"Сүйменмен аяғымды сындырып, жұмыс істетті": Алматылық ер адам 1,5 жыл құлдықта болғанын айтты

07 ноября, 10:06
0 1

Алматы тұрғыны Юрий Смирнов өзін Шымкент маңындағы Беловодное аулында бір жарым жыл бойы құлдықта ұстап, тамақ үшін жұмыс істеуге мәжбүрлегенін айтты. Ол кездейсоқ жағдайда құлдықтан қашып құтылыпты.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.

47 жастағы Юрий Смирнов жекеменшік фирмада дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Клиенттері одан қосымша ақы үшін қоршау орнатып беруін сұрапты. Алайда артында құжаттары мен телефонын тартып алып, құлдыққа салған.

«Мен ақымақтықпен құжаттарымды бере салдым. Бұлай жасамауым керек еді. Қорада тұрдым. 2017 жылы қашып кетпеуім үшін сүйменмен аяғымды сындырды. Ол жақтан тірі шыққаныма ғана қуанамын», - дейді ер адам.

Юрийдің сөзінше, ол үйдегі шаруаларды атқарып, қой баққан. Қожайындары оны қант қосылған кеспемен тамақтандырған. Кез келген ағаттығы үшін ұрып-соғыпты. Ер адамның басынан, аяғынан ұрған екен. Юрий ол жерден үш рет қашып кетуге тырысқанымен, ұсталып қалған. Тек ғажайып жағдайда қашып шықтым, дейді.

«Аяғым сынғандықтан, ауруханаға алып келді. Мен қаша алмаймын. Олар мені емдеді. Артынша: «Мен кетейінші. Өтінемін», - дедім. Ол маған терезені ашып берді. Ал мен ота бөлмесі арқылы шығып, кетіп қалдым», - дейді Юрий Смирнов.

Сонымен қатар ол қалаға жету үшін, 720 шақырым жерді үш апта жаяу жүріп өткен.

Юрий өзінің Семейдің тумасы екенін айтады. Ол балалар үйінен шыққан екен. Туыстары да, балалары да жоқ. Десе де ер адам туған қаласына қайтып оралуды армандайды.

Ер адам әлеуметтік бейімдеу орталығының жұмысшыларымен бірге кетуден бас тартты. Сонымен қатар полицейлердің де көмегінен бас тартып отыр. Ол расымен құлдықта болды ма, жоқ па, нақтысы әзірге белгісіз. Арна журналистері құқық қорғау органдарына сауал жолдады.