Азаматтарға зейнетақы жинағын басқаруға мүмкіндік беру керек – Тоқаев

15 қаңтар, 13:36
698

Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі түрлі салалардың қарқынды даму процесіне қарамастан, адами даму индексінің көрсеткіші бойынша Қазақстанның әлі де әлеуметтік саясаты ақсап тұрғанын мәлімдеді.

«Әртүрлі әлеуметтік топтар мен аймақтар арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту керек. Бұл тұста қызметкерлерді қайта оқыту және тұрақты жетілдіру бойынша жаңа саясат қажет. Осы мақсатта арнайы ұлттық жобаны әзірлеп, іске асыру тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Осы жылдың ең маңызды саласы атанған  денсаулық сақтау жүйесі де мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Осыған орай президент парламентке бірқатар бастамаларын айтты.

«Отандық денсаулық сақтауды жаңғыртудың маңызы ерекше. Пандемия жағдайында бұл мәселенің өзектілігі айқын болды. Бұл міндет Парламент депутаттарының бақылауында болуы тиіс. Денсаулық сақтау жүйесі пациенттерге бағдарлануы керек. Олардың мүддеcін, денсаулығы мен өмірін бірінші орынға қоюы тиіс. Мұндай модельге көшу - дербестендіру, сандық құралдарды енгізу осыған байланысты аурулардың алдын алу мен ерте диагностикалауға негізделген превентивті медицинаның дамуы ерекше рөл атқарады», - деді Президент.
Мемлекет басшысы жолдауында атап өткен бұқаралық және балалар спортын дамытуда Үкімет бірқатар міндеттерді орындауы тиіс екендігін сөз етті,

«Бұқаралық және балалар спортына ерекше назар аудару керек. Бұл стратегиялық маңызы бар басым міндет. Менің тапсырмам бойынша Үкімет бұқаралық және балалар спортын қаржыландыру тәсілдерін қайта қарады. Аталған бағыттар үлкен ресурстармен қамтамасыз етіледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда зейнетақы жүйесі де маңызды құралға айналып отыр. Осыған байланысты Тоқаев аталған бағытты дамытуда тиімді тетіктер қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

«Біз өте маңызды реформаны &ndash зейнетақы активтерін ішінара алу және пайдалану мүмкіндігін іске қостық. Азаматтарға өз жинақтарын түрлі құралдар арқылы басқаруға мүмкіндік беру қажет. Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде. Ол сапалы заңнамамен қамтамасыз етілуі керек», - деді Тоқаев.