Ақтөбеде балаларды тегін лагерьге шақырып, діни кітаптар үлестіргені әшкере болды

08 октября, 21:59
0 1

Ақтөбеде бейтаныс адамдар балаларыңды тегін лагерге жіберіңдер деп, ата-аналарды алдап-арбап, артынша діни кітаптар үлестірген. Қазір құзырлы органдар «атымтай жомарттардың» кімдер және олардың көксегені не екенін анықтап жатыр. Ал балаларға тегін таратқан әдебиеттердің мазмұнын мамандар тексеретін болатын. 

Желіде тараған видеожазбада белгісіз ер адам жағдайдың Ақтөбеде болғанын баяндайды. Мұқабасы жып-жылтыр кітаптарды 6-сыныптың оқушысы лагерьден алып келген. Ең сорақысы, оқушылардың анасы жалғызбасты келіншек балалардың қайда барып, қалай демалып жүргенінен тіпті хабарсыз болыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап.

«Анасына белгісіз біреулер парақшалар беріп, лагерьге тегін келуге болады деген. Сонымен, анасы күнделікті көлікке салып жіберіп отырған. Олардың не айтқандарын бала нақты білмейді. Ол: «Ойын ойнадық, тамақ іштік, қайттық», - дейді. «Нұр» деген лагерьге барған. Кітапты соңғы жұмада, біткен күні пакетке салып берген», - дейді , №71 орта мектеп директорының міндетін атқарушы Лаура Досқожа.

Ол демалыс орнынан қаладағы білім беру мекемесі де бейхабар. Мекенжайын да ешкім білмейді. Мәселенің мән-жайын қазір тиісті орындар анықтап жатыр. Мектеп басшылығы болса, осы жағдайдан кейін теологтар мен арнайы ұйымдардың мамандарын шақырып, тәрбие сағаттарын өткізуді қолға алған. Ал облыстық дін істері басқармасының басшысы болса, тәркіленген әдебиеттерді әлі өзім көргенім жоқ деді. Дегенмен кімдерге тиесілі болуы мүмкін деген болжамын айтты.

«Біздер қазір бұл діни кітаптардың қайда таратылғанын, қандай діни бірлестік бергенін анықтап жатырмыз. Білуімізше, бұл діни бірлестік інжілдік-христиан баптистік ұйым. Бұл діни бірлестік 2012 жылы ресми тіркелген», - дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев.

Басқарма басшысы егер діни ұйым өкілдері әдебиеттерін көшеде емес, ғибадатханаларының ішінде тарататын болса, ол заңға қайшы еместігін айтты. Дегенмен болған жайтты егжей-тегжейлі тексеріп, барлық жайтты анықтайтын боламыз деп отыр.