Тұрмысқа шыққаныма өкінем...

12 октября, 11:03
0 1

«Алаш айнасы» газетінің «отбасы-ошақ қасы» айдарына шығатын отбасылық әңгімелерді қалдырмай оқып жүремін. Қилы тағдыр, түрлі өмірлерді көріп, әр отбасының өз мәселесі болатынына көзім жетті. «Әр отбасы өзінше бақытсыз» деген сол екен.

Менің тұрмысқа шыққаныма үш жылдан асты. Бір ұлымыз бар. Бірақ уақыт өте тұрмысқа шыққаныма өкінішім көбеймесе азайған емес. Жолдасыммен тұрмысқа шыққанша 9 айдай қыз бен жігіт болып кездесіп жүрдік. «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады» деп жатады ғой. Бұл әңгіменің жігіттерге де қатысы бар екен. Жігіт күнінде жолдасым жігіттік қасиеті мол, ер жігіт көрінетін. Ал қазір күн өткен сайын мұның барлығы бетіндегі маскасы екеніне көзім жете бастады.

Күйеуім ер адам бола тұра ақша тапқысы келмейді. Өте жалқау екен. Ерте тұрып жұмысқа баруға шамасы жетпей жұмысынан шығып кетті. Қалаған уақытымда тұрамын деп таксилетіп табыс табамын деді. Қайдағы тапқан таянғаны, көлігінің жанармайы мен анау мынау бұзылған жерінен артылмайды. Сосын ай бойына менің жалақыма иек артып отырады. Босанған соң, бір жағынан бала еміп жатқан соң жиі қарным ашатын. Ал күйеуім болса баланың жылағанынан қашып күн ұзақ құлағының тыныштығын ойлап, таксилетемін деп көшеге кетіп қалатын. Не тауып келіп жатқан ақшасы жоқ. Кешке кеш келіп, жүрген жерінен тамағымды ішіп келдім деп жата кететін. Ал мен не үйде азық түлік жоқ, құр нан мен шайды ішіп кешке дейін отыратынмын. Қанша рет «өзің сырттан қарныңды тойдырып жүре бермей бізді де ойласаңшы» деп неше рет айтқаныммен бет бақтырмайтын. Балам біз айқаласып жатқанда жаутаңдап қалатын. Сосын барынша ұрыс шығарғым келмей, үндемеуге тырысатынмын. Амал жоқ, қыдырып барған болып, төркініме барып, ішіп жеп қайтатынмын. Олар да қолда барын тыққыштап, солармен тамағымды асырайтын болдым. Күйеуге тиген соң қарапайым тамақ табу үшін мұңға айналады деп ойламаппын. Сол түріне қарамай карта ойнайды, сыралатып та қояды. Жақсы киінгісі келеді. Өзінше достар болып бас қосқанда ақша шашқысы келіп тұрады. Кейде мені сүймей ме деп ойлаймын. Сөз арасында біреулердің қырындағанын, жолдастарының қол жүгіртетінін айтсам, саспайды. Соған қарап оны мүлдем намыссыз ба деп те ойлаймын. Қатты шаршап кеттім, оның осындай мінез құлқын көріп.

Тағы бір жыным келетіні, жолдасым өз жанұясын асырай алмай отырып, өзінің жолдастарын сыртынан қатты жамандайтын. Оларды жерден алып, жерге салып, іске алғысыз қылып тастайтын. Ал кейде бөлек тұратын енем үйіне барып қалғанымызда, екеуі қосылып, жағдайы өздерінен әлдеқайда тәуір туыстарын жатып кеп жамандайтын. Өздерінің жағдайы олардан әлдеқайда төмен болса да, өздерін бәрінен артық санайтын. Тіпті бұлардан жағдайы көш ілгері менің төркінімді де іске алғысыз қылып, менсінбей отырады. Шынымды айтсам қазір жүйкем жұқара бастады.

Ұлыма бір киім алу туралы айта бастасам, «кішкентай баланың үстіне кім қарайды» дейді. Ұлым дүниеге келгелі әркімнің көнесін киіп өсіп келеді. Сол жаныма қатты батады. Жақында ұлымды анама беріп, жұмысқа шықтым. Отбасымыздың келешегі жоқтай, көңілім қатты алаңдайды. Қанша шыдамдылық танытайын десем де, күннен күнге күйеуімнің әрекеттерінен суынып барамын. Атымды өзгертіп беріп отырмын, не ақыл қосасыздар?


Лаура, Алматы қаласы
alashainasy.kz/