Тоқаев мораторий жариялады

03 июля, 18:09
0 1

Квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізу туралы

Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын қысқарту және жекеше секторды дамытуға жағдай жасау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілсін, оған мыналар:

1) қызметін әлеуметтік салада және (немесе) елді мекендердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету саласында жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

2) жұмыс істеп тұрған заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру (біріктіру немесе қайта құру) жолымен оңтайландыру шеңберінде құрылатын заңды тұлғалар;

3) жарғылық капиталында дауыс беретін акцияларының елу және одан да аз проценті (қатысу үлесі) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі болатын акционерлік қоғамдар (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер);

4) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы және (немесе) келісімі бойынша құрылатын заңды тұлғалар қосылмайды.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жергілікті атқарушы органдармен және квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірлесіп, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар осы Жарлықты іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдасын.

3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. 

akorda.kz