Төтенше жағдай кезіндегі жалған ақпарат жұртшылықты адастырады

10 июля, 17:17
0 1

Ел тарихында мемлекетімізде бірнеше рет Төтенше жағдай жарияланыпты. Осы орайда айта кетерлік жайт, мемлекетке қауіп төндіретін немесе табиғи апат салдарынан, кейде өндіріс орындарында орын алған апат кезінде мемлекет басшысы жариялайтын уақытша режимді Төтенше жағдай ретінде қарастырамыз. Төтенше жағдайды күнделікті осы салаға жауапты қызметкерлердің күшімен жоюға мүмкін емес кезде, ол үшін мемлекет тарапынан арнайы материалдық, техникалық, және қосымша адам күшін талап ететін жағдай орын алғандықтан мемлекет тарапынан төтенше жағдай үшін арнайы көмек көрсетіледі. Жалпы ұлан байтақ жерімізде сейсмикалық тұрғыдан бейім өңірлерімізде жер сілкінісі, қар мен жауын шашыны мол аймақтарда су тасқыны, кен орындарында өндіріс апаттары, сондай-ақ дауыл, боран секілді табиғи апаттар жиі тіркеліп жатады.
Бірақ Төтенше жағдайлар қызметі тарапынан жедел алдын алу жұмыстарының жүргізілуінің арқасында олардан келетін шығын елімізге айтарлықтай зардабын тигізіп көрген емес. Әйтсе де соңғы кездері төтенше жағдай кезінде оның салдарынан гөрі, дақпыртының көп зияны тиіп жататынын аңғарамыз. Сондықтан біз бүгін төтенше жағдай кезінде халықты дүрліктіретін жалған ақпарат беріп, халықтың ашу ызасына тиетін, төтенше жағдайды одан әрі ушықтыратын, төтенше жағдайдың алдын алуға кедергі келтіретін, халық арасында таралатын, жалған ақпарат берудің зиянына тоқталмақпыз.

Төтенше жағдай кезінде ақпараттың ашық болуы заң жүзінде көрсетілген
ҚР Табиғи және техногендік сипаттағы Төтенше жағдайлар туралы заңы елімізде ең алғаш 1996 жылдың 5 шілдесінде қабылданды. Кейін 2014 жылдың 13 қаңтарында аталмыш заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жоғарыдағы заңға сәйкес техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар ретінде өнеркәсіптік, транспорттық және басқа да апаттар, улы радиоактивті, және биологиялық заттардың ауаға жайылуы салдарынан туындаған өрттер, бөгеттердің жарылуы, табиғи апаттар мен тұрғын үйлер мен құрылыстардың бұзылуы салдарынан туындаған жағдайларды төтенше жағдай деп қарастырамыз. Осы заңның 16-бабында Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезіндегі жариялылық пен ақпаратқа арнайы көңіл бөлінген. «Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы ақпарат ұйымдар қызметiнiң қаншалықты қатерлi және зиянды екенi, қажеттi қауiпсiздiк, зардаптар, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шаралар туралы мәлiметтерден құралады. Ол ашық және жария болып табылады, бұқаралық ақпарат құралдары, байланыс және хабар беру жүйелерi арқылы жариялануға тиiс. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында ақпаратты лауазымды адамдардың жасырып қалуына, мезгiлiнде бермеуiне немесе көрiнеу жалған ақпарат беруiне жол берiлмейдi» деп заң бойынша анық көрсетілген. Яғни төтенше жағдай кезіндегі барлық әрекет, ақпараттың ашық болуы заң аясында қарастырылған.

