700 мың адам 18 млрд теңге көлік салығын төлемей жүр

08 июня, 00:13
0 1

700 мыңнан астам Қазақстан азаматы 18,4 млрд теңге сомасындағы көлік салығын төлеуден жалтарып жүр. Бұл жайында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство таратқан ақпаратқа қарағанда, жеке тұлғалардың мүлікке, жерге, және көлікке төлемеген салықтарының сомасы 21,7 млрд теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде 2019 жылдың 6 маусымындағы деректерге сәйкес, 362 569 жеке тұлға 1,2 млрд теңге мүлік салығын, 365 055 салық төлеуші елді мекендердегі жерге 2,1 млрд теңге жер салығын, 719 193 жеке тұлға 18,4 млрд теңге көлік құралы салығын берешек.

"Шетелге шығатын жеке тұлғаларға салық бойынша берешектерін төлеу қажеттігін ескертеміз. Егер сіз шетелге демалуға бармақ болсаңыз, онда Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтына кіріп, салықтар мен төлемдер бойынша берешегіңіздің жоқ екендігін тексеріп алыңыз", - деп ескертеді комитеттен.

Айта кетерлігі, салықтар мен төлемдер бойынша берешегі бар Қазақстан азаматтары шетелге шыға алмайды. Уақытша шектеуді алып тастаудың бір ғана жолы - ол мемлекет алдындағы берешекті толықтай өтеу.