Өзге әйелдің менен несі артық?

04 августа, 16:57
0 1

Мен бұған дейін осы сайттағы отбасылық оқиғаларды оқып, өзіме сабақ алуға тырысатынмын.Мен бүгін сіздермен өз ішімдегі мұңымды ақтарсам деп едім.

Үш баланың анасымын, отбасымның шаңырағын шайқалтқым келмейтін жандардың бірімін. Бірақ өкінішке орай, күйеуім жүріс жасайды, 2 жыл шыдап келіп едім, осы жазда біраз миымды тынықтырмақ болып, ауылыма кеттім. Жолдасым өзі менің біраз уақыт ауылда болғанымды қалаған болатын. Ол анда-санда телефон шалып қоятын, балаларын сұрайды, қашан қайтасындар деп те сұрап қояды.
Біраз уақыт өткен соң, өз шешем отбасыңа қайтасың, мәселені бір жағына шығару керек деп күйеуіммен сөйлесу үшін менімен еріп келді. Ана болғасын ойлайды ғой, бұған дейін ол кісі біздің отбасымыздың мәселесіне араласпаған еді. Анам байыппен жолдасыммен сөйлесіп, " Балам, отбасыңның берекесін қашырма" деген еді. Күйеуім болса: "Маған өз отбасымнан басқа ешкімнің керегі жоқ, әйелімді, балаларымды тастамаймын" деді. Сөйтіп анам оның уәдесін алып ауылға кетіп қалды.
Міне содан бері 1,5 ай өтті, бәрі жақсы болатын, уақытында үйге келіп, балаларына, маған көңіл бөліп жүрді. Енді 1 апта болды қайтадан өзгеріп жүрген сияқты. Бұрын оған ылғи бір әйел хабарласатын, оның қоңырауынан кейін күйеуім өзгеріп шыға келеді. Міне, тағы да сол жағдай қайталанды.
Кеше  дастархан жайып, достарымызды шақырдым. Күйеуім бірнеше сағатқа жұмысқа барып келем деп ертемен шығып кетті. Демалыс күні қайдағы жұмыс. Күні бойы күттім, ал ол болса түнгі сағат ондарда келіп тұр. Біртүрлі көңіл-күйім болмай, өзімнен өзім мазам кетті.
Осынша уақыт қайда болдың десем, жұмыста болдым деп мені алдай салды. Алдағанын сезіп тұрсам да, үндемеуге тырыстым. Бүгін таңертең балаларымды сабаққа жіберіп, күйеуімді шайға шақырсам, ол телефон арқылы біреумен сөйлесті де, апыл-ғұпыл киіне бастады. Кім хабарласты, сонша неге асығасың десем, үндемейді. Содан шыдамай айғай салдым. Ол тіпті маған мән бермейді. Мен болсам жылап, ашуланып, үйде қала бердім. Енді басым қатып жатыр, сонда сол басқа әйелдің менен несі артық. Бар жағдайын жасап келе жатырмын. Қалай қойдырсам болады сол айелмен жүргенін, айтыңыздаршы. Маған қандай кеңес бересіздер. Көмектеріңізге мұктажбын. Бастарыңыздан осындай жағдай өткен болса, қалай жеңіп шықтыңыздар. Әлде психологқа барсам ба екен. Өтінемін көмек беріңіздерші.

Аноним