Қазақ жігіттерін "қатын сияқты" деп сөккен ару шетелдікке тұрмысқа шықпақ екен

11 июля, 09:56
0 1

Есімін жасырған астаналық ару қазақ жігіттерінің тым "ұсақталып" кеткенін айтып, ағынан жарылды. Сонымен бірге ол, "қазақ азаматына тұрмысқа шыққанша, шетелдік жігітпен отау құрғаным артық" деген ойын айтып қалды. Бұл туралы NUR.KZ порталы хабарлайды.

Бойжеткен (авт. есімі кейіпкердің өтінішімен жарияланбады) қазақ жігіттерінің тым ұсақталып кеткенін айтып, қазақ азаматтарын оңбай сынап тастады. Арудың сөзіне сенсек, жігіттер бүгінде "іске қарағанда, сөзге жүйрік" екен.

"Осы Астананың жергілікті тұрғынымын, жасым 29-да. Менің жасымдағылар қазір отбасын құрып, бірнеше баланың анасы атанып отырған шығар, бірақ әзірге маған ондай әйел бақыты бұйырмапты. Бәлкім, болашақта өз теңімді тауып қалармын, бірақ дәл қазір емес сияқты. Шынымды айтсам, біреудің етегінен ұстап, тұрмыс құрайын десем, нағыз еркекке тән қасиеттері бар, адуынды азаматты кездестірмеппін. Қазіргінің жігіттері тым ұсақталып кеткен, қатын сияқты десем артық айтпаспын. Іске қарағанда сөзге жүйрік, жалқаулықтаы тағы бар. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрсем дейді немесе пысық, жерде қалмайтын келіншекке үйленіп, өмір бақи соның мойнында отырсам дейді. Меніңше ондай қылық ер адамдарға жараспайды. Отбасын әйел емес, ер-азамат асыруы тиіс", - дейді бойжеткен.

Сонымен бірге ол, әңгіме барысында, шетел азаматына тұрмысқа шығуға қарсы емес екенін де айтып қалды.

"Қазір қазақ қыздары шетел азаматтарына тұрмысқа шығуға әуес деген тақырып қызу талқыланып жатыр. Егер қазақтың жігіттерінің түрлері мынау болса, неге өзге елде өз бақытыңды таппасқа? Шын махаббат, меніңше ұлтқа да, дінге де, нәсілге де қарамайды. Мақтанғаным емес, осы күнге дейінгі барлық жетістіктеріме өз күшіммен, білім мен жігерімнің арқасында қол жеткіздім. Сондықтан, қазақ жігіттерінің де бойынан сондай қасиетті іздеймін. Өкінішке орай, таппаған соң, осылай шетел азаматына шығуға мәжбүр боласың. Әрине, біреуге ақыл айтқаным емес, бірақ шетелдік азаматқа тұрмысқа шығудың еш әбестігі жоқ деп ойлаймын. Намыссыз қазақ жігітінен, абыройлы, өзіңді сыйлайтын шетелдікке шыққан дұрыс", - деп әңгімесін аяқтады астаналық тұрғын.