Алматыда мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алмақ болған жұрт шу шығарды

03 июля, 09:28
0 1

300-ге жуық адамның алды «Восточка» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерге былтыр қоныстанулары керек болған. Алайда нысанның құрылысы бүгінде тоқтап тұр. Ал бұған жауапты мердігер компания енді желтоқсан айына дейін үйлерін бітіріп беретіндіктерін айтуда. Құрылыс компаниясының кезекті уәдесіне жұрт күмәнмен қарап отыр.

Сұлтан Жарылқапов 4 млн-нан астам ақша салып, аузы күйген салымшылардың бірі. Ол 7-20-25 мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 пәтер алмақ болған. Бірақ былтыр қоныс тойы тойлануы керек болған бүгінгі үйдің сиқы осындай. Бетон қаңқасы ғана тұр. Құрылыс басында қыбырлаған жан жоқ.

Сұлтан Жарылқапов, зейнеткер:

- Мен зейнеткермін. Былтыр 10 пайызбен ақшамызды құйдық. Келісім бойынша былтыр желтоқсан айында салып бітіруі керек еді. Қазір міне 2019 жылдың жартысы бітті. Сол құйылған ақша қайда кетті?

Ал мердігер компания құрғақ уәдемен, ай сайын уақыт созып жатқан көрінеді. Соның кесірінен салымшылардың бір сыпырасы ипотекамен қоса жалдамалы пәтерге ақша төлеп екі рет шығындалып отыр. Өйткені, үйлері салынып бітті деген акт бола тұра, баспаналарына қоныстана алмай жүр.

Айда Жұмабекова, Алматы қаласының тұрғыны:

- 20 пайызын яғни 2 млн 250 мың теңге салдым. Құрылыс солай тұр. Түк істеліп жатқан жоқ.

Тұрғындар кездесуге құрылыс компаниясының басшылары мен аудан әкімін де шақырыпты. Мердігерлер қолындағы хаттамасымен толықтай таныстырып, әр салымшының сұрағына жауап беруге тырысты. Ал, құрылыстың тоқтап қалғанына қаржы тапшылығы себеп болған көрінеді.

Ұлан Ерменбеков, «Baur Development Group» Құрылыс компаниясы директорының орынбасары:

- Мемлекеттік сараптама қорытындысы негізінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының өкілдерімен келіссөздер жүргіздік. Мемлекеттік сараптамадан қайта өткендіктен, құрылысты жақсартуға жасалған өзгерістерге байланысты уақытынан кешігіңкіреп қалдық. Жылдың соңына дейін үйдің құрылысын толықтай аяқтап, тұрғындар жаңа баспаналарына кіретін болады.

Осылайша мердігерлер құрылыс жұмыстары шілденің 15-нен бастап қайта жанданады деді. Бұл сөзді бірнеше айдан бері естіп келе жатырмыз деген тұрғындар құрылыс компаниясына сенбейтіндіктерін айтады. Сондай-ақ, жылдам салып бітіреміз деген құрылыстың сапасына да күмәнмен қарап отыр. Ал, аудан әкімі мәселені жауаптылармен біріге отырып шешіп беруге уәде етті.

Сұлтанбек Мәкежанов, Медеу ауданының әкімі:

- Банктік міндеттемелерге байланысты аудандық прокуратурамен бірігіп бұл мәселені сәрсенбіге дейін шешу жолдарын іздейтін боламыз. Сөйтіп толықтай жұмысқа кірісеміз. Егер үйден бас тартқан жағдайда, банкке салған қаражаттарыңызды қайтарып беру жағын да қарастырамыз.

Бүгінде 24 үйдің құрылысы тоқтап тұр. Құрылыс компаниясы бұған қаржылай қиындықтар себеп екендігін ашық айтпай отыр. Тіпті осыншама көпқабатты үйдің құрылысын жарты жылда-ақ аяқтайтындарын айтып сендірді.

Ал осыдан бірнеше ай бұрын ғана «Восточка» тұрғын үй кешенінің құрылысшылары айлап жалақы төленбейді деп наразылық шарасын ұйымдастырғанын естеріңізге сала кетейік.

ktk.kz