Назарбаевтың сирек фотолары желіде неге жариялана бастағаны белгілі болды

06 августа, 21:55
0 1

Назарбаевтың еш жерде жарияланбаған фотолары архивте сақтаулы тұр. Нұрсұлтан Назарбаевтың архивтегі сирек суреттері әлеуметтік желіде аптасына екі рет жарияланады. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға тұңғыш президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай айтты.

Жуырда Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз қызметі жаңа жоба іске қосты -#ЕлбасыныңЖекеАрхивінен хэштегі бойынша Instagram-нан тұңғыш президенттің сирек суреттері жарияланып жүр.


"Тек бір ғана іс-шарада Елбасының жеке фотографы Әйгерім Деңгелбаева мыңнан астам фото түсіреді. Ең жақсыларын ресми сайтта жариялаймыз. Бірақ кейде қызықты кадрларды пайдалана алмаймыз, олар архивте сақталады. Енді қазір осы суреттермен бөлісуді жөн көрдік", - дейді Айдос Үкібай.


Оның айтуынша, жоба тек 5-6 фотомен шектелмейді. Баспасөз қызметі жаңа суреттерді кемінде аптасына екі рет жариялауды жоспарлап отыр.

"Бұл суреттер ешбір оқиғаларға байланысты болмайды, сондай-ақ ешқандай саяси астары жоқ. Әр желі қолданушысының фотоларға өз көзқарасы бар", - деді Үкібай.

Суреттер топтамасын 001QR нөмірлі Mercedes көлігі түсірілген фото ашқан болатын.


Нұрсұлтан Назарбаевтың https://elbasy.kz ресми сайты бар, бұл жердегі ақпараттар үш тілде жарияланады. Сайттан Елбасының кітаптары мен мақалаларын, жолдаулары мен баяндамаларын, сұхбаттары мен фотоларын табуға болады.