"Көңілім қалды": Мұз айдынында пышақ жарақатынан қаза болған ел чемпионының әкесі мәлімдеме жасады

15 мая, 22:36
0 1

Ел чемпионнын өлтірген қылмыскер жазадан сытылып кетуі мүмкін! Биыл қаңтарда мұз айдынында пышақ жарақатынан қаза болған Мирасбек Дәулетиярдың әкесі істі қарап жатқан полицейлерден көңілі қалғанын айтты.

Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

Тергеушілер арағайындыққа салып, күдікітіні ақтап ала ма деп алаңдайды. Сондықтан істі облыс орталығында тергеуді талап етіп отыр. Шындық іздеп шырылдаған әкенің мұндай мәлімдеме жасауына не себеп? 

Жұмабек Оразалин 4 айға жуық қылмыстық істі қарап жатқан шалқарлық тәртіп сақшыларынан күдігім сейілмей келеді дейді. Тіпті "Адам өлтіру" бабымен қозғалған істі барынша жеңілдетуге тырысып баққандарын да құлағым шалды деп отыр. Тергеу материалдарында түсінбейтін тұстары көп екенін айтады. Мысалы, мұз айдынында көз жұмған баласын енді "ауруханада өлді" деуі тіптен қисынсыз дейді. 

"Шалқардың органдарына сенбеу себебім - ағайын-тумаға салынып, пышақ салатын баланы құтқарып жіберудің амалын жолдарын істеп қойды. Сол себепті мен Ақтөбе қаласында тексеріліп, істі қайтадан қаралуын сұрап келіп отырмын. Өйткені Сабыр Асылбек жасаған қылмысын толық мойындағанымен, оны аффект күйінде жасады қылып, бостандыққа шығарып жіберу амалдары жасалып тұр осы арада”, - деді марқұмның әкесі Жұмабек Оразалин.

15 жастағы Мирасбек Дәулетияр 26 қаңтарда мұз айдынына коньки тебуге барған. Сол жерде екі мектептің оқушылары сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласыпты. Құрбыларының бірі Мирасбектің жүрек тұсына пышақ сұғады. Көп қан жоғалтқан жасөспірім сол жерде қайтыс болған. 

"Әлі күнге дейін тергеу амалдары жүргізілуде, қайталама сараптаманың қорытындысы әлі түскен жоқ. Сондықтан басқа бапқа немесе бостандыққа шығу деген, ондай мәселелер көтеріліп жатқан жоқ", - облыстық прокуратураның бірінші басқарма басшысы Тимур Қыдыралин. 

Көзінің қарашығындай болған үш ұлының ортаншысынан қапияда көз жазып қалған әкенің жүрегі қан жылап жүр. Мирасбек тірі болғанда, әлі-ақ Олимпиада топ жаратын бала еді дейді. Марқұм 63 келі салмақта бокстан ел чемпионы болған.