Желтоқсан айында электр қуаты қымбаттайды

03 ноября, 14:33
0 1

Электр қуаты желтоқсаннан бастап 6 пайызға қымбаттайды. Ал оны жүгендеуге Табиғи монополияларды реттеу комитетінің шамасы жетпейді. Себебі, бағаның өсуіне газ, көмір, жанармай сияқты комитеттің құзырына кірмейтін отын түрлері әсер етіп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп.

цвет

Монополияға қарсы қызмет электр энергиясының өзіндік құнын белгілейтін Энергетика минитрлігі деп, мәселенің басын сол жаққа бұрады. Ал олар бағаны белгілейтін комитет деп, басын даудан арашалағысы келеді. Екі жақ өзара түсінісе алмай жатқанда қымбат тариф тұтынушының қалтасынан өтелмек.

Тариф тақырыбын Елбасы бір жыл бұрын ғана Қауіпсіздік кеңесінде арнайы қарап, министрлерді сынға алған.  Артынша монополистер негізсіз тариф арқылы халықтан алған артық миллиондарын кері қайтара бастаған. Енді бағаны көтеру деген әңгіме қайта қылаң берді.  

"Энергетика министрлігі сатып алу бағасын бекітеді. Сол жақта 15,7 пайызға көтерілгендіктен, соңғы жаққа оның әсері болады, соңғы бағаға.  Желтоқсаннан бастап 6 пайызға әсер етуі мүмкін. Қазақстан бойынша, орташа. Ал өңірлер деңгейінде ол әр түрлі болады", - дейді ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Ыбырайханов. 

Электр бағасы нарығына әсер ететін негізгі үш фактор десек, оның бірі – көмір. Көмір бағасы соңғы екі жылда екі еседен де жоғары қымбаттаған. Ол электр қуатының өзіндік құнының шамамен жартысын құрайды.

Одан бөлек, газ бен жанармай да электр бағасын негізгі қалыптастырушылар. Оларды бақылауға комитеттің құзыры жетпейді. Солардың бағасы көтерілгеннен кейін электрдің көтерме саудада бағасы қымбаттайтыны түсінікті.

Ал Энергетика министрлігі не дейді? Олар электрдің өзіндік құнын бекіткенімен, көмір мен газдың бағасын уысында ұстап отырған жоқ.

"Егер газ стансаларын алсақ, газ қымбаттаған жоқ. Ол станциялардың тарифі қымбаттамайды, ал көмір қымбаттады. Сондықтан ол тарифке әсер етеді. Ал оның бағасын қадағалау комитеттің жұмысы. Олар тарифтің қалыптасуы бойынша барлық сатыларын жекежеке қарайды. Сондықтан олар тарифтің өсуін мейлінше азайта алады немесе тіпті өсірмей қояды", - дейді ҚР Энергетика министрлігінің департамент директоры Қайрат Рахымов.

Әзірге Табиғи монополиялар комитеті мен Энергетика министрлігі баға нарығын кім реттейтінін өзара анықтай алмай жатыр. Білдей екі мекеме мәселені бір-біріне сілтеп әлектеніп жүре берсе, бір айдан кейін электр энергиясы ақыры қымбаттайын деп тұр.

Бағаны арзандататын бір мүмкіндік – жаңғыртылатын энергия көздерін дамыту, яғни жел мен күн энергиясын пайдалану. Бірақ оның қазіргі бүкіл энергия қорындағы үлесі 2,3 пайыз ғана.

Қалғаны негізінен сәт сайын қымбаттап бара жатқан көмірдің күшімен отыр. Ал көмірдің бағасын елімізде ешқандай мемлекеттік орган реттемейді. Яғни, көмір қымбаттаса, тариф те өседі. Сайып келгенде жарық тарифінің өсуі тағы да тұтынушының қалтасына түсейін деп тұр.