"Қылмыскерлерді бүкіл ТМД-дан іздедік". Шымкентті дүр сілкіндірген қылмыстың беті қалай ашылды

12 октября, 14:22
0 1

2011 және 2012 жылдары ОҚО-да (қазіргі Түркістан облысы) белгісіз біреулер төрт әйелді аяусыздықпен өлітіріп кеткен. Қылмыскерлер ұсталып, өмір бойына сотталды. Шымкентті дүр сілкіндірген оқиға туралы экстремизмге қарсы күрес басқармасының басшысы, полиция полковнигі Сәкен Қожамұратов айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ОҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қылмысты тергеу кезінде Сәкен Қожамұратов облыстық ІІД криминалдық полицияның жеке тұлғаға қарсы жасалған қылмыстар бойынша бөлімін басқарған. Оның айтуынша, қылмыскерлер әйелдерді такси жүргізушісімін деп алдап, теміржол вокзалынан күтіп алып отырған. Жолда оларды тонап, зорлап, өлтірген.

"Бұл оқиға қаланы дүр сілкіндірді. Біздің алдымызға нақты міндет қойылды: ұстап, зиянсыздандыру. Бізге ол үшін төрт ай уақыт керек болды. Күнімен, түнімен қылмыскерлердің кім екенін анықтаумен айналыстық. Криминалдық полицияда арнайы топ құрылып, олардың құрамына тәжірибелі мамандар мен тергеушілер кірді. Ақпаратты тірнектеп жинадық. ІІМ-дегі әріптестер көмекке келді", - деді полковник.

Тәсілдерді сараптап, ауыр қылмыстардың жасалу жиілігі қаралып, полицейлер бұл қылмысты "гастролерлер" жасауы мүмкін деген нұсқаны алға тартты. Олар көрші елдердің аумағында жасырынуы мүмкін деген де нұсқалар қаралды. Полицейлер Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне халықаралық тапсырма жолдады.

"Уақыт өте келе Өзбекстан ІІМ-нен жауап алдық. Ол жақта белгісіз біреулер жеті әйелді өлтірген. Қылмыс белгілері бірдей еді: тонап, зорлап, өлтірген. 11 қылмыс бойынша екі ел қылмыстық істі біріктірді. Нәтижесінде Өзбекстанның 1986 жылғы азаматы ұсталды, ол бұрын Алматыда қарақшылық үшін және тонау бойынша сотталған", - деді Қожамұратов.

Ер адам қылмысын мойындап, бұл істі жалғыз істемегенін айтты. Олар екеуі әйелдерді вокзалда күтіп алып, жолда зорлап, өлтіріп отырған. Олардың құнды заттарын алып кеткен: бағалы заттар мен ақша. Екінші қылмыскерді полицейлер Ташкенттегі әріптестерімен бірге ұстады.

"Тергеу үш айға созылды. Қылмыстық топтың Өзбекстан мен Қазақстан аумағында тонау мен кісі өлтіру бойынша бірқатар қылмыс жасағаны дәлелденді. Қылмыскерлер өмір бойына бас бостандығынан айырылды", - деді Қожамұратов.