Арыстағы төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат талай жұртты дүрліктірді.
Демек төтенше жағдайдың салдары, төтенше жағдай кезіндегі ақпарат барынша ашық, қолжетімді болуы тиіс. Алыстан мысал іздемей-ақ кешегі Арыс қаласындағы Төтенше жағдайды мысал ретінде келтірер болсақ, төтенше жағдайдың салдары жөнінде ақпарат барынша ашық, жариялы болды. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің өзі келіп, жағдайды мамандар пікірімен сараптап көріп, қаланы түгелімен эвакуациялау қажеттілігін айтты. Соған сай арнайы көліктер бөлініп, тұрғындар көшіріле бастады. Әйтсе де осы уақытта телефонның WhatsApp байланыс желісі арқылы тұрғындарды үрейлендіретін, республика тұрғындарының барлығының зәресін ұшырған түрлі хабарламалар ұялы телефонда тарай бастады. «Арыстың түбінде «луна» жарылғышы бар екен. Ол жарылса бөгетті жарады екен. Бөгет жарылса бүкіл Арысты су шайып кетеді екен. Әлгі жарылғыштың күші Арыс түгілі Түркістан облысын жоқ қылуға шамасы жетеді екен» секілді хабарламалардан соң, Шымкентке қашқан кейбір тұрғындар, Алматыға қарай ағыла бастады. Дүрбелең туып, халық үрейге берілді. Оңтүстік өңірдің халқы ғана емес, өзге де өңірдің тұрғындары жағдайға шын алаңдай бастады. Тіпті кейбіреулер Арыстағы жарылыс деп, басқа елдерде түсірілген біздің елімізге мүлдем қатысы жоқ видеоларды таратып жіберді. Қолдан қолға өткен ақпараттың ешкім анық қанығын тексеруге тырыспастан ары қарай тарата берді. Кейбір халық жағдайды «ашып айтпаған соң», құзырлы орындарды қаралай бастады. Облыс әкімінің өзінің Арыс қаласының аумағын ғана эвакуациялау жөніндегі тапсырмасы, қала тұрғындарына қалаға кірмеу жөніндегі өтініші, қауіп осы аймақта ғана екендігін ашып айтқаны, әлдебіреулерге «аздық» еткен секілді. Осы аралықта әлеуметтік желілерде белсенділер де «билік ашып айтпаған соң халық түрлі жорамалдар жасай бастады. Неге жағдайды ашып айтпайды» деп дүрліге бастады. Шын мәнінде сәт сайын қаладағы жағдай туралы, көшірілгендердің ахуалы туралы ақпарат үздіксіз беріліп жатса да, ұялы телефон арқылы түрленіп тарап жатқан жалған ақпараттың күші басымырақ болып жатты. Үрейге берілген халық арнайы бөлінген тасымал құралдарының барына қарамастан, қаладан жаяу қашып, жағдайды ушықтырды. Осы орайда халыққа төтенше жағдай кезінде өзін өзі қалай ұстау керектігі туралы ақпараттың жеткіліксіздігін байқадық.
Сондықтан мамандарға «төтенше жағдай кезінде тұрғындар өзін қалай ұстауы керек» деген сұрақты қойып, төтенше жағдай ережелерін бір еске түсіріп қойғанды жөн көрдік.

Маман не дейді?
Мырзабек Бекберді, заңгер:
- Төтенше жағдайлар комитетінің сайтында төтенше жағдай кезінде тұрғындардың әрекеті қалай болуы қажет екені егжей-тегжелі жазылған арнайы жадынама бар. Менің ойымша соны тұрғындардың назарына жиі ұсынып, теледидардың жарнамасы арқылы, телефонның ақпарат алмасу құралдары арқылы жиі таратып, насихаттап отыру керек. Әйтпесе халқымыз төтенше жағдай кезінде шынайы, ресми ақпараттан гөрі, жалған, дақпыртқа сенуге бейім. Төтенше жағдай кезінде ең алдымен керегі сабырлық. Өйткені асығыс, сабырсыздық танытып, дүрлігуге жол берген адам қандай да бір қауіпке ұрынуы әбден мүмкін. Аталмыш жадынама да ең алдымен мұндай кезде «сабырлық сақтаңызбен» басталған. «Қатер төнген жағдайда қай жерге паналайсыз. Орныңызда қалуға болмайтын жағдайда қандай жолмен эвакуацияланасыз. Қалай эвакуацияланасыз - машинамен, қайықпен немесе басқадай жолмен. Қолайсыз сәтте машина бұзылып қалған жағдайда не істейсіз. Үйде немесе басқадай орында бас сауғалауға тура келсе, қолыңызда қандай заттар болуы тиіс. Эвакуация кезінде қандай заттарды ала кетесіз». Тиісінше әрекет етіп, қажетті заттарды реттеуге, әдетте, осы алты қағида жеткілікті. Отбасылық құжаттар мен ақшаны кез келген жерге тастамай, өзіңіз оңай табатындай белгілі бір орынға сақтаған жөн. Сонда керек кезінде сіз тез арада оларды таба аласыз. Көптеген жағдайларда адамдардың төтенше жағдай кезінде мертігуі мен қаза болуының бірден-бір себебі шұғыл түрде эвакуацияланудың орнына заттарға бола ұзақ айналшықтауы себеп болып жатады екен. Сондықтан ең қажетті деген нәрселерге ғана көңіл бөлу керек. Сондай-ақ үйде немесе үйдің айналасында газдың немесе химиялық заттардың иісі шықпайтынына көз жеткізіңіз. Күдікті иістерді сезсеңіз, төтенше қызметтерге хабарлаңыз. Барлық уақытта үзілген сымдардан аулақ болыңыз. Кез келген мұндай сым өте қауіпті болуы мүмкін. Ешқашан телефон арқылы келген эмоцияға толы, төндіріп сөйлеген ақпараттарға сенбеңіз. Тек ресми құзырлы орындар арқылы тараған ақпараттарға ғана сенім артып әрекет жасаңыз. Жалпы жалған ақпарат таратқандарға қазір арнайы жаза қарастырылған. Сондықтан өзіңіз көзіңіз жетпейтін ақпараттың ары қарай таралуына себеп болмаңыз!

Мамандар осылай дейді. Расында да Арыс қаласындағы төтенше жағдайға орай жалған ақпаратты таратушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабымен қылмыстық жауапкершілік қарастырылатындығын құқық қорғау қызметінің мамандары қатаң ескертті. Өйткені эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалған. Алайда сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды. Телефон арқылы жоғалған балаларға қатысты түрлі жалған ақпарат тарағанымен, уақыт өте барлық баланың өз туыстарының қолына тапсырылғаны белгілі болған. Алайда телефон арқылы жалған ақпарат таратушылар мәселені ушықтырып көрсетіп, халықты дүрлігуге шақырып отырған.

