Солтүстікте «Биохим» зауыты қайта іске қосылды

11 октября, 21:12
0 1

 Солтүстік Қазақстан облысында 8 жыл бойы тұралап қалған «Биохим» зауыты қайта іске қосылды. Өндіріс орынының жұмысын жандандыру бағытындағы бірінші кезең, «Bio operations» крахмал мен желімтік өндіру кешенінің іске қосылуы, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің теріскей өңіріндегі тілшісі.

«Bio operations» СҚО үшін стратегиялық маңызға ие өндіріс ошағы. Жалпы инвестиция көлемі 11 миллиард теңге. Кәсіпорын жылына 300 мың тонна бидайды өңдей алады. Өндіріске тек жергілікті шикізат қолданылады. Зуыттың ашылуына Солүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

«Зауытта 400 адам жұмыс істейтін болады және олардың барлығы жергілікті тұрғындар. 50 мың басқа шақталған шошқа кешені де жұмысын жаңғыртты. Жуық арада Орталық Азиядағы теңдесі жоқ ет комбинаты да іске қосылады. Комбинаттың қуаттылығы 15 мың тонна ет. Болашақта жұмыспен 1000 адам қамтылмақ. Бюджетке жылына 100 миллион теңге салық түседі»,- деді Құмар Ақсақалов.

Келесі жылдан зауыт биоэтанол өндіре бастайды. Биоэтанол бензиннің октан санын көбейтіп, экологиялық таза етеді. Қазір еліміздің мұнай өңдеу зауыттарымен биоэтанолды жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Отандық мұнай зауыттарының Еуро-5 бензинін шығаруға көшкенін ескерсек, отандық биоэтанолға сұраныс көлемі өсері анық.

 

«Инвестиция көлемі 6 млрд теңге. Бұнымен тоқтап қалмаймыз деп ойлаймын. Түрлі амин қышқылдарын өндіретін боламыз, оның ішінде лизин да бар. Экологиялық таза өнім шығару – бүгінгі заман талабы. Зауыт өнімдері жоғары сұранысқа ие болатынына сенімдімін», - дейді «Bio operations» ЖШС-нің бас директоры Сәбит Ахметов.

Зауыт жылына 200 мың тонна бидайды қайта өңдеуге қауқарлы.

Baq.kz