Қызылжарда 13 жастағы мектеп оқушысы 8 жасар қызды зорламақ болған

10 сентября, 10:33
0 1

Қызылжарда кәмелеттік жасқа толмаған екі қызға азғындық әрекеті жасалды. Соңғы бір аптаның ішінде 8 және 17 жасар екі мектеп оқушысы зорлана жаздады. Ал бұл биыл тіркелген алғашқы оқиғалар емес. Тақырыпты аймақтағы тілшіміз қазбалап көрді.

«Сенная база» шағын ауданының тұрғындары жолды қысқарту мақсатында қараусыз жатқан гараждардың екі ортасымен жүруге мәжбүр. Осылайша, 17 жасар қыз да таңғы сегізде мектепке бет алған бойында педофилдің қолына түсті. Бұл оқиғадан кейін маңайдағы жұрттың төбе шашы тік тұрды. Бұқара балаларын енді есік алдына да шығаруға қорқып отыр.

Лидия ПОНИВЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

- Олар гараждар маңайындағы ағаштардың қуысында ылғи жатады. Полицейлер сол жерді тінтіп жүрді. Екінші күні де біреуді іздеді. Енді немерелерім үшін қорқамын. Бұл жерде 1988 жылдан бері тұрып келемін. Мұндай оқиға бізде бірінші рет болып тұр.

Күдікті адам арам пиғылын іске асыра алмаған көрінеді. Мектеп оқушысы қашып құтылған. Полицейлер күдіктіні көп ұзамай құрықтады.

Бұдан бөлек, өткен аптада тағы бір азғындық әрекеті тіркелді. 13 жастағы мектеп оқушысы 8 жасар қызға тиіскен. Қазір қос іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Қайрат ҚАСЕНОВ, СҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС ТЕРГЕУШІСІ:

- 17 жасар қызды зорлады деген күдікпен 1981 жылғы азамат ұсталды. Осыған дейін бір қылмысы үшін жазасын өтеп шыққан. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Ол он жеті жылға дейін бас бостандығынан айрылыуы мүмкін. Ал 8 жасар қызбен жыныстық қатынасқа түскісі келген 2006 жылғы баланың кінәсі дәлелденсе, онда ол бала есепке алынып, онымен психолог мамандар жұмыс істейді.

Психологтардың айтуынша, зорлыққа бел буған адамдардың психологиялық көзқарасы шатқаяқтап тұр. Қазір оларға күн райының өзгеруі әсер етуі мүмкін, дейді олар.

Дмитрий АГАПОВ, ПСИХОЛОГ:

- Күз мезгілінде психикалық ақауы бар адамдардың ойлау қабілеті әлсірейді. Мұндай уақытта оқыс жағдайды болжау қиын. Сондықтан пәледен аулақ деп, қауіпті жерлерде жүрмеген дұрыс. Ал балалардың зорлыққа деген көзқарасын кішкентай кезінен бастап анықтау керек. Егер белгісіз бір ынтасы болса, онда дереу психологтармен тілдесу қажет.

Тәртіп сақшылары биыл статистика өскенін айтты. Былтыр балалар зорлығы бойынша бір-ақ факті ғана тіркелсе, биыл дәл осындай төрт жағдай болған.

astanatv.kz