Әсет Исекешевтің орынбасарына қатысты тергеу жүріп жатыр

12 июля, 14:16
0 1

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошунға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қазіргі таңда Астана қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі елорда әкімінің орынбасары Хорошунның заңсыз әрекеттері туралы Машуровтың арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр", — деп мәлімдеді Жахин брифингте.

Жахиннің айтуынша, арызда көрсетілгендей, Машуров "Тамыз Инвест Груп" құрылыс компаниясының басшысы бола отырып, Хорошунге қамқорлығы үшін мүлкін берген. Қазіргі таңда Машуровтың дәлелдері тексеріліп жатыр. Қылмыстық-процессуалды кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер жария етілмейді.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйенсек, 52 жастағы Сергей Хорошун әр жылдары Ақмола темір жолының инспекторы, "Горкоммунхоз" басшысының орынбасары, Астана коммуналдық шаруашылығы департаментінің директоры болып қызмет атқарған. Астана әкімінің орынбасары болып 2006 жылдан бері істеп жүр.

Бұған қоса, "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры директорлары кеңесінің мүшесі. "Құрмет" орденімен марапатталған.

© Sputnik