"Бәрінен бақытты бол": Балжан Бидаштың жігіті үйленуге ерекше ұсыныс жасады (видео)

02 декабря, 11:31
0 1

 

2019 жылдың 1-ші желтоқсаны әнші Балжан Бидаштың жадында ең қуанышты сәттерге толы күндердің бірі болып қалмақ. "Жыл таңдауы"  музыкалық премиясында өнер көрсеткен бойжеткенге жігіті сахнада тосын сый жасап, үйлену туралы ерекше ұсынысымен бақытты етті, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: Stan.kz

Желтоқсан айының алғашқы жұлдызында өткен музыкалық "Жыл таңдауы" премиясы өнер сүйер қауымды, өнер жолында ерең еңбек етіп жүрген адамдарды тосын сыйларымен таңғалдырды. Дәл осы кеште KeshYou тобының экс-солисі Балжан Бидаш үйленуге ұсыныс білдірген сүйіктісіне "Иә" деп жауап беріп, қазақстандықтардың ыстық ықыласына бөленді. Ғашықтарға сүйсінген отандастарымыз оларға бірауыздан бақыт тіледі. 

 "Жалғызым" әнін орындаған жас дарын жігіті сахнаға шығып, ұсыныс білдіргенде толқып, айтарға сөз таппай, таңданысын жасыра алмады. Бидаш тізе бүгіп жүзік пен жүрегін ұсынған азаматқа бірден жауап бере алмаса да, қуанышы қойнына сыймай тұрғанына қалың жұрт куә болды. 

Белгілі продюсер әрі "Жыл таңдауының" жүргізушісі Баян Алагөзова тосын сыйдың керемет шыққанын ескеріп, Бидаштан жігітке нақты жауап беруді сұрады.

"Барлығы абдырап қалды. Балжан да, көрермендер де таңғалып тұр. Тосын сый дұрыс болды деген сөз (...) Сонымен, Балжан, жігіт сенің жауабыңды күтіп тұр. Сен "Иә" деп жауап бересің бе? Келісесің бе? ", - деп сұрады продюсер. Әнші кідірместен "Иә" деп жауап беріп, қуанышымен құттықтағандардың барлығына алғыс айтты. 

Әншінің сүйіктісінің аты — Үсен. Концерттің тағы бір жүргізуші Кирилл Мейстер осыдан бірнеше жыл бұрын Үсеннің егізі Асан өз сүйіктісіне басқа шоудың аясында ұсыныс білдіргенін айтып: "Бұл олардың отбасылық дәстүрі болар",- деп қалжыңдады.

Керемет жаңалығымен Instagram желісіндегі парақшасында да бөліскен Бидашқа желі қолданушылары бірімен-бірі жарысып ақжарма тілектерін білдіруде. "Бәрінен бақытты бол", "Жұғысты болсын", "Сен үшін қуаныштымын", - деп жазды олар.