Арман Сқабылұлы: "Біз нұр-сұлтандықтар сондаймыз!"

06 ноября, 12:22
0 1

Нұр-Сұлтанның мұзы бүгін мені аямады. Бұрын да аяғаны шамалы еді. Бұл жолы тіпті қатты кетті. Таңертең үйден шыға аяғым аспаннан келіп құладым. Қап-қара болып жатқан баспалдақтың беті мұз болып қатқанын қайдан білейін, жоғарыдан төменге домалап бір-ақ түстім. Мұндайда дененің ауырғанын емес, абыройдың төгілмегенін ойлаймыз ғой. Тұра салып жан-жағыма қарағанмын. Біздің үйден шыққан бір келіншек маған қарап жымиып келеді екен. Ескертіп үлгермедім. Әлгі қарындасымның да аяғы аспаннан келіп, дәл менің қасыма домалап түсті. Енді ауырсынып тұрсақ та амалсыз бір-бірімізге қарап жымидық. Әйтеуір аманбыз. Оған да шүкір!
...Кешкісін үйдің лифтісіне тағы бір көршімен бірге мінгенбіз. Көңіл күйі жоқ секілді көрінді. -Таңертең шыға берісте құлағансыз ғой деймін!-деп жәй сұрай салдым. -Қайдан білесіз? Ешкім көрген жоқ сияқты еді ғой, -деп көршім шоршып түсті. Үндемедім. Біз нұр-сұлтандықтар сондаймыз! Шыдамдымыз. Ешкімге өкпелемейміз. Шағым айтпаймыз. Іштен тынамыз. Ал, атасына нәлет ана баспалдақ әлі жылтырап жатыр. Ертең кім құлар екен?.. 

Инстаграмдағы парақшасынан