Байлық қуып, елін сатып кеткен кейбіреулердің айтағына еріп, арандап қалмайық!

12 июня, 11:11
0 1

Қайырлы таң; қадірлі достар! Осы жазбамды Сіздерге ұсынбас бұрын көп ойландым. Кейбіреулердің мені қолдамай өре түре келетінін де ішім сезіп отыр. Бүгінде әлеуметтік желі деген қатігездіктің ордасына айналып алды ғой, мұнда отырғандардың көпшілігі менікі ғана дұрыс деген пікірде, өз ойынан шықпағандарды аямайды, жерден алып, жерге салады, қарғайды, нешетүрлі қара күйені жағады. Солай екен деп, дәл қазіргі жағдайда үндемей қалуды жөн көрмедім. "Айтпаса сөздің атасы өледі" деген халқымыз. Жер-жерде көшеге шығып, 9 маусымда өткен Президент сайлауының қорытындыларына наразылық білдіріп жатқан азаматтарға айтарым: елдің, ұлттың болашағын ойласаңыздар, сабырға, ақылға келіңіздер! Ереуіл, алауыздық біздің жолымыз емес. Туындаған келіспеушіліктерді шешудің сан тарау жолдары бар. Әлі оңы мен солын танымаған жастарды арандатпаңыздар, біреудің көз жасына қалмаңыздар! Әлем жұртшылығы бізге көз тігіп отыр, басқаларға таба болмайық! Бабаларымыз аманат еткен ел бірлігін сақтайық!
Сайлау күні отандастарымыз өз таңдауын жасады, жеті үміткердің арасынан Қасым-Жомарт Тоқаевқа тоқтады.Бұл бірден-бір дұрыс таңдау деп санаймын. Қасым-Жомарт Кемелұлы басқару саласында тәжірибесі мол, әлемге танылған саясаткер. Мен өзім оның қаншама жыл билікте жүрсе де соңына сөз ермегеніне сүйсініп отырамын. Мемлекет тізгінін қолына алғаннан бергі уақыттағы бастамалары да көңілге қуаныш ұялатады. Осындай азаматқа мүмкіндік беріп, қолдағанымыз жөн емес пе.
Мен кейбіреулердің ел басқарудың жауапкершілігін түсінбейтініне таңғаламын. Құр айқай, даңғазалық бізді алға, биікке жетелемейді, етегімізден тартып, жарға сүйрейді. Байлық қуып, елін, жерін сатып кеткен кейбіреулердің айтағына еріп, арандап қалмайық! Ең басты құндылығымыз -тыныштық, елдің бірлігі, тәуелсіздік екенін естен шығармайық, ағайын!


Жарасбай Сүлейменов
Фейсбуктегі парақшасынан