Жастар елден неге кетеді

11 июля, 09:39
0 1

 Қазіргі кезеңде әлем бойынша көші-қон, оның ішінде жастар көші-қоны ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бүгінгі күні түрлі саяхаттарға аттану, әлемнің кез келген жеріне көшу немесе тұрғылықты жерлерін өзгертуге мүмкіндіктер мен жағдайлар баршылық. Тек соңғы ширек ғасырда дүние жүзіндегі көші-қон көлемі 2,5 есеге өскен; әлемдегі мигранттар саны 250 миллионнан асады.

Көші-қон қозғалысының негізгі қатысушылары – 16 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар. Орталық Азия елдері бойынша, 2017 жылы Қазақстанда 14-29 жас аралығындағылар жалпы тұрғындардың – 25%, Қырғызстанда 14-35 жас аралығындағылар – 33%, Өзбекстан мен Тәжікстанда 18-24 жас аралығындағылар 31%-ды құраған. Тұрғындардың дәл осы бөлігі – көші-қон легіне белсенді қатысатындар. Әлеуметтік зерттеулер қорытындылары, жоғарыда аталынған елдердің жастары өзара ынтымақтастыққа бейім екендіктерін көрсеткен.
Дамыған елдердегі мигранттар 5 пайыздан 10 пайызға дейін өскен. Бүгінгі күні мигранттар саны күн сайын артып келеді. Мұндай көші-қон құбылысына үңілер болсақ, оған әсер ететін себептер де әртүрлі.
Бірінші себеп. Әр құрлықта халық санының өсуі әрқалай. Әсіресе, соңғы кезеңдерде туу көрсеткіші жоғары мемлекеттердің тұрғындарының туу көрсеткіші төмен елдерге қоныс аударуы жиі кездеседі. Оның да алғышарттары бар: жұмыс табу, білім алу мүмкіндіктерін қарастыру және оған қол жеткізу мақсаты алда тұрады.
Екінші себеп. Әлем бойынша мемлекеттердің әлеуметтік-­экономикалық даму әлеуеті мен мүмкіндіктерінің әртүрлілігі. Қоғамның көші-қон легінде бе­йімделу қабілеті неғұрлым жылдам жастар соңғы ақпаратты мәліметтерге көп назар салады және таңдау жасағанда неғұрлым дамыған елдерге назар аударады.
Үшінші себеп. Еуропалық тұрғындардың кәрілену үдерісі жеделдей түсті. Кейбір болжамдар бойынша, 2025 жылға қарай әлем тұрғындарының 47%-ы зейнеткерлер болуы мүмкін деген қауіп бар. Бүгінгі күні еуропалық мемлекеттер зейнеткерлер үшін жақсы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алмайды. Африкада, керісінше, тұрғындар құрамы жас. Жұмыспен қамту мүмкіндіктері бар Еуропа елдеріне қарай қоныс аударушылар, босқындар легі көбеюі мүмкін. Бір қарағанда көші-қон үрдісі ешқандай қиындық тудырмайтын, ауыр зардаптары жоқ секілді болып көрінеді. Бірақ мән берсек, оның күрделі екендігі айқындалады. Көші-қонның жағымды және жағымсыз салдары бар. Жағымды қалып тудыратын тұсы, мигранттар екі ел үшін де пайдалы. Өз еңбегімен тапқан қаржымен отбасыларын асырайды. Басқаша айтқанда, отбасыларына ақша жіберіп қаржылай көмектеседі. Ал мигранттар жұмыс істейтін елдер, әдетте, ақша аударымдарын ұсынудан пайда көреді. Мигранттардың жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби дағдыларын өз елдеріне қайта оралғанда пайдаланатынын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Өз білімін олар басқалармен бөлісіп, күнделікті өмірде белсенді түрде қолдана алады.