«101» арқылы да жүздеген жалған қоңыраулар соғылып жатады.
«101» нөмірі төтенше жағдай кезінде ең алдымен іске қосылатын, үлкен де, кіші де білуі тиіс жедел желі. Тегін терілетін бұл нөмір талайлардың өміріне ара түсуге себепші. Алайда аса маңызды саналатын осы нөмір де кейде еріккендердің ермегіне айналып жатады. Ал дәл сол сәтте ол нөмір отқа оранған, немесе аяқ асты төтенше жағдайға душар болған біреуге қажет болып жатуы әбден мүмкін. Оны ескермейтін талай тентек, төтенше жағдай кезінде терілуі тиіс нөмірді теріп, жалған ақпарат беріп, төтеншеліктерді әуреге салып жатады. Көбіне жалған ақпартты балалар беріп, олардың ата-аналары кейін баласы үшін жазасын алады. Осы орайда айта кетейік, қасақана жалған ақпарат үшін ҚРӘЗ 438 бап 1 тармағы бойынша «арнайы қызметкерлерге жалған қоңырау шалу»- физикалық тұлғаларға 30АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Әкімшілік жауапкершілік әкімшілік құқықбұзушылық жасау кезінде 16 жасқа толған есі дұрыс адам тартылады. Жалған ақпаратты 16 жасқа толмаған жасөспірім жасағаны анықталса, олардың ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға ескерту немесе 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Өкінішке қарай статистика көрсетіп отырғандай «101»-ге келіп түсетін қоңыраулардың 80 пайызы жалған екені анықталған. Балалардың бос уақыты көп болғандықтан, ерігіп сол нөмірді тере салуы, ұялы телефонмен 101 нөмірін кездейсоқ теруі, байланыс оператормен сөйлесуді қызық көргендер де ьұл әрекеті үшін арнайы жаза барын сезіне бермейді. 101,112 телефондарына келіп түскен әрбір жалған қоңырау шалулардың артында расында көмекке мұқтаж жағдай болуы мүмкін. Сондықтан төтеншеліктер келіп түскен әрбір хабардың рас-өтірігін тексеру үшін, көмекке ұмтылады. Ал бұл мемлекет үшін қосымша шығын саналады. Негізі 101 қызметіне келіп түсетін жалған қоңырауларды екі топқа бөліп қарастыруға болады. Мәселен судан көтерілетін буды немесе қандайда бір түтінді отқа ұқсатып 101 ге қоңырау шалулары мүмкін. Мұндай қоңыраулар жалған болғанымен, заңмен жауапкершіліке тартылмайды. Өйткені ол қоңырау шалушының қателесіп, хабарласқанын аңғартады. Ал енді біреулер қасақана қоңырау шалып, әдейіліп, жалған ақпарат беріп, арнайы қызмет өкілдерін адастырып жатады. Мұндай шақыртулар заңмен қатаң жазаланып, жауапкершілікке тартылады. Әрине бүгінгі күні сандық ғасырда жалған қоңырау иесін оп-оңай тауып алуға болады. Қазіргі заманауи технологияның арқасында жарақтанып алған полицейлер қылмыстық құқық бұзушыны көбіне бір тәуліктің ішінде-ақ тауып жатады. Заң аясында телефон бұзақысын жауапкершілікке тартуға да мүмкіндік зор, алайда халқымыз ең алдымен бұл адамдардың өмірі мен ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қосымша шығын келтіретінін, қоғам үшін қажетсіз шаралар екенін жан-тәнімен түсініп, құқықтық тұрғыдан сауатын арттыруы керек. ІІМ дерегінше, өткен жылы елімізде жалған ақпарат таратудың 50-ге жуық дерегі тіркелген екен. Бұл осынша рет төтеншелік мамандардың себепсіз сабылғанын білдіреді. Осы орайда айта кетер жайт, Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде "Луна" бомбасы туралы ел ішінде жалған ақпарат таратып, барша елдің дүрлігуіне себепкер болған, осы өңірдің тұрғыны кеше ғана халықтан кешірім сұрады. Егде жастағы апаның бұл қадамға не үшін барғаны белгісіз. Алайда қандай жағдай болмасын оның ісіне кешіріммен қарап, құзырлы орындар істі жауып тастамақ емес. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде, жақын күнде аталмыш қала тұрғыны жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіргені үшін 250 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмысқа тартылып, жазаға ұшырауы мүмкін. Сондықтан жалған ақпарат берген жанның жазасыз қалмайтын ескеріп, ендігі жерде төтенше жағдай кезінде "жауа жағадан алғанда, бөрі етектен аладының кебін кимеуді" құқық қорғау органының қызметкерлері қатаң ескертеді! Өйткені төтенше жағдай кезінде жалған ақпараттың жолы ауыр!

 Қуаныш Ерсұңқар