Ақтөбелік экс-полицей "Зена" әлемдік байқаудың тәжін иеленді (фото)

06 ноября, 11:14
0 1

Ақтөбелік 37 жастағы бұрынғы полицей, жол полициясында қызмет еткен алғашқы нәзік жандылардың бірі - "Зена" лақап атымен танылған Жанат Мырзабек Түркияда өткен "Miss International 2019" сұлулық байқауында тәжге ие болды деп хабарлайды "Диапазон" газетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Жанат полицияда 14 жыл қызмет еткен. Жұмыстан 2 жыл бұрын шығып кетіпті.

Сол кезде оған және құрбысына қатысты сот болған. Ол жол ережесін бұзған танысына көмектескен.
Жұмыстан шығып, сот процесі аяқталған соң, әйелдің өмірі түбегейлі өзгеріпті. Ол - сұлулық ханшайымы болып кеткен.

Жанат "Miss International 2019" байқауының тәжін, сондай-ақ "Top Model 2019" атағын жеңіп алған. Енді оны "Әлем аруы" байқауы күтіп тұр.
Аяқ астынан қызметінен кетіп қалған Жанаттың жұмыс іздеуде ешқандай мәселесі болмапты.

Оны бірнеше рет заңгер немесе адвокат ретінде, тіпті қауіпсіздік қызметінде өз біліктілігін танытуға шақырған.

Алайда "Зена" өзіне таңсық, мүлдем басқа жолды таңдайды.

Ол - дұрыс тамақтану және салауатты өмір салтын ұстайтын клуб ашады. Бір кездері артық салмақтан арыла алмай жүрген ол 60 келіге дейін арықтайды.

Ақтөбелік Зена сұлулық байқауына Түркиядағы танысының өтінішімен қатысқан. Ұсынысқа алдымен күмәндана қараған ол, туыстарының сөзін жерге қалдырмапты.
Зена әлемнің 20 елінен келген 100 арумен бақ сынасқан. Сөйтіп, басты тәжге ие болған ол 370 мың теңге жүлде алыпты.

Осы жеңістен соң, Жанатты Вячеслав Зацевтің сән көрсетіліміне қатысуға, сондай-ақ бағын "Әлем аруы" байқауында сынап көруге шақырған.

Жанат полициядан кеткеніне өкінбейді. Ол қазіргі өміріне дән риза.