Онлайн несие алған жағдайда нені ескеру керек?

16 ноября, 18:00
0 1

Онлайн займ берушілер – бұлар тіркелмеген ұйымдар, олар 100 пайыз үстеме қоса алады.
Қарыз беруші кей ұйымдар белгіленген пайыз көлемінен артық сома қоса алмайды. Шымкенттік заңгер Ғалымжан Темірбаевтың айтуынша, бұл салада да қарапа­йым халық білмейтін дүниелер аз емес көрінеді. Сөйте тұра, олар соманы бірнеше есе көбейтіп айтады екен.

«Жалпы, қарыз беретін мекемелер Ұлттық банктің реестріне тіркелген және тіркелмеген болып бөлінеді. Тіркелгендері микроқаржылық ұйым болып саналады. Олар жылына 56 пайыз ғана үстеме қоса алады. Одан артық қоспауы керек. Мысалы, бір адам 100 мың теңге алса, оған бір жылда 56 мың теңге қосады.

Ал онлайн займ берушілер – бұлар тіркелмеген ұйымдар, олар 100 пайыз үстеме қоса алады. Яғни сіз 100 мың теңге алсаңыз, комиссиясы, өсімі, басқасы бар, 200 мың теңге етіп қайтаруыңыз шарт. Бұл – бір жылдық пайызы. Көбіне 50-60 мың теңге алған адамдардың қарызын қайтарым сомасын 250-300 мың теңгеге дейің өсіріп жіберіп жатады. Бұл – заңсыз. Борышкер қанша уақыт кешіктірсе де, тіпті, екі жыл төлемесе де оның үстіне қосылатын үстеме ақысы алған сомасынан асып кетпеуі керек. 100 мың теңге алды ма, оның қайтарым сомасы 200 мың теңгеден аспауы шарт. Бірақ, бұл заң биылғы жаз айында ғана шыққандықтан, онлайн несиені беретін уақытта алған адамдарға ғана қатысты болып табылады.

Ал оған дейін қандай еді? Заң шықпай тұрып онлайн несие алушылар алған ақшаны ғана қайтаратын. 50 мың теңге алса, 50 мыңды, 100 мың теңге алса, 100 мыңды ғана береді. Себебі, онлайн несие берушілер микроқаржы ұйымы ретінде реестрде тіркелмеген. Тіркелмеген себепті, үстіне ешқандай па­йыз қосылмайтын. Ол кезде солай болды», – дейді Ғалымжан мырза.

Сонымен қатар, заңгер қарыз ақша алмас бұрын келісім-шартты дұрыстап оқып алуды ескертеді.

«Содан соң мұндай ұйымдардан несие алғанда келісім-шарттарында «барлық келіспеушіліктер мен дау-дамайлар арбитражды сот арқылы шешіледі» деп жазады. Адамдар оны оқымайды, оқыса да байыбына бара бермейді. Арбитраж – бұл мемлекеттік емес, жекеменшік соттар. Ал олар қашанда әлгіндей несие беруші ұйымдардың пайдасына және көп жағдайда адамдардың сыртынан шешім шығарады. Мұндағы айта кететін басты нәрсе, арбитражды соттан шыққан шешім күшіне ену үшін борышкер «келісемін» деп қол қоюы керек. Егер адам оған келіспесе, шешім жарамсыз, заңсыз болып саналады. Сондықтан мұндай жағдайда қол қоюға асықпау керек.

Кей жағдайда онлайн-несие берушілер қарыз алушыны белгілі бір көлемдегі қарызды қайтаруға міндеттейтін орындау қағазын нотариустан шығарып алып, сол арқылы қарыз өндіруге тырысады. Мұны да бұзуға болады. Заң бойынша нотариус борышкердің мекен-жайына хат жолдап, оның келісімін сұрауы керек. Егер адам келіспесе немесе адамға ескертілмей орындау қағазын шығарса, борышкер тап сол нотариусқа барып, бас тарту хатын жазу арқылы міндеттемені бұза алады», – дейді ол.

Қысқасы, қай жерден қандай несие алсақ та өз құқықтарымызды біліп жүрген дұрыс болар. Әйтпесе, қарызға белшеден батып кете беруің әбден мүмкін.

Дереккөз: "Замана" басылымы