Көші-қонның жағымсыз көрініс беретін де сәттері болады. Мигранттар өздерімен бірге әдет-ғұрыптарын, дінін, дәстүрлерін де сол елге әкеледі. Олар келген елдердің орныққан өзіндік салт-дәстүрлері болады. Бұқаралық ақпарат құралдары, кейбір елдердің ба­йырғы тұрғындары мен өзге этникалық топтар арасындағы түсініспеу­шіліктің пайда болуы жөнінде хабарларды да естиміз. Егер мұндай мәселелер дер кезінде шешімі табылып, қарас­тырылмаса, уақыт өте мұндай түсінбеушілік кейін үлкен қақтығыстарды тудыруы мүмкін. Қазіргі таңда көші-қон, оның ішінде заңсыз көші-қон (босқындар жағдайы) Еуропаның кейбір елдері үшін үлкен даулы мәселеге айналды. Мысалы, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия көптеген мигранттарды қабылдап, олардың білім алуына мүмкіндік жасады және жұмысқа орналас­тырды. Бірақ уақыт өте келе, заңсыз көші-қон легі байқала бастады. Осының кесірінен қылмыс деңгейі, нашақорлық және басқа да үдерістер ауқымы өсті. Алайда бұл көші-қон легі тоқтайды деген сөз емес. Ол – әлемде қалыптасқан үдеріс. Жалпы бір қарағанда, жастардың көші-қоны жақсы үміт тудырмайтындай болып көрінуі мүмкін. Өйткені көптеген жасөспірімдер өз елінен, тіпті құрлығынан туған отанын тастап кетіп бара жатқанда, алдында не күтіп тұрғанын түсінбейді. Ал кейбір жасөспірімдер өздерінің мүмкіндіктерін асыра бағалап, жаңа өмірде бәрін де өздері істеу керек екендіктерін ескермей жатады. Бірақ барлық жағдай бірдей емес.
Бүгінгі күні жастар мен ересектердің көші-қоны оңай және қауіпсіз болуын қамтамасыз ету үшін көптеген мемлекеттік және халық­аралық өзара келісім шаралары қабылдануда. Мысалы, Еуропа елдерінің саясаты шетелдіктерді байырғы халықтардың құндылықтарына тартуға бағытталған. Кейбір елдерде, мысалы, Германия­да, көшіп-қонушылар үшін түрлі жобалар жүзеге асырылуда, соның ішінде қосымша тілдік курстар жүргізіледі. Азаматтық беру жүйесі де жеңілдетілді. Бұрын шет елде азаматтық алу үшін, сол елде шамамен он бес жыл өмір сүру қажет болатын. Қазір сегіз жылға қысқартылды. Жастар үшін қазіргі уақытта өзара тәжірибе алмасу мектептері жұмыс істейді. Оған қоса, жас буынға ата-анасыз басқа елге баруға да мүмкіндік бар. Мұндай үрдістер жасөспірімдерді жастайынан тәуелсіз және жауапты болуға итермелейді. Олар шет тілдерін үйренеді, өзге елдердегі замандастарымен танысады.
Қазақстан үшін көші-қон легінің өте белсенді болған тұсы тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығы болатын. Жалпы сараптамалық мәліметтерде Қазақстаннан 4,1 млн адам көшіп кеткендігі, тұрғындар арасынан біліктілер, ақыл-ой иелері кеткендігі, ал елге келгендердің біліктілігінің төмендігі алға тартылды. Мұның негізгі себебін әлеуметтік-экономиканың төмендеуі, кедейленумен қатар, әлеуметтік көтерілу сатыларының жоқтығымен, тілдік фактор, трайбализм және басқалармен байланыстыру басым болды.
Расында, Кеңес одағы құлағаннан кейінгі жағдай қалай еді? Бір сәтте тәуелсіз елдің экономикасы өрлеп кетуі мүмкін бе еді? Әрине, мүмкін емес. 1990-шы жылдардың басында тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін орнату күн тәртібінде тұрды. Дәл осындай қиын тұста Қазақстанда техника мен технологияны меңгерген, жоғары білікті мамандар өзге ұлт өкілдері болатын. Олар елге қажет еді. Алайда олардың басым бөлігі тарихи Отанына қайтуға таңдау жасады. Осылайша 1990-шы жылдардың басында Қазақстан экономикасының дамуына қажетті инженер-техниктер, дәрігер, мұғалімдер отбасыларымен өз Отандарына көшті. Мұндай көші-қон легіне қарсы тұру, әділетсіз болар еді. Себебі олар 1920-1950 жылдар аралығындағы қуғын-сүргінге ұшыраған түрлі этностардың өкілі болатын. Ендеше, мұндай тарихи көшті Қазақстандағы трайбализммен байланыстыру ешқандай сын көтермейді.
