Арнайы операция: Алматыда қарулы қылмыстық топ ұсталды

12 октября, 19:39
0 1

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп Алматыда қарулы қылмыстық топтың жолын кесті. Бұл туралы ҚазАқпарат ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

ҰҚК «А» арнаулы мақсаттағы қызметін тартумен жүргізілген арнайы операция нәтижесінде қылмыстық топ жетекшісі К. Әлиев және оның 5 белсенді мүшесі: Т. Әлиев, А. Дартаев, Д. Терешин, С. Дидик және Ж. Қалтай ұсталды.

Қылмыстық топтың негізгі құрамы құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлерінен тұрғаны анықталды, олар 2018 жылғы 13 қыркүйекте Жамбыл облысының Отар станциясында кәсіпкер Р. Агагуллинге қарулы қарақшылық шабуыл жасап, 107 мың АҚШ долларын, 4 млн ресейлік рубль мен 23 мың еуроны иеленген.

Тінту іс-шаралары барысында ұсталғандардан 8 пистолет пен мылтық, 140 дана оқ-дәрі, радиостанциялар, жалған автомобильдік тіркеу белгілері, матадан жасалған бетперделер, кісендер мен қарақшылық шабуыл жасауға арналған басқа да құралдар табылды және алынды. Қазіргі уақытта тергеу-жедел іс-шаралары жүргізілуде.