Тоқаев Арыстағы жарылысқа байланысты экс-министрді Қарулы күштер жүйесінен шығарды

07 августа, 19:48
0 1

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Арыстағы жарылысқа жол бергені үшін лауазымды тұлғаларға қатаң сөгіс жарияланды, деп хабарлайды akorda.kz.

Мемлекет басшысының өкімінде айтылғандай, лауазымды тұлғалар өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамаған және қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету жұмысында елеулі кемшіліктерге жол берген. Бұған қоса, Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру және орналастыру бағдарламасы тиісті деңгейде іске асырылмаған. Салдарынан Арыс қаласындағы әскери бөлімшедегі қару-жарақ жарылып, адам шығыны болған.

Тоқаевтың өкімімен бұрынғы қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Қазақстан Республикасының Қарулы күштері жүйесінен шығарылды.

Сондай-ақ, қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы күштері бас штабының бастығы Мұрат Бектановқа, қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы күштері бас штабының бастығы болып қызмет атқарған Мұрат Майкеевке, қорғаныс министрінің орынбасары болып қызмет атқарған Талғат Жанжүменовке қатаң сөгіс жарияланды.