Нұрсұлтан Назарбаев: "Азаматтар ел Президентін ғана емес, өз болашағы мен тағдырын таңдайды"

09 июня, 15:06
0 1

 Елбасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан халқының осы тарихи сайлау арқылы ел болашағын айқындайтынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Елордадағы Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасының Президентін сайлау рәсіміне қатысып, дауыс берді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

 

"Бүгін азаматтарымыз сайлауға қатысып, дауыс беріп жатыр. Сайлау науқаны барлық елде және әрдайым халық үшін тарихи сәт саналады. Азаматтар ел Президентін ғана емес, сонымен қатар өз болашағы мен тағдырын таңдайды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы, сондай-ақ, биылғы президент сайлауының ерекшелігіне тоқталды.

"Биылғы сайлаудың ерекшелігін білесіздер. Мен президенттік өкілеттігімді тоқтатып, жастарға жол бердім. Бұл – дұрыс шешім. Төңірегіміз түгел дамып келеді. Қазақстанды жаңа белеске бастау үшін ел басшылығына озық ойлы жаңа буын келуі керек. Президенттік өкілеттігімді тоқтату жөніндегі шешімім бүкіл әлемде түсіністікпен қабылданды. Мен көптеген елдің көшбасшыларынан хат алдым. Олар Қазақстанда билікті беру процесінің бейбіт жағдайда өтіп жатқанын жоғары бағалауда", – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

"Сіз Қазақстанның қандай болашағы үшін дауыс бердіңіз?" - деген журналистердің сауалына да жауап берді.

"2050" стратегиялық бағдарламасында барлығы толық жазылған. Яғни, 2050 жылға дейін Қазақстан осы бағдарламаға сәйкес дамитын болады. Түпкі мақсат - еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуы. Мұнда Қазақстанның дамуы да, жастар да, әлеуметтік те, экономикалық та, халықаралық даму да кіреді", - деп жауап берді Нұрсұлтан Назарбаев.

Qamshy.kz