Өзім осы уәдеге сеніп отырмын! Өйткені, қолдан келмейтін дүние емес қой!

15 мая, 13:14
0 1

Өздеріңіз жақсы білесіздер, 90- жылдарда ауыл, аудан, тіпті, облыс орталығының өзін қойып, нән қала – Алматыда жолдың бәрі шұрық-тесік болатын. Ойықтан қашам деп талай жүргізуші көлігін соғып алған, байқамай көлігінің астын ұрған сәттер аз емес. Алакөлге, Көлсайға немесе басқа да өңірлерге демалуға бару мұң еді. Алакөлдің жолы әлі сол мызғымаған қалпы жатыр. Ал, Көлсайдың жолы былтыр жасалды. Елімізде сау-тамтығы қалмаған жолдар әлі де көп. Өте көп.
Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолы, облыстардың арасын жалғайтын республикалық маңызы бар жолдар салына басталғалы сәл де болса тынысымыз ашылды. Бірақ, біздің елдегі ресурспен осындай маңызды жолдарды ғана емес, ауыл, аудандардың жолдарын да баяғыда-ақ тақтайдай етуге болар еді. Еді, еді, еді...
Қытай мен Еуропаны жалғайтын халықаралық жолды, ел ішін байланыстыратын Орталық – Шығыс, Орталық – Оңтүстік, Орталық – Солтүстік, Орталық – Батыс жол жүйесін толық аяқтау, жалпы, барлық автожолдардың сапасын арттыру жолда жүрген бәріміз үшін аса маңызды. Осы мәселені Қасымжомарт Тоқаев көтеріп отыр. Республикалық маңызы бар жолдардың сапасын 100 пайызға, облыстық және аудандық дәрежедегі жолдардың сапасын 95 пайызға арттыруға және шағын ұшақтардың жұмысын дамытып, 2025 жылға дейін қосымша 13 жергілікті аэродром салуға ықпал етем дейді Қ.Тоқаев.
Ертеде, көрші ауылдан аудан орталығына, облыс орталығына шағын ұшақ ұшқанын, талай аяғы ауыр әйел, көмекке аса зәру науқас, шұғыл шаруамен асыққан жолаушы сол ұшақпен зу ете қалғанын үлкендер айтып отырушы еді. Жолда құлап қалмай, аман-есен ұшып-қона алатын ұшақтар табылып, аэродром салынып жатса, қанеки!
Қысқасы, өзім осы уәдеге сеніп отырмын! Өйткені, қолдан келмейтін дүние емес қой!

Қанағат Әбілқайыр
Фейсбуктегі парақшасынан