Қыздар, менімен тағдырлас қыздар, ешқашан баланы әкеге, әкені балаға қарсы қоймаңыздар.

01 августа, 12:42
0 1

Қыздар, менімен тағдырлас қыздар, ешқашан баланы әкеге, әкені балаға қарсы қоймаңыздар. Бұл әрекетіміз басқаға емес, балаларымызға зияны тиюі мүмкін. Екеудің ерлі-зайыптылық ғұмырының жараспағанына бала кінәлі емес! Мен 25 жасымда күйеуімнен ажырастым. Балалар тым кішкентай еді, қызым екі жарымда, ұлым үш айлық болған. Ұлым ес біліп қалған кезінде үйге келген әкесі телефонын қалдырып шығып кеткенде, артынан жүгіріп шығып, "Аға, телефоныңызды қалдырдыңыз" дегенде жүрегім ауырған. Ол кезде өз депрессиям өзімде, жаспын. Бастапқыда әкелері туралы айтқым келмейтін қырсық мінезімді әйтеуір жеңіп, жеті аталарының кім екенін жаттатқыза бастадым. Қалай түйсінгенімді білмеймін, балаларымның көзіне әкелерін жақсы адам ретінде көрсетуге тырысатынмын. Тырысқанда, ол өзі де жақсы адам. Тек оның балаларына ұзақ уақыт түрлі себеппен келмей кеткенін түсіндіре алмағандықтан, "папаларың беріп жіберді" деп өзім сатып алған шоколадты әкелетінмін. Өйткені ол кезде балалар түгілі, өзіме түсіну қиын еді. Қазір есейді, өздері де түсінеді. Тым қатты араласып кетпесе де, әкелерін құрметтейді, сыйлайды. Ал бұл өте маңызды екен. Қазір оқып жатқан сабағымда түсіндім. Кейін таратып жазамын. Ал Сіздер қалай ойлайсыздар?

Ирина Советжанкызы

Инстаграм парақшасынан