағдайды "Штайнмайер формуласы" арқылы реттеуді ұсынатын құжатқа 1 қазанда Украина жағынан Леонид Кучма қол қойған.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Германияның бұрынғы сыртқы істер министрі, қазіргі президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Украина шығысындағы аймаққа "ерекше мәртебе беру туралы" заңды уақытша енгізуді ұсынған. ЕҚЫҰ ондағы сайлауды ашық әрі демократиялық деп танығаннан кейін Донбастың мәртебесін түпкілікті бекіту қажет деп ұсыныс айтқан. Бұл кейінірек "Штайнмайер формуласы" деп аталып кетті.

Акциялардың ең ірісі Киевте өтті. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, оған шамамен 1 500 адам қатысты. Олар "Вова, шық", "Кет", "Капитуляцияға жол жоқ" деп айқайлады. Әуелі митингі орталық алаңда өтті, кейінірек наразылар Украина президенті әкімшілігінің ғимаратына қарай жылжыды.

Жоғарғы Радада "Штанмайер формуласын" өте қызу талқылады. Рада отырысы алдында президент Владимир Зеленский "Слуга народа" және фракция жетекшілерімен кездесті. Зеленский брифингте "Украина құжаттан қорықпауы тиіс" деп "Штайнмайер формуласының" тиімділігін алға тартқан. Еуроодақ "Штанмайер формуласын" Украина шығысындағы жағдайды реттеу бойынша жасалған алғашқы қадам деп есептейді.

Бұл құжат Украинаны ресейшіл сепаратистер бақылауындағы аймаққа ерекше мәртебе беруге міндеттейді. Президент Владимир Зеленскийдің айтуынша, егер бұл жүзеге асса, "өзін-өзі жариялаған" "Донецкі халық республикасы" мен "Луганскі халық республикасында" сайлау Украина заңы бойынша өтеді, сайлау ЕҚЫҰ стандартына сай ашық әрі әділ өтуі тиіс.

 azattyq.org