Біздің ұстаздар неге жылайды? Ұстаздар күніне арналған жүрек тебірентер видео

06 октября, 10:59
0 1

Біз мектептегі білім беру жүйесін жиі сынаймыз, мұғалімдерге қателіктері, сауатсыздығы, оқушыларға қарым-қатынасы үшін ұрысамыз. Бірақ бүгін біз Stan.kz оқырмандарына ұстаздық ету — ең қиын әрі табандылықты талап ететін мамандықтардың бірі екенін еске салуды жөн көрдік. Ұстаздарды бағалаңыз — олар біздің құрметімізге лайық.

Бұл бейнероликте мұғалімдер журналистерге жұмысындағы жүрек тебірентер естеліктерін айтып берді.

Сафура Темурбаева — Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі

Ұстаздық қызметке жиырма жасымнан араласа бастадым. Сол кездегі оқушыларымыз маған анасындай ерекше мейіріммен қарады. Жас болсам да, жас деп есептемесе керек, кейде тіпті "мама", "анашым" деп сөйлейтін. Сол оқушыларым он бірінші сыныпты бітіргеніне төрт-бес жыл өткен еді. Әлгі балаларды сағынып, жабырқап жүрген кезімде бір шәкіртім қоңырау шалып: "Анашым, анашым, сіз немерелі болдыңыз", — деді. Сол сәтте көзіме жас алып: "Не дедің? Қайталашы", — деп бірнеше рет сұраппын. Бірінші рет шәкіртімнен сондай сөзді есту маған үлкен мәртебе болды. Мен мұны қуаныш жасы деп ойлаймын. Сондай, тамаша, ерекше күй кештім. Расында, ұстаздықтың құдыретті мамандық екеніне тап сол кезде көзім жеткендей болды.

Айкүміс Бесірова — Бастауыш сынып мұғалімі

Оқушыларымның кейбір ойларынан көзіме жас келетін кездер болады. Әке, ана тақырыбында өлеңдер, әңгімелер өтетін кезде баланың жүрегін ауыртпай түсіндіруге тырысамын. Әке, анасын іздеп, көзіне жас үйірілетін баланы көргенде, тақырыпты қалай өтсем екен деп шашынан сыйпап, маңдайынан сүйіп тұрып ойланамын. Сол уақытта өзімнің жаным жылап, көзіме жас үйіріліп тұрады. Балалар періштедей ғой, ойлары тап-таза. Олардың алдында отырып, жамандық ойлаудың өзі күнә. Бала қиялының шексіздігі сондай, өзімнің ойыма келмейтін ғажайыптарды айтып таңғалдырады. Сол кезде де көзіме жас келеді. Сондай-ақ, мамандығыма деген шексіз махаббатымды ойлаған сәттерде көңілім босап кетеді.

Дәурен Сағынғалиев — Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі

Негізі, өзім мұғалім көп жағдайда эмоцияға қатты берілмеу керек деп ойлаймын. Мектеп қабырғасында ұстаздық етіп жүрген ер азаматтарға эмоциясын сыртқа шығару қиын іс. Дегенмен, барлығын ішімде сақтап жүру оңай емес. Мен үшін ерекше бір эмоционалды жағдай түлектерім ҰБТ-дан ең жоғарғы көрсеткіш көрсетіп, республикада көш бастаған кезде болды. Бұл — мен үшін ең бақытты, ең әсерлі, ең тебіреністі, толғанысты әрі еріксіз көзіме жас әкелген сәт еді. Осы сәттерді мен жадымда мәңгі сақтаймын деп ойлаймын.

Баласұлтан Берікханов — География пәнінің мұғалімі

Мен Семей қаласында жұмыс істейтін кезде нашар оқитын қыз баланы дайындап жүрдім. Ол маған дайындыққа оныншы сыныпта оқып жүрген кезде келді. Досым екеуміз оқушыны география мен математикадан дайындадық. ҰБТ-дан шыққан кезде әлгі оқушы ата-анасының емес, біздің қасымызға келіп, рахметін айтып жылады. Сол сәтте мен де қуаныштан көзіме еріксіз жас алдым.