TEDx Astana конференциясына тіркеу басталды

08 августа, 13:43
0 1

15 қыркүйекте елордада TEDxAstana ғылыми-көпшілік конференциясы өтеді. Бұл туралы сәрсенбі күні конференция ұйымдастырушылары әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы хабарлады.

«Биылғы конференцияның тақырыбы – Under One Sun (Бір аспан астында). Бұл тақырыпты таңдауымыздың өзіндік себебі бар. Себебі, біз бір-бірімізге ұқсамаймыз. Ой-пікіріміз де әртүрлі. Дегенмен бәрімізді біріктіретін тақырыптар да бар. Дәл осы тақырып бізді алаңдататын мәселелерді ортаға салуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», - деді TEDx Astana конференциясының кураторы Әлия Сандыбаева.

Ұйымдастырушылар пікірінше, конференцияда адамзат жеткен жетістіктердің қоршаған орта мен экономикаға әсері туралы жылдар бойы қалыптасқан «үйреншікті» пікірлерді өзгертетін идеялар сөз болады. Спикерлер адамдардың өмір салты мен болашағына әсер ететін мәдени-әлеуметтік құбылыстар, инновациялар мен заманауи технологиялардың қазіргі заманның ең өзекті деген мәселелерін шешуге қаншалықты мүмкіндігі бар деген сауалдарға жауап іздейді.

Алғашқы TEDx конференциясы Қазақстан мен ТМД елдері аумағында 2010 жылы өткізілген болатын. Ал, TED қорының арнайы лицензиясымен өткізілетін TEDxAstana 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. TEDx – жергілікті жерлерде түрлі ағартушылық шаралар өткізуге арналған ғаламдық жобасы.

Конференцияға тіркеу tedxastana.com сайтында қыркүйектің 5 дейін жалғасын таппақ.