Данияр Есен:"Тойда өзге келіншекпен билеп жүрген жолдасыңыз туралы картинаны көз алдыңыздан алып тастаңыз"

25 октября, 10:20
0 1

Өткенде тойға бардым. Жүргізуге емес, қонақ болып бардым. Енді жайғаса бергеніміз сол, біздің дастарханға ерлі-зайыптылар келіп отырды. Жас семья екенін байқадық. Тойға коляскамен, кішкентай сәбиімен бірге келіпті. Түрлерінен шамалы шаршағандық, әбіржу байқалады. Баламен далаға шығамын дегенше, біраз шытырман оқиғаны бастан кешірген-ау, шамасы, деп ойладым іштей.
Содан той басталды. Даңғаза музыка, у-шу, ығы-жығы халық. Қазақтың тойын мен суреттемесем де, қалай өтетінін іштеріңіз жақсы біледі.
Бір уақытта бесікарбада жатқан нәресте шар ете қалды. Анасы қолына алып, ыдыстағы сүтін беріп, жұбатып жатыр. Бірақ, оған көнетін бала жоқ. Жылауын тоқтатпады. Фойеге алып шығып кетті.
Күйеуі бізден ыңғайсызданды ма, әлде әйелінің жанынан кеткен уақытын пайдаланды ма, «Үйде қал, деп айттым. Көнбейді. Мен бұл тойға қызық қуып келген жоқпын ғой» - дейді өзінен-өзі ақталып. Біз шамалы езу тартып, жымиғандай болдық. Кейіннен білсек, сәби 6 айлық екен.
Ерлі-зайыптылар бірінші дастарханның соңына дейін отырды. Бала тым мазасызданып кетті. Әрине, 6 айлық сәби мынадай шуды көтере алмайтыны анық.
Негізі бұл – өзекті мәселе. Бұрынғы ана-әжелеріміз бала ет жинап, өз-өзіне келмейінше, сыртқа қырық қадам аттап баспаған. Көз тиеді деп ойлаған. Жын-ойнақтан бойын аулақ ұстаған. Бұл – дала философиясы, бұл – дала психологиясы.
Әрине, үйде баламен отырған келіншектің бір сәт бой жазғысы келетіні анық. Ол кез-келгеніңіздің басыңыздан өткен дүние. Бірақ, сіз қуған қызықтың балаға зияны тимеу керек. Бала аяқтан тұрып кеткенше, думан-тойды ысырып қоюға тура келеді. Өйткен, баланың иммундық жүйесі тым әлсіз.
Шыны керек, кейде той-томалақтарда балалар аяққа оратылып жүреді. Баланы тойға алып бару, алып бармау мәселесін отбасында нақтылап шешіп алу қажет. Той дегеніміз не? Тағы да қайталап айтамын, ығы-жығы халық, даңғаза музыка, айқайлаған, есірген қонақтар. Алкогольмен өтетін тойларда тіпті, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан талай адамды көрдік. Аунап, орнынан тұра алмай жатқан қонақтарды да кездестірдік.
Бұл – сіздің балаңыз көретін дүние емес. Мұндай тойлардан бала өнеге алмайды. Ішіңіз пысса, Ютубты қосыңыз. Испан тілін меңгеріңіз, жақсы кино көріңіз, далаға таза ауаға шығып, серуендеп қайтыңыз. Өзін-өзі жетілдіремін деген адам әйтеуір бір хобби тауып алады. Тойда өзге келіншекпен билеп жүрген жолдасыңыз туралы картинаны көз алдыңыздан алып тастаңыз. Ол – сіздің қиялыңыздағы, ойдан шығарылған картина.
Жалпы, тойға бала ертіп баруға сіз қалай қарайсыз?