Батыртоғайда кез болған атты батыр елесі

12 июля, 11:34
0 1

Павлодар облысы Баянауыл ауданының Күркелі ауылдық округі аумағында Батыртоғай аталатын шағын тоғай бар. Жергілікті қариялар тоғайдың бұлай аталуын 1756 жылы өткен Серектас шайқасына осы өңірден қол бастап барған Сәдірұлы Қараке батырдың есімімен байланыстырады.

Яғни шөбі шұрайлы, бұлағы сарқыраған осынау жәннат өлке Сәти мырзаның немересі – Қареке батырдың ата қонысы болыпты. Осы тоғайға қарсы беттегі жақпар тастарға назар салсаңыз, дулыға киген батырдың бейнесі сияқты ерекше тас көзге бірден түседі. Біреулер тоғай атауын осы суретке әкеп тірейді. Бір қызығы, Батыртоғайдың көпшілік біле бермейтін басқа да құпиясы бар болып шықты.

– Жаңылыспасам, 1974 жылдың қыркүйек айының орта кезі болуы керек, – деп әңгіме шертеді бұл туралы күркелілік қария Нығмет Жәмінұлы. – «Южный» кеңшарында экономист қызметінде едім. Астық орағына дайындық барысын тексере келген адамдарды кеңшар басшылары табиғат аясында күтпек болды. Қонақтар үшін Қарақуыс қойнауындағы көзден таса жер – Батыртоғай таңдап алынды. Тиісті қызметтік міндеттерімді атқарып, уәделі жерге жетем дегенімше уақыт түс мезгілі болып қалыпты. Батыр­тоғайды жағалап, бұлақ басына апаратын дөңге шыға келгенімде, бұрын көрмеген тамаша көрініске тап болдым. Жанымдағы серігім Риза Нығметов екеуміз әлгі суретті тамашалап, тілсіз тұрып қалыппыз. Қарсы алдымыздағы биіктігі 10 метрдей үлкен жартаста дене тұрқы түгел салынған батырдың суреті күнмен шағы­лысып жарқырап тұр. Дәл бір қолмен салынғандай, дөңгелек бетті, басында дулыға, үстінде шолақ жең берен, белдігінде қанжар, бір қолы бос, бір қолы бел­дікте, аяғында қысқа қонышты етік. Сызықтары ақ­сары бояумен жүргізілген сурет түрлі-түсті, сәулеленіп тұр. Көріністі қызықтап бөгелейік деп едік, етектегі кісілер қол бұлғап шақырған соң кідіре алмадық. «Батырды қайта барып көрерміз» дегелі де 30 жыл өтіпті. Менің айтқаныма қызығып, көрсетуімді өтінген талай адамды әлгі жерге ертіп бардым, сурет біреу көтеріп әкеткендей зым-зия.

Сондықтан «мен мына жерден қара­ғанымда ана беттен көрініп еді...» дегеннен аса алмай, өтірікші атандым. Сурет сырын сұрап білетін үлкендер де қалмады. Тек екі адам «сіз айтқан көрініс жайында ер­те­ректе үлкендерден естіп едік» деді. Соның бірі Сапабеков Мақсұт: «Суретті өзім көрген жоқпын, бірақ әкем Садықтың дәл сіз көргендей қып айтып бергені есімде», – деді.

Бұл ғажайып құбылысқа мына бір жайттың да ұқсастығы бардай. 1963-1965 жылдары осы өңірдегі Қызылтау елді мекеніндегі ескі қорымда қыз бейнесі бар бір құлпытас болыпты. Сәукеле киген келбетті, қыр мұрынды, бота көз әдемі қыз суреті кеудесіне дейін салынған деседі. Шілде айының орта кезінде екі-үш күн тал түсте құлпытас күн сәулесімен шағылысып жанып тұрады екен. Ал сурет сызықтары жаңажылдық шырша шамдарындай жар­қырайды-мыс. Ел бұл қорымды «жанып тұратын бейнелі жер» деп атап кеткен көрінеді. 1964 жылы қорымды Әлкей Мар­ғұлан басқарған экспедиция келіп тексеріп кетіпті. Сонда құлпытас орнынан қозғалған ба, әйтеуір, кейін жанып тұруын доғарыпты.

Кім білсін, орнатқан шебер құл­пытасты күн сәулесі белгілі бір нүктеге түскен кезде жанатындай етіп қойды ма екен... Батыр­тоғайдағы батыр бейнесі мен осы құлпы­тастың құбылуын ауыл адамдары егіз құ­былыс деп есептейді. Олардың айтуын­ша, екеуінің де жар­қырап жанатын шағы жыл­дың белгілі бір мезгіліне ғана дәл келеді.

Нығмет ақсақалдан бері Батыртоғай жа­нындағы жартастан жанып тұрған су­рет­ті көрдім деген тірі жан жоқ. Қызылтау қойнындағы құлпытас орнында болғаны­мен, онда да адам баласын селт еткізерлік ерекшелік байқалған емес. Біреулер ер­ек­ше тастардағы жоғарыда біз айтқан құ­былыстар бір мүшелде, яғни 13 жылда бір қайталанатынын айтады. Оның өзінде күн сәулесінің белгілі бір уақытта тастың ер­ек­ше нүктелерін «тірілтуіне» байла­нысты.

Кім білсін, алдағы уақытта тас батыр­дың тылсым бейнесі көзге шалынып та қа­лар... Ал әзірге Батыртоғай жанындағы табиғат қолдан соққан дулығалы бейне батырлар жайлы талай әңгімеге арқау бола бермек. 

alashainasy.kz/