Мемлекет басшысы қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысына қатысты

11 сентября, 10:09
0 1

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары басталды.

Айта өту керек, бұл мемлекет басшысының аспан асты еліне президент ретінде жасаған алғашқы сапары. Екі жақты кездесулерді президент таңертеңнен бастап кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі Қытай Коммунистік партиясының сыртқы істер жөніндегі жетекші тобының Кеңсе басшысы Ян Цзечимен кездесті. Тараптар өзара қарым-қатынасты дамыту мәселесін талқылады. Артынша мемлекет басшысы қазақ-қытай іскерлік кеңесінің 6-отырысының ашылуына қатысты.

Кеңес 2013 жылдың сәуір айында құрылған. Оның бірінші отырысы сол жылы қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өтсе, енді міне алтыншы алаңды Қытай тарабы ұсынып отыр.

Осы уақыт ішінде бұл кеңес қазақстандық және қытайлық іскерлік топтарының кездесуі үшін таптырмас алаңға айналды. Кездесулердің нәтижесі орасан. Ол құны 42 млрд доллардан асатын 107 коммерциялық құжат.

Іскерлік кеңестегі кездесуден соң президент Қытайлық бизнес өкілдерімен де жеке жүздесті.

Сондай-ақ бүгін мемлекет басшысы Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында дәріс оқиды деп жоспарланып отыр.

Сапардың негізгі бөлігі жергілікті уақытпен 17:00-де басталмақ. Бейжіңдегі халықтар жиыны үйінің алаңында Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин өзінің мәртебелі қонағын, Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты түрде қарсы алады.

24.kz