Нақтырақ айтсақ, 1991-2008 жылдар аралығында халық­аралық көші-қон бойынша республикаға 1 294,5 мың иммигрант келіп, 3 331, 1 мың эмигрант шекара асты. Бұл кезеңде тұрғындар көші-қонының теріс айырымы 2 036,6 мың адамды құрады. Қазақстаннан қоныс аудару негізінен, Ресей, Украина, Беларусь және Германия елдеріне бағыт алды. Сыртқы көші-қонның негізгі себебі (еңбек көші-қонын есепке алмағанда): тарихи отанына қайта оралу, өздерінің материал­дық жағдайын жақсартуға талпынушылық, мүмкіндіктерін іске асыру және басқа.
Қазіргі кезеңге дейін кейбір сарапшылар Қазақстанның теріскей өңірі тұрғындарының сыртқа көшуін, олардың өмір сүру деңгейі, білім беру, денсау­лық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерінің төмендігімен тікелей байланыстырады. Адам өмірінің мәні болатын жоғарыдағы факторларды алға тартқан дұрыс. Алайда қазіргі жаһандық ауқымдағы дағдарыс­тар аясында Қазақстанның оған қарсы шаралары мен іс-қимылдарды ескермеуге болмайды. Біріншіден, ел ішіндегі бәсекеге қабілеттілікті арттыруға негізделген түрлі оқу орындары мен өндіріс, технологиялық даму қажеттіліктерін қолға алынғанын да ескеру қажет.
Екіншіден, солтүстік өңір тұрғындары ішінде тарихи Отанына көшу легі әлі де толастамайды. Олардың басым бөлігі – Қазақстаннан кәсіби білім алып, маман ретінде қоныс аударып жатқандар. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, Ресейге эмиграция 2012 жылдан 2017 жыл аралығында жыл сайын 22 мыңдай адамды құраған.
Сараптама қорытындылары бойынша елден шетелге кетіп жатқан азаматтардың басым көпшілігі тарихи отанына немесе интеллектуалды әлеует жинағандар тұрақты тұру мақсатында көшкен. Және олардың 90 пайызы тарихи отанына көшкен. Бұл – біріншіден. Екіншіден, көші-қонға қатысушылардың басым бөлігі – еңбекке жарамды қазақстандықтардың белсенді бөлігі (шамамен 30-34 жастағылар). Үшіншіден, 2012-2017 жылдардағы сыртқы көші-қонның теріс айырымы орташа есеппен 10 мың адамды ғана құраған. Осы жылдардағы табиғи өсімді есепке алар болсақ, (жыл сайынғы 259 мың адам өсімі), бұл жалпы тұрғындар санының кемуіне әсер ете алмайды.
Елдегі студент жастардың көші-қон үрдісі бойынша жеке мән беру қажеттілігі артып отыр. Кейбір деректер бойынша Қазақстаннан Ресейге жыл сайын 12,5 мың студент оқуға аттанатындығы, сол сияқты 78 мың қазақстандықтың Ресейде оқитындығы жөнінде мәлімет бар. Қуантарлығы, қазақстандық жастардың басым бөлігі өз болашақтарын Қазақстанмен ғана байланыстырады. Жастар ішінде, этностар ішінде орыстардың Ресейді таңдауы заңдылық болып табылады, сондықтан 67,2%-ы жастар өз тарихи отандарына қайтып оралғылары келетіндігін мәлімдеген. Шетелде болған қазақ жастарының ішінде болашақта өздерін АҚШ-та көргісі келетіндер де бар. Республиканың Қостанай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстары басқа өңірлерімен салыстырғанда, жоғары эмиграциялық көрсеткішті аймақтар болып табылады. Дәл осы жастардың бөлігі болашақта сыртқы көші-қонға басымдылық беруі мүмкін.
