"Әйел басқарған ел оңбайды": Қызылордалық ақсақал асаба әйелді тойдан қуып шыққан

07 ноября, 13:40
0 1

Қызылорда облысына қарасты алыс ауылда өткен тойлардың бірі жанжалға ұласты. Той иелері жалдаған асабаға үлкен кісілер разы болмай, әйел тамаданы қуып шыққан. "Әйел басқарған ел оңбайды" деп айқайлаған әулиет ақсақалын өзге қонақтар да қолдай кеткен. Құдалардың келуінің алдында асаба мен музыкалық техникасыз қалған жандар өзге тамаданы дереу іздеуге мәжбүр болған. Көпке дейін көпшіліктің есінде қалатын үйлену тойы туралы оқиға куәгері KAZNUR.KZ-ке әңгімелеп берді.

 
 
Көрнекі фото:pixabay.com

Көрнекі фото:pixabay.co

"); border-radius: 2px; display: flex; -webkit-box-align: center; align-items: center; height: 32px; background-size: 18px; background-position: 11px 50%; opacity: 0.8;">Рассказать Вконтакте

Айман (ред. ескертпе кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді) есімді келіншек шаңырақ көтеріп жатқан жігіттің әпкесі екенін айтады.

Көптен күткен қуаныш болғандықтан Шыңғыстың тойына дайындықты ерте бастаған. Ата-анасы қолда бар қаражаттарын жұмсап, жомарттықтың үлгісін көрсеткен. Үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, болашақ құдаларына ең қымбат сыйлықтар алған. Жақын-алыс ағайындар да той иелеріне жәрдемдесіп, тойды жауапкершілікпен атқаруға кіріскен екен.

"Шыңғыстың тойын ұзақ күттік. Інім былтыр ғана Алматы медициналық академиясын бітіріп келген еді. Келініміз де дәрігер. Болашақ құдаларымыз сыйлы кісілер болған соң, тойға ерекше дайындалдық. Аудан орталығындағы қымбат мейрамханалардың бірін жалдадық. Алдын-ала болашақ келініміздің ата-анасымен кездесіп, тойдың мәселелерін талқыладық. Сомасына келістік", - деп бастады әңгімесін Айман.

Тойдың қызықты өтуі ең бірінші кезекте асабаның сөзге шешенділігіне байланысты екені белгілі. Сол себепті күйеу жігіттің отбасы тамада таңдау мәселесін таныстарымен ақылдасқан. Бұрын той жасаған жақындарынан ақыл-кеңес сұраған. Нәтижесінде таңдау облысқа жақсы танылып үлгерген әйел асабаға түскен. Келіскен күні де ол кісі бос болып шыққан.

"Соңғы жылдары Қызылордада тойды әйел адамдар басқарып жүр. Бұл жағдайға көзіміз де үйреніп қалды. Сол себепті Шыңғыстың тойын әйел тамадаға тапсырғанымызда ештеңеге алаңдамаған едік. Той басқарушысы өзінің көмекшілерімен бірге келетінін айтты. Сапалы музыкалық аппаратуралары да бар екен. Онымен қосы фото-видео жасайтын мамандарының жұмыстары да көңілімізден шықты. Ақысы айтарлықтай қымбат емес", - дейді жас келіншек.

Дегенмен, қызықтың көкесі той болатын күні болған. Той иелері құдалыққа дайындалып жатқанда, алыстан келген ақсақал айқай шығарған екен. Қарияны әйел адамның көпшілік алдында қымсынбай сөз сөйлеп, ер азаматтарды басқарып жүргені көңіліне жақпай қалғанға ұқсайды. Нәтижесінде әйел тамаданы тойдан қуып, басқа асабаны шақыруды талап еткен.

"Еш алаңсыз дастарханның қамымен жүргенбіз. "Беташар" мен "Үйлену тойы" кешкісін мейрамханада болатын еді. Күндіз құдалар келетін, өзара жөн-жоралғыларды жасауға келіскен болатынбыз. Бір кезде қора жақтан шу шықты. Алыстан келген ақсақал асабамызға ұрысып жатыр екен. Той басқаруға келген келіншектің түрі бұзылып кеткен. Сөйтсек әулиет үлкендері әйел тамадағы қарсылық білдіріп жатыр екен. Той иелерін тамаданы ер азаматқа ауыстырмаса, тойдан кетіп қаламыз деп қорқытты. Амал жоқ, қонақтардың келуіне санаулы уақыт қалғанда басқа асабаны іздеп кеттік", - дейді оқиға куәгері.

Абырой болғанда, сол мезетте қолы бос асаба табыла қойған. Той басқарушы дереу көрші ауылдан жетіп, халықтың көңілін көтерген. Көмекшілерінің музыкалық құрылғылары да жақсы қызмет жасауға өз септігін тигізіпті. Ақсақалдың талабы уақытында орындалса да, тойға келген қонақтар көпке дейін осы жағдайда әңгіме еткен көрінеді.

"Шынымды айтсам, бұл жағдай бізге үлкен сабақ болды. Расымен қазақ халқында әйелге билік берілмеген. Бір жағынан қарасақ, көнекөз қариялардың айтқандары дұрыс. Бірақ уақытында тамада табылмағанда, жағдайымыз қиын болатын еді", - деп түйіндеді әңгімесін Айман.