Қасым-Жомарт Тоқаев Бейсен Құранбектің жақындарына көңіл айтты

18 мүмкін, 21:40
0 1

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі журналист, "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбектің қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

 

Бұл туралы ел президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

 

"Белгілі журналист, танымал тележүргізуші Бейсен Құранбектің дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Бейсен Құранбек қазақ журналистикасында өзіндік орны бар, кәсіби қолтаңбасын қалыптастырған азамат еді. "Қазақстан" ұлттық телеарнасындағы "Айтуға оңай", "Қарекет" бағдарламаларын жүргізіп, елдің ыстық ықыласына бөленді, халықтың алғысын алды. Ол Алматы облыстық "Жетісу" арнасының директоры ретінде білікті басшы, ұтқыр ұйымдастырушы екенін де көрсете білді. Марқұмның топырағы торқа, жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын!", – делінген жеделхатта.

 

Еске сала кетейік, бүгін, 18 мамыр күні белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбектің қайтыс болғаны хабарланды. Қаралы хабарды бірқатар отандық журналист жеткізді.