Қазақстандық жастардың басым көпшілігі «Болашақ» бағдарламасы туралы ғана ақпараттанған. Әлемдік ақпараттарды игеруге қабілетті жастардың, отандық білім беру жүйесі тарапынан жасалынып жатқан іс-қимылдардан хабары болмауы, отандық ақпараттандырудағы кемшін тұстарды білдіреді. Жастардың алға ұмтылуы, болашағын ойлауы – заңдылық. Егер қазіргі жағдайда ЖОО-да білім беру үрдісі тәжірибелік жұмыс­тармен ұштастырылып, белгілі біліктілік деңгейі нақтыланбаса, жастар тұрақтамайды. Заман жастарды бәсекеге қабілетті болуға үйретіп отыр. Олар өздерінің болашағын тәжірибелі маман болумен, жоғары жалақы, жайлы тұрмыспен ғана байланыстырады. Жастардың шағын және орташа кәсіппен айналысуына заңнамалық негіздер және мемлекет тарапынан қамқорлық, қаржыландыру көздері ойластырылуы тиіс. Сонда ғана жастар кәсіптерін дөңгелетеді.
Ұлттық Экономика минис­трлігі статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2016 жылы Қазақстаннан сыртқа кеткендер саны 34 965 адамды құрады, 2015 жылмен салыстырғанда 16,4 пайызға артқан. Оның ішінде: Ресейге – 28677, Германияға – 2637, Беларусияға – 393, АҚШ-қа – 228, Польшаға – 173, Канадаға – 168 адам. Мұны кейбір сарапшылар лаңкестік әрекеттер және ақшаның құнсыздануымен байланыстырады. Егер жаһандық ауқымдағы мұндай келеңсіздіктерді ескеретін болсақ, жоғарыдағы негіздеулерді басқаша қарастыруға болады. Яғни, жыл сайын жоғарыдағы аталған мемлекеттерге Қазақстаннан магистранттар, докторанттар, тағылымдама алуға кететіндерді де естен шығармаған жөн.
Еуразиялық кеңістікте де қазақстандық жастардың бәсекеге қабілеттілігі, олардың еркін көші-қонына әсер ететіндігін ескерген абзал.
Қарастырылған мәселені қорытындыласақ, Орталық Азия елдері аймағының дамуына бірден-бір әсер етуші – жастардың, яғни жас ұрпақтың жаңаша көзқарасы басымдылыққа ие. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларға, өмір сүру сапасын жақсартуға қаржы құю – адами құндылықты орнықтыруға ықпал жасайды. Біздің елімізде ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология, техникалық, ауыл шаруашылығы салаларының мамандары сұранысқа ие. Мұндай сұраныстағы мамандықтарға жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейі­не дейін көтеру жоспарланып отыр. Демек, мектеп түлектері елден тыс шықпай-ақ біліктілік алуға қолжетімділік артады деген сөз. Мәселе мектеп түлектерінің білім деңгейін игеруінде. Білім деңгейіне бәсекелес­тік – жалпы әлемдік тренд.
Қазақстанның Стратегиялық және мемлекеттік арнайы бағдарламалы аясындағы жобалар – «Дипломмен ауылға!», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты әлеу­меттік жоба шеңберінде «Серпін – 2050» білім беру бағдарламасы қолға алынды. 2014-2016 жылдары республиканың бес өңіріндегі 11 мың жас, елдің сегіз облысындағы 22 ЖОО мен 54 колледжінде білім алды.
Қазіргі кезеңде жоғарыда аталған мәселелердің елімізде шешімін табуға талпыныстар бар. Оның бірі – 2018 жылдың наурыз айындағы Мемлекет басшысының «бес әлеуметтік бастамасына» қатысты халыққа Үндеуі. Қоғамның әлеуметтік бірлігіне негізделген, ел игілігі үшін іске асырылатын жобалар қолға алынуда. Бұл бойынша жастардың баспана алуына, отбасын асырау үшін шағын бизнес­пен айналысуына, жоғары білім алудың қолжетімді болуына жаңа мүмкіндіктер көкжиегі ашылды. Қарманған қалыс қалмайтыны айқын. Бұл мәселелер алдағы жастар жылында қолға алынып, шешімін табады деп ойлаймыз.

Құндызай ЕРІМБЕТОВА,
Мемлекет тарихы
институтының жетекші
ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының
кандидаты