Биыл жаңа оқу жылына қанша грант бөлінді?

25 июля, 20:56
0 1

 ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің төрағалық етуімен білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық комиссия өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Республикалық комиссия отырысында ҚР жоғары оқу орындарына қабылдау бойынша үлкен дайындық жұмысының қорытындысы шығарылады. Биыл білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалады. ЖОО-ға қабылдау кезінде түсуші одан әрі қарай оқу үшін нақты білім беру бағдарламасын таңдайды.

«2019-2020 оқу жылына 53 785 грант бөлінді. Конкурсқа 64 452 түлек қатысуда. Әсіресе, инженерлік, IT-бағыттағы оқыту бағдарламаларына сұраныс жоғары. Мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің 47%-дан астамы инженерлік, өңдеу және құрылыс және IT-технологиялар саласына бөлінген. Бұл гранттарды ең лайықты талапкер жеңіп алады деп үміттенеміз», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова.

Атап айтқанда, 8276 грант педагогикалық ғылымдарға, 4088 грант – жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға, 2200 грант – қызмет көрсетуге, 1615 грант – өнер және гуманитарлық ғылымдарға, 2435 грант – ауыл шаруашылық ғылымдар және ветеринарияға және 2183 грант – әлеуметтік ғылымдар, бизнес және экономика салаларына бөлінген.

Сонымен бірге, вице-министр биылғы грант бөлінісінің ерекшелігі туралы айтып берді.

«Өткен жылы «Жоғарғы оқу орындарының акаедмиялық және басқару дербестігі туралы» Заң қабылданды. Сондықтан, биыл ЖОО-лар білім беру грантын алу үшін өз білім беру бағдарламаларын жасап шығарды. Биылғы ең басты жаңалық – осы. Тәжірибе мен құжат қабылдау қорытындысы көрсеткендей, біздің талапкерлер білім беру бағдарламалары бойынша дұрыс таңдау жасауға тырысты», - деді Ф. Жақыпова.

Конкурс 5 тамызға дейін қорытындыланады. Грант иегерлерінің тізімі баспа және электронды БАҚ-та жарық көреді.

Sn.kz