Айдар Тұрғанбек: Анамның батасын алмай үйден шықсам, ауыр сынақтар басталады

02 ноября, 16:45
0 1

“Жігіттер” квартетінің әншісі Айдар Тұрғанбек үйден анасының айтқанын тыңдамай, батасын алмай шықса, күнінің сәтсіз өтетініне нық сенімді. Бұл туралы ол "Асыл арна" арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ананың разылығы — Алланың разылығы деген ұстанымы бар өнер иесі жол болмау, сәтсіздіктерге ұрыну сынды қиындықтарды отбасылық жағдайлармен байланыстырды. Нақтырақ айтқанда, әншінің пікірінше, адам ата-анасымен қарым-қатынасын суытса, анасының батасын алмаса, сәтсіздіктерден құтыла алмайды.

"Басымнан өткен азғантай оқиғаны айтайын. Анам Алматыға келіп тұрады. Қазір үйде. Мысалы, мен азанда үйден шығып бара жатып, анамның тілін, батасын алмай кетсем, ауыр сынақтар басталады. Көлігім оталмайды, бағдаршамда кептелісте тұрып қалғанда жан-жағымдағы адамдармен ұрысып қалатын жағдайлар болады. Сол үшін ең бірінші, Алланың разылығы - ананың разылығында дейді. Сондықтан үйден шыға берісте айтылатын дұға бар. Сол дұғаны айтсаңыз, анаңыздың батасын алсаңыз, күні бойы жолыңыз ашық болады", — дейді әнші.

Сонымен қатар, Айдар Тұрғанбек күннің сәтті өтуі үшін ана батасын алған соң, үйден шығарда намаз оқып, Жаратқаннан барлық істерге береке беруді сұрауға кеңес береді.