Қостанайда жалған еуро жасағандар ұсталды

11 июня, 09:43
0 1

Қостанай облысында 19500 еуро жалған ақша жасаған ұйымдасқан бір топ қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды   ҚазАқпарат ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай облысы Экономикалық тергеу департаментінің жедел әзірлеу нәтижелеріне сүйенсек, облыс аумағында алдын ала сөз байласу арқылы жалған валюта қаражатын өткізумен айналысқан бір топ тұлғалар анықталды.

«Ұстау кезінде қылмыскерлерден 223 000 РФ рублі, сондай-ақ 8 000 000 теңге тәркіленді. Қылмыстық топ барлығы 19 500 EURO өткізген. Сараптама қорытындысына сәйкес, валюталық қаражаттың жалған екені анықталды»,- делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.

Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 231-бабының 2-тармағы «Жалған ақша немесе бағалы қағаздар дайындау, сақтау, алып өту немесе өткізу» және ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-тармағы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары тілкелді.

Қостанай қаласының соты күдіктілерге қатысты бұлтартпау ретінде қамауда ұстау шарасын санкциялады. Енді бұлардың басқа қылмыстарға қатыстылығы бойынша тергеу жүргізілуде.