Қазақстан ең арзан газ тұтынатын ел деп танылды

11 июня, 17:24
0 1

Ресейлік РИА Рейтинг ақпарат агенттігі 2019 жылдың бірінші жартысындағы тұрғындар үшін табиғи газдың қолжетімділігін анықтау мақсатында жүргізген зерттеу қорытындысын жария етті. Тізімге Еуропаның 33 мемлекеті мен Еуразия аумағының бірқатар елдері кірген.

Биыл екі рейтинг жасақталды. Біріншісіне тұрғындардың өз елінде орташа жалақыға қанша көлемде газ алуға мүмкіндігі бар екені анықталса, екіншісінде ішкі нарықтағы газ құны сарапталған.

Алғашқы тізімді Люксембург бастады. Мұнда тұрғындар өздерінің орташа жалақысына 7,9 мың текше метр газ сатып ала алады. Бұл елде газ бағасы аса қымбат емес, оған қоса орташа жалақы Еуропадағы ең жоғарыларының бірі. Екінші орынға Қазақстан жайғасты. Отандастарымыз 7,5 мың м3 газ сатып алуға мүмкіндігі бар. Үшінші орынға тұрғындары айына 6,7 мың м3 газ сатып алуға қауқарлы Ресей орналасты.

Газдың қолжетімділігі жөнінен бірінші ондыққа батыс Еуропаның дамыған Ұлыбритания, Германия, Бельгия, Ирландия, Австрия, Нидерланды, Дания секілді елдері енді. Ең қымбат газ Украинада сатылады. Оның тұрғындары өз жалақысына бар болғаны 1000 м3 газ сатып ала алады.

Ішкі нарықтағы газ бағасын салыстырған екінші тізімді Қазақстан бастап тұр. Ал Швеция тұрғындарына көгілдір отынды ең қымбат бағаға сататын мемлекет ретінде танылған.

Қазақстанда тұрғындар газдың 1 текше метрін орта есеппен 19 теңгеге сатып алады. Елімізде кей өңір тұрғындары 1 текше метр газды 8 теңгеден ал кей өңірлерде 34 теңгеге дейінгі аралықта сатып алады. Көгілдір отын, оның әлеуметтік маңызын есепке алына отырып, ішкі нарыққа өзіндік құнынан төмен бағаға жеткізіледі. ҚР энергетика министрлігі хабарлағандай, көгілдір отынның бағасын қолжетімді деңгейде ұстап тұру үшін газ саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» компаниясы жыл сайын 60 - 70 млрд теңге көлеміндегі өз қаржысын субсидиялауға жұмсап отыр.

Ішкі нарықтағы бағасы бойынша екінші орынға Ресей жайғасты. Мұндағы тұрғындар үшін 1 текше метр газдың бағасы 37 теңге. Үшінші орында 57 теңгеге сататын Белоруссия.

Рейтингтің ең төменгі сатысында көп жылдан бері Швеция келеді. Тұрғындар үшін орташа газ бағасы мұнда тым қымбат деп танылған – 1 текше метрі 520 